Алматыда көлік кеңесі құрылады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Сарапшылар қауымдастығы және белсенді қалалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту, бірыңғай ІT платформасын құру, Vizion Zero бағдарламасын өзектендіру, көліктің микромобильді түрлерін дамыту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін күшейту үшін қауіпті жерлерде – жаяу жүргіншілер өткелдерінде, балабақшалар мен мектептердің жанында, сондай-ақ аулаларда көліктердің жылдамдығын жасанды түрде төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады. Аудан әкімдеріне аула аумақтарын абаттандыру кезінде осы ұсыныстарды ескеру тапсырылды.

Бұдан өзге, қиылыстардағы визуалды шуды жою үшін қазіргі кезде жарнама құрылғылары жауып қалған жол белгілеріне назар аудару керектігі айтылды. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қала көшелеріне жарнама қабырғаларын орналастыру ережелері әзірленеді.

Бүгінде қалада жолдардың жағдайы, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, белгілер мен жолақтардың орналасуы туралы мәліметтер базасы жоқ. Цифрландыру басқармасына ІТ кеңесімен бірге өзекті деректерді алуға, жол жұмысшыларының, полицияның жұмыстарын үйлестіретін әрі қауіпсіздікті күшейту үшін жедел шешім қабылдауға ықпал ететін бірыңғай онлайн платформа әзірлеу тапсырылды.

Кездесу барысында Vizion Zero бағдарламасын өзектендіру, көлік стратегиясын жасауды жеделдету және белсенді қоғамдастық пен қала билігі арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды.

Аталған жұмыстарды үйлестіру және тиімді шешімдерді әзірлеу үшін мегаполис әкімі жанынан көлік кеңесі құрылады, оның құрамына сарапшылар, сала мамандары және қоғам белсенділері енетін болады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button