Тағдырым, саған не істейін?

Тағдырым, саған не істейін?

Тағдырым, саған не істейін?
ашық дереккөзі
Ерте көктемде тулап ағатын келте өзендер болады. Қара жер­дің бетіне тебіндеп көк шыға бастағанда, тебіреніп тасыған өзен­нің асау толқындары жеткен жері­нің бәрін де суға малады. Міне, осы кез­ден бастап дүние жасарып, Та­биғат-Ана жаңа жуылған кілемдей құл­пырып, жалған тіршілікке жан бітеді. Нағыз ақындардың өмірі де ар­насына сыймай ағатын тентек өзен­дердің мінезін еске түсіреді. Құдіреті күшті Алла Тағала оларға қас-қағым сәт­тік қана өмір сыйлағанымен, пе­ше­несіне бұйырған азғантай ғұмырының ішінде олар поэзия көшін өгіздей өрге сүй­реп, қыруар жұмыс тындырады, әр ізгі жанның көкірегінде жарық сәуле­сінің ізін қалдырады.  width= Поэзия – имандылықтың нұрына шо­мыл­ған Алланың мейірімі. Құдіретті лири­ка­ның жұмбақ сырын сөзбен түсіндіріп беру әс­те мүмкін емес. Монтень айтпақшы, поэ-зия – адамның санасынан да биік тұрған құ­дірет. Жүрегінен жыр бұлағы төгілген шайыр­ды да ұлы Жаратушы өзінің бар еке­нін екі аяқты пендесіне ұғындыру үшін жа­рат­қан. Қазақтың аса көрнекті ақыны Кеңшілік Мыр­забековтің дүние саларының алдында жаз­­ған ақырғы өлеңі жоғарыдағыдай сөз­дерді айтуға ойтүрткі болып отыр. Тағдырдың ноқтасын басына салғызбай сүй­регісі келген арғымақ ақын көз жұм­ған­нан бері отыз жылдай уақыт болып қалды. Ширек ғасырға жуық мезгіл ішінде жыр тұл­парының рухани дидарын сағынып жазыл­ған естеліктерде жора-жолдастары, қалам­дас­тары мен сапарластары «Кеңшіліктің өмірі тым қысқа болды» деген мағынадағы әңгімені жиі айтумен келеді. Әрине, мұндай сөз­дердің тай-құлындай тебісіп өскен за­мандасын ажалға қимағандықтан, жүректі жұбату үшін айтылып жатқан әңгімелер екенін жақсы түсінемін. Бірақ, менің ойым­ша, кез келген талант өзінің ақындық таби­ға­тына тән өлшемнен артық өмір сүре ал­майтын болса керек. Бұл жайында ақынның өзі де жақсы айтып кетіпті. Бәрі өлшеулі, Деміңе дейін өлшеулі. Тағдырдың салдар-себебіне дейін өлшеулі. Жаялық-құндақ, тал бесігіңе дейін өлшенген, Жастанар құйттай жеріңе дейін өлшеулі.... Кезінде орыстың ұлы шайыры Сергей Есе­нин «Нағыз ақынға ұзақ өмір сүру жарас­пай­ды» деген екен. Ақындық шабытпен, бәл­кім бір еркелікпен айтылса да, осы сөз­дердің астарында бір қорқынышты шындық жат­қандай ма, қалай? Расында да тіршіліктің тартқызатын тауқыметі аздай, өміріңді өлең өртіне тастай салу, ажалмен бажа болғанмен бір­дей ақымақтық емес пе осы? Соған қара­мас­тан «Ақындар неге аз өмір сүреді?» деп жатамыз-ау, кейде Жаратушыға өкпелеп. Құ­дайым-ау, ұлы өнер үшін өзінің жанын аямай, отқа да, суға да салып, табанымен та­лай шоқ басып: Өлімнің бәрі бірдей ме, Жо, жо, жоқ, оған қарсымын. Мен өлсем ертең гүлдейді Тамырым мен менің талшығым, – деп өлімнің өзімен тәжікелесіп, тағдырдың ноқтасын басына салғысы келмей сүйреген ақын­ның ұзақ өмір сүруі мүмкін бе, өзі? Әй, қайдам? Асылы, дүниеден ерте озған талантты ақын­дардың өлеңдерінде орындалмай қал­ған арман аңсары, махаббатымен бірге: Тәубаңа мені түсірсеңші, Өмір, Таупиық маған берсеңші! Тазалығымды түсінсеңші, Өмір, Сенбесе де ешкім, сен сенші! деген тұрғыдағы сәбидің кіршіксіз жүре­гін­дей тазалығы да жатады. Жалпы, біздің әдебиетімізде «Нағыз ақын өмір­ді жырлауы керек» деген сипаттағы жал­ған ұғым қалыптасқан. Шын мәнісіндегі ақын өмір емес, өлім туралы көбірек тол­ға­нады. Өлімді еске түсіру арқылы, өмірдің кө­зінен жас сорғалатады. Поэзия пайғам­бары Абайдың өзі: «Өлсем – орным қара жер, сыз болмай ма» деп тебіреніп, жыр толғады емес пе? Ал ұлы Мағжан: Мен де тезірек өлейін, Әлі жаспын демейін. Келші өлім, тезірек! Жан ұшудан тоқтады, Жынданып қайта соқпады, – деп, неге аласұрды? Неге? Немесе ұлы Байрон: О, дариға, О, пейіштің ішінде Жаның өлмей, Қалса сүю кешінде, Рас болса, қауышарсың есен-сау Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе, – деп өмірден гөрі, өлімге неге ынтықты? Себебі, ақын Құдайдың кішкентай кө­рі­нісі болғандықтан, өлімді жырлау арқылы Тәңір­дің елесін еске түсіреді. Ұлы Толстой айт­пақшы: «Өмір дегеніміз – өлім» Өмір де­геніміз – пендешілік тағдырыңа мойынұсыну немесе өзіңнің әлсіздігіңді сезіну ғана. Ал ақын өмірдің мұндай заңдылығына ба­ғынғысы келмейді. Сондықтан оның ноқ­таға басы маталып, аласұрған жанын тек өлім ғана жұбатып, тек өлім ғана тыныш­тан­дыра алады. Ақын үшін өлім – Құдайдың ру­хани дидары. Ұлы ақындардың ең атақты өлең­дерінің бәрінде де Құдайға деген сағы­ныш жатады. Ақынның сондай әйгілі өлеңдерінің бірі – «Жұқарған менің жүйкелерім-ай» атты ең ақырғы жазған лирикалық шығармасы. Жұқарған менің жүйкелерім-ай, Үйкеледім-ай сендерді. Сүйкенбес жерге сүйкегенім-ай Көтеріп көкке кеудемді. Сүйемес жерге сүйеп денемді, Сүлдерім сүйреп құтылдым. Сайтанды сезім иектегенде Санадан ноқта сыпырдым. Санадан ноқта сыпырдым-дағы, Санаттан кейде сытылдым. Өрекпіп, өршіп құтырдым-дағы, Өмір – есептен ұтылдым. Бір оқыған кезде өлең жолдары ақынның өмірден жеген опық-өкініші мен нала-мұңын еске салады. Бірақ ақиқатында ғұмырының үзілер, дәм-тұзының таусылар сәтінде жазған соң­ғы бәйіт, мына жалған дүниемен қош­та­сып, өмірмен ең ақырғы рет бақұлдасар ал­дын­дағы ақынның реквиемі іспеттес туынды. Зады, ақындық жаратылыстың Тәңірі тек­тес құбылыс екенін әркім біледі. Олардың өй-өрісі, түйсіну сезімі Құдайлық санаға жете ал­мағанымен, ерекше жаратылған. Міне, сон­дықтан талантты ақындардың бәрі ғұмы­ры­ның аяқталар сәтін жан-тәнімен түсінеді. Ақын­дық жүрекке Жаратқан иесі ажалдың ты­қыры таянғанын ерекше сездіртеді, осы сәт­те ол үшін өз ғұмырын созудың бір-ақ жо­лы бар – өмірмен қоштасып, соңғы рет бақұл­дасып қалу. Ақынның ақырғы тілегіне Жаратқан иесі қысымшылық жасай алмай­тын болса керек. Өмір – есептен ұтылдым-дағы «Опасыз – ол» деп, опындым. Тәттісін сезіп жұтындым-дағы Көбірек таттым қату-мұң. Тәттісі неге тіл үйіреді, Ащысы неге ашутас. Күндерім болды тірі мен өлі, Аражігі, әттең ашылмас. Байқадыңыз ба, лирикалық шығарма өт­кен шақ формасында жазылған. Өмірімен қош­тасып жатқан кейіпкер лирикалық шы­ғармада дүниеден өткен адам кейпінде сөй­леп тұр. Эдуард Гартманның еріктен тыс фи­­­­лософиясының («философия бессоз­на­тель­ного») заңдылығына сүйенсек, бұл жер­дегі лирикалық қаһарман ажалының кел­генін жан-тәнімен сезді. Әрине, бұрын-соңды жазылған шығармаларында да ақынның өліммен іштей монологқа түскен сәттері аз емес. Бірақ ол шығармаларында лирикалық кейіпкер ажалдың бар екенін ғана мойын­дайды, оның есігінен аттағалы тұрғанын мойындамайды. Сөзіміз дәлелсіз болып шық­пауы ақын жырларынан мысал келтіре ке­тейік: Пендеміз ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ, Сені де кейде үркіткен кездер болып жүр. Елеме оны, қасиетті құсым, көз жұмсақ, Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр. Ақынның әлі сүйегі қатып, бұғанасы бе­кіп үлгермеген қаршадай кезінде, бар-жоғы он алты-ақ жасында жазған «Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі келдің бе?» атты лирикалық шығармасынан ажалдың бар екенін сезіну сәтін ғана ұшыратамыз. Ақын үшін өмір әлі ашылмаған кітап немесе жазылмаған парақ­тай. Ақынға ажал алыстан ғана қол бұлғап қалды. Сондықтан: Қарағым деймін, қайда әлгі бақыт, қайда арман, Басымызға біздің бала жылдарда айналған. Бұлдырап ұшіп, буалдыр кеште кетті ме, Қолға ілікпейтін суыртпақ сәуле сайлардан, – деп, ақынның жаны бақыт іздеп, шарқ ұрады. Немесе: Махаббат бір дерт емес пе еді, қарағым, Өрті емес пе еді назырқау менен наланың – деп, ынтызар жүрегімен өмірден шын ләззат, шын рахат, махаббат дәметеді. Тек анасына жазған бір хатында ғана: Жүрегімді жылуы жібіткенде, Уайымнан да жанамын, үміттен де. Жанып жүріп бір күні өшіп қалсам, Күлім ұшып кетер деп күдіктенбе! – деп, ажалға тәкаппарлана қарайды. Алайда, он сегізде бір гүлі ашылмаған, әлі ештеңе тын­дырып үлгермеген жас жігіттің бұл мі­не­зін түсіндіру қиын. Асылы, ақын осы тұста ажал­ға бір табан жақындап қалғанын өзі де сез­ді. Ажал ақынның басынан сипап, ерке­летіп қойды. Соны түсінген ақын осыдан кейінгі жаз­ған бір өлеңінде: Жүргем жолда, өрде де, ылдида да, Күндер болды малтыққан, құлдилаған. Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен, Бүкіл дүнием мен талай жыл жинаған, – деп секем алып та қалады. Отыз жасында жазған лирикалық шы­ғар­маларынан да осы тектес құбылысты бай­қайсыз, бірақ сонымен қатар ақынның ажалға тым жақындап барғанын да аңғара­сыз. Қарағым, бізді баста да, Қарлығаш дәурен көп тұрмас. Құласақ жер ғой – баспана, Жер бізді көкке лақтырмас. Немесе: Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен, Қаламын аман қалтылдап құйттай себептен. Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып, Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен. Бірақ қалай жазса да, бұл өлеңдерде ақын мен ажалдың арасын бөліп тұрған үлкен қа­шықтық бар. Ал өмірінің соңында жазған ақыр­ғы шығармасында араны алшақтатқан мұн­дай қашықтық байқалмайды. Соңғы жа­зыл­ған өлеңде ажалдың бар екенін мойын­даудан гөрі, оны сезіну басымырақ. Мұнда ақын ажалмен құрдасындай қалжыңдасып немесе қарсыласпайды да, ағынан ақтары­лып бар шынын айтып ақтарылады. Өйткені ажал міне дәл қасына келіп тұр. Тура келген ажал ештеңеге қарамайды. Оған керек бір-ақ нәр­се бар. Ол – ақынның жаны. Соны сезген ақын­ның жалған дүниемен қош айтысар ал­дындағы жазған ең ақырғы өлеңі ерекше бір қасіретті мұңға боялған. Солардың жігін ашпаған сендер, Сорлаған жүгін арқалап. Тигенде талай тасқа меселдер, Қайтқанда тауым шалқалап. Келісу, келіспеу шарт емес. Бірінші жақ­тан жазылғанымен, бұл өлеңде лирикалық «мен» атымен жоқ. Бұл бәйітте Ажалмен ке­лі­сімге келген о дүниелік кейіпкердің жаны ғана бар. Шын мәнінде ақын сол о дүниелік кейіп­кердің сөзін жеткізуші ғана. Томас Эллиот поэзиядағы мұндай құбылысты «ақынның үшінші дауысы» деп атапты. Лирикалық туындыда орыстың ұлы ақы­ны Сергей Есениннің «Қош бол достым, қош дос­тым Аяулым» өлеңімен рухани үндестік бай­қалады. Дегенмен Есенин ажалдың ал­дына саналы түрде өзі барып тұр. Есенин үшін мына жалған тіршілікте қимайтын еш­теңе де қалған жоқ. Қайта ол ажалдың келуін асыға күтеді. Сондықтан да орыстың ұлы шайыры: В этой жизни умирать не ново, Но и жить конечно не новей, – деп, өмі­рі­нің өтіп кеткеніне еш өкінбейді. Қазақ ақынының өлеңінде керісінше өмірге деген құштарлық басым. Ақын мына жа­рық дүниені тастап кеткісі келмейді. Ажал­ды тек мәжбүрсіздіктен ғана мойын­дай­ды. Есенин ажалдың құшағына енуге асық­са, мына өлеңдегі лирикалық кейіпкері тір­шіліктің қас-қағым сәтін де қимайды. Сендердің әрбір талшықтарыңды Шашымды, жұлдым жұлғандай, Жегідей жедім, жаншып жанымды, Жындана жаздап, жынданбай. Жындана жаздап, жынданбай қалдым, Мұң-нала қоздап жүректен. Жүрегім қызыл тудай, байрағым Лүп ете қалған, дір еткен… Жиырма алты-ақ жасында дүниеден өт­кен орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың «Айып­тама мені, Тәңірім» атты лирикалық шы­ғармасы бар. Ақын Кеңшілік Мырзабеков­тің жалған тіршілікпен қоштасар алдындағы соңғы өлеңі де Лермонтовтың осы лирика­лық туындысымен рухтас. Сенбесеңіз салыс­тырып көрелік. М. Лермонтов: Не обвиняй меня, всесильный, И не карай меня, молю, За то, что мрак земли могильный С ее страстями я люблю; За то, что редко в душу входит Живых речей твоих струя, За то, что в заблужденье бродит Мой ум далеко от тебя; За то, что лава вдохновенья Клокочет на груди моей; За то, что дикие волненья Мрачат стекло моих очей; За то, что мир земной мне тесен, К тебе ж проникнуть я боюсь, И часто звуком грешных песен Я, боже, не тебе молюсь. Көрдіңіз бе, Лермонтов жарық дүниені бар­лық күнәсімен сүйеді, тіпті кейде Тәңіріне сыйынбай жүргенін де жасырмай ағынан ақтарылады. Кеңшілік ақынның лирикалық кейіпкері де ажалының ерте келгені үшін еш­кімді жазғырмайды, тағдырына еріксіз көндігеді. Тәңірінен жалбарынып кешірім сұрайды. Себебі, ажалдың ақынмен ойнап отырмағанына оның көзі анық жетті. Жарық дүниеге деген махаббатының адалдығына сендірту үшін ол мына өмірді тастап кетуі тиіс. Ажалдың сұрауы осы. Сондықтан ақын­ның лирикалық кейіпкері өлеңнің соңында жалған дүниеге ерекше бір ынтызарлықпен, ерекше бір қимастық сезіммен қарайды. Оның жанарында тіршілікпен қоштасқысы келмейтін айрықша мұң мен қасірет жатыр. …Білетін мен ғой, өзім емес пе? Өзімнен шошып ес жидым. Айналды рахат көзім елеске Кеш қапылдым, кеш күйдім. Күйігі бойда, күйініші ойда Қиын іс – айла таба алмай. Тәубаға сезім қиылысарда Тәуекел тұғыр бола алмай. Өзімнен өзім алаң боламын, Заманға тағы сүйкендім. Жоғалды жылдар… жоғалмағаным, Тоналған, тозған жүйкемнің. Жоғалды жылдар… жоғалмағаным, Тоналған, тозған жүйкемен. Жұқарып жүйкем, Адам қоғамы, Сүйемін сені, сүйкенем… Өлең аяқталды. Өмір де тоқтады. Ақын­ның жүдеген жүрегі, басын тауға да, тасқа да ұрып не істерін білмей аласұрған тағдыры өлім­нен барып тыныштық тапты. Ақын бақи­лық болып кетті. Бірақ осы өлеңі ар­қылы ол мына жердің бетінде өмірге деген адал махаббатын, фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған мәңгі сағынышын қалдырды.
P.S. Биыл елордада бірнеше көшенің атын өзгертуге байланысты ономастикалық комиссия шешім қабылдады. Комиссия шешіміне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданындағы көшелердің біріне қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің есімі берілетін болды.

Амангелді МЫРЗАБЕК