Телеарна рейтингі талғам таразысы ма?

Коронавирус пандемиясына байланысты жария­лан­ған карантин шектеулері телеаудитория ау­қымын ұлғайтты. Бұл құбылыс әлем елдерімен қатар Қа­зақстанда да байқалып отыр. Карантин шектеулері жұртшылықты үйде отыруға, ірі қалалардағы уақытша жұ­мысшыларды ауылына қайтуға мәжбүрледі. Ин­тернет жылдамдығының нашар болуы немесе ақысын тө­лей алмауы да көрерменді теледидар алдына жіпсіз бай­лағандай.

Тақырыпты зерттеу барысында «Жаңа репортер» сайтының «Медиасын» бөлімінде айдың ең танымал телебағ­дарламалары мен көрермендерді қызықтыратын тележобаларға жасалған шолуды көзіміз шалды. Көрермен сұранысына ие ТОП-10 бағдарлама тізімін Kantar (TNS Central Asia ЖШС) компаниясы ұсыныпты. (Мына сілтемеге өтіп, шолуды қарауға болады: https://kantar.kz/research/television) Компания зерттеуіне сүйенсек, соңғы бір жылда Astana TV те­леарнасынан көрсетілетін үнді се­­­риалдары («Кекеш келін», «Кул­фи»), КТК, «Еуразия бірінші арнасы» те­леарналарының кешкі жаңа­лық­тары, «Астарлы ақиқат» ток-шоуы, «По­ле чудес» бағдарламасы, X-Factor те­лежобасы үздік ондықтан түс­пе­ген. Сондай-ақ, ресейлік сериалдар мен НТК телеарнасынан көрсетілетін толықметражды шетелдік фильмдер, дәлірегі Голливуд фильмдері ТОП-10 қа­тарында.
Көріп отырғанымыздай, бү­гін­гі көрерменнің үнді, тү­рік, кә­ріс сериалдарына қызығу­шы­лығы әлі де жоғары екен. Дегенмен қазақ кө­рер­мені қазақша сериал көрмейді деп айтуға келмейді. Қазір Қазақ­стан­да сериал өндірісі түлеп, қар­қын­ды дамып жатыр. Телеар­на­лардан көрсетіліп, бірнеше маусымға жал­ғасып жатқан қазақстандық се­риалдар бар. Бұл отандық сериал­дар­дың шетелдік сериалдарға бәсекелес бола бастағанын көрсетеді. Жалпы әлем бойынша телесериалдардың қай­та өрлеу дәуірі басталып келе жа­тыр. Оған тағы бір дәлел – те­ле­дидардан көрсетілетін сериалдармен қатар web-сериалдардың көбеюі. Продакшн-студиялар, вайнерлер командасы түсіріп, YouTube-каналда, Instagram-парақшада жариялап жатқан web-сериалдардың да ауди­ториясы ауқымды. Мұны күнделікті қазақстандық YouTube трендке шы­ға­тын сериалдардан байқаймыз.

Жәнібек НҰРЫШ,
медиа маман, «Жаңа репортер» сайтының редакторы:

Саяси хабарларға сұраныс артты

– Карантин шектеулері телеау­дитория ауқымын ұлғайтты. Соған сай аудиторияда таңдау көп. «Теле­ди­дар көретіндер азайды», «Теле­ди­дар көрмегеніме көп болды» деген пі­кірді естігенде «расымен де теле­ди­дар қарамайтындар азайып кетті» деп түсінбейік. Мұнда бәріміз тү­сінуі­міз керек бір жайт бар, үйде тұр­ған теледидарды қарайтын кө­рер­мен саны азайған күнде де олар­дың бір бөлігі сол өнімді телеарна­ның YouTube арнасынан, Instagram парақшасынан көреді. Демек, көрермен ешқайда кетпеді, тек сол контентті алу жолы, тұтыну тәсілін, яғни платформасын ғана өзгертті. Те­леарнаның теледидардан ұсы­на­тын контентін көрмейтіндер сол контентті телеарнаның YouTube арна­сынан, әлеуметтік желілердегі парақ­шасынан қарап жатады. Көбіне мо­байл нұсқада, яғни смартфоннан кө­реді. Мұны соңғы бір жылда те­леар­налардың YouTube арналары­ның жазылушылар саны күрт өс­ке­нінен де байқауға болады.
Жалпы коронавирус пан­де­миясы басталғалы ауди­тория­ның жаңалықтар бағдарла­ма­сына, ақпаратқа деген сұранысы қат­ты өсті. Коронавирус аудитория­ны тартатын магнит тақырыпқа ай­налды. Бұл жағдай Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән болды.
Әлемдік ауқымдағы жағдай болғанда аудитория мейлін­ше телеарналарды қарап, жаңалықты телеарналардан алады екен. Мұны DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мо­ниторинг жүргізу бюросының Қа­зақ­стан азаматтары арасында «Қа­зақ­стандағы пандемия кезінде де­рек­көздердің қабылдануы және са­пасы» тақырыбында жүргізген сауал­намасы да растайды.
Сауалнама қорытындысында бы­лай жазылған.
«Қазақстандықтар коро­навирус­тың таралуы туралы жаңалықты қалт жібермейді. 11 пайыз респон­дент қана COVID-19 жайлы жаңа­лық­тарға мүлде қызықпайды. 43 пайы­зы «өте мұқият қараймын» десе, 28 пайызы «мұқият деуге болады» деп жауап беріпті. Халық коро­на­вирус туралы ақпаратты телеар­на­лардан алғанды жөн көреді екен. 91 пайыз респондент пандемия туралы не­гізгі ақпараттық ресурс ретінде те­леарналарды таңдайды. Респон­дент­тердің үштен екісі (72 пайыз) қа­зақстандық арналарды, бестен бірі (19 пайыз) шетелдік арналарды кө­реді. Телеарналардан кейінгі орынды әлеуметтік желілер (24 пайыз), үшін­ші орынды интернет басы­лым­дар (20 пайыз) алды. Мұндай көрсет­кіш­ке сауалнама әдістемесі себеп болды деген болжам жасауға болатын еді. Алайда қатысушылардың көбі (47 пайыз) 25-44 жас аралығында, ал 65 жастан асқан қатысушылардың үлесі 8 пайыз ғана».
(Сауалнама туралы мына сілтеме ар­қылы толық таныса аласыздар https://www.facebook.com/demoscope/posts/4036365743062815)
Бір айта кетерлігі, телеауди­то­рия­ның ойын-сауық, шоу бағ­­­дар­ла­маларға қызығушылығы бұрын да жо­ғары болған, қазір де жо­ғары, ке­ле­шекте де төмендемейді. Бұ­қараның бір қалауы – ойын-сауық бағ­дарла­ма­лар­ды тамашалап, бір сәт ты­нығу. Ал телеарнаның бір қызме-
ті – көрер­мен­нің көңілін аулап, уақы­тын көңіл­ді өткізуіне септесу. Демек, бұл – қа­лыпты жағдай. Ал тарихи, мә­де­ни, әдеби бағыттағы өнімдердің өтім­­ді­лігіне келсек, мұнда көрер­мен­ді кі­нәлауға болмайды. Сапалы да қы­зық контенттің көрермені әр­дайым та­былады. Мұндағы мәселе сон­дай та­қырыптағы контентті ұсыну­да, фор­­матында, формасында, маз­мұ­нын­да болып отыр.
Телеарналар тарихи, мәдени, әдеби хабарлардың форма­сын өзгертіп, жаңартып, қазіргі тал­ғамға сай етіп ұсынса, ғанибет болар еді. Қазір тарихи телебағдарлама де­­­сек тарихи кадрларды көрсетуден, та­рихшыларды сөйлетуден аса бер­мейді. Әдеби, мәдени бағдарлама де­сек, көбіне-көп сұхбаттасып, сол өнер, әдебиет өкілінің үйіне барып, өмір жолын құр баяндаудан аспай жа­та­ды. Мұндайда сторителлинг, ин­те­рактив және тағы басқа тех­ни­калық тәсілдерді, форматтарды, әдіс­терді қолданып, контент дайын­да­ған жөн. Сонда аудиторияны қы­зық­тырып, елітіп, тартуға болады.
Бір нәрсені ұмытпайық, бүгінгі аудиторияға оқиғаның бел ортасында жүру, бөлшегіне айналу, оқиғаға қатысу ұнайды. Жастар ау­диториясын тартқыңыз келсе, контентті жастардың талғамына сай бейімдеп ұсынған жөн. Сіз іздеген аудиторияның қалауы қандай, олар қайда отырады? Ең алдымен соны тү­сініп, контентті соған бейімдеп ұсын­саңыз, аудитория тартылады.
Карантинде тікелей эфир фор­матын пайдаланушылар қа­тары артып, тікелей эфирге шығып, ха­бар таратып, сұхбаттасты. Әлеу­мет­тік желілерде де (Instagram, Facebook), ZOOM платформасында да, телеарналарда да тікелей эфир кө­бейді.
Тікелей эфир – аудиторияға мон­таждалмаған шынайы­лықты көр­сетіп, оқиғаны сәтінде бақылап, үн қосып, қатысуына мүм­кіндік бе­реді. Осылайша студияға хабарласып, сұрақ қойып, пікір жазып, involvement, яғни аудитория­ның қатысу, араласу эффектісі туады.
Телеарналар да тікелей эфир­дегі ха­барларын көбейтіп, жаңа бағдар­ла­малар жасады. Тұрақ­ты тікелей эфирлердің рейтингі де ұлғайды. Сонымен қатар, соңғы екі-үш жылда, әсіресе 2019 жылдан бері саяси сал­мақты хабарларға, тал­қы­лауларға сұраныс артқан сыңайлы. Мұны те­леар­налардың YouTube ар­н­а­сындағы видеоларына жазылған пікірлерден бай­қауға болады. Ауди­торияның сая­си жаңалықтарды, саяси хабар­лар­ды көргісі келетіні се­зіледі. Алайда те­леарналардың бар­лығы дерлік ауди­торияның сұра­нысын қанағат­тан­дыратын саяси мазмұндағы сұхбат, хабарлар жасай бермейді.
Ал отандық сериал тақырыбы бі­­раз зерттеуді қажет етеді. Міне, сон­­дықтан да «Жаңа репортер» сай­ты­ның «Медиасын» айдарына қазақ­стан­дық сериалдарды талдау ма­те­риал­дарын жариялауды қолға алып жатырмыз. Жақында жариялап та қаламыз.

Гүлнұр МАМАСАРИПОВА,
кино және TV продюсер:

Телеарна аудиториясы ешқайда кеткен жоқ

– Телевизия интернетке бәсеке бола ала ма дегенге келсек, дәл қа­зір­гі сәтте интернеттің күші басымырақ бо­лып тұр. Оны бәріміз де мойын­дай­мыз, көріп отырмыз. Бірақ те­леви­зияның өзінің аудиториясы бар. Интернет жастарды, технократтарды өзіне тартқанымен, телевизияның қалыптасқан классикалық ауди­то­рия­сы бар. Ауылдағы үлкен кісілер, ор­та буын өкілдері және теледидар көру өзінің күнделікті өмір сүру дәс­түріне айналған аудитория бар. Олар ешқайда кетіп қалған жоқ, тек сол аудиторияға қажетті, өзгеше, са­палы дүние ұсынсаңыз, көруге әзір.
Ал телеарналардағы рейтинг шах­мат ойыны сияқты. Жасаған дү­ниеңнің қаншалықты рейтинг бере­тінін білу қиын. Иә, рейтингі ша­ма­мен қандай дәрежеде екенін болж­ау­ға болатын жобалар болады. Мыса­лы, «Келінжанның» 1-маусымы көрермен көңілінен шықты. Әлбетте, оның 2-маусымын көрермен күтіп отыр­д­ы. Демек сериалдың рейтингі мін­детті түрде болады. Рейтинг мак­сималды түрде бола ма, әлде бұрын­ғы деңгейде қала ма белгісіз. Белгілі-сі – жақсы рейтинг беретініне үміт көбірек. Ал жаңа өнім ұсынсаңыз, уайым басым болады. Сіз оны эфирге шығарғаннан кейін көрерменнің көңілінен шықты ма, жоқ па, рей­тинг берді ма деп уайымдап отыра­сың. Қазір жасаған дүниеңнің санға тәуелді болған заманы болды ғой. Кейде өте сапалы дүние деп ойлаға­ның көрерменге «өтпей» қалады.
Маған жалпы телевизиялық рей­тинг жасау жолдары тү­сі­ніксіз. Бұл орайда YouTube алаңы әл­деқайда демократиялы. Қанша көр­сетілім болғанын, қанша пікір жа­зылғанын, трендке шыққанын анық көре аласыз, барлығы көз ал­дыңызда тұрады. Осы арқылы сіз 100 пайыз өзіңізге қажетті ақпаратты ала­сыз. Егер жасаған дүниеңіз өтпей қал­са, өзіңізге өкпелейсіз. Ал теле­ви­зиядағы рейтингті жасап жатқан кім­дер, қандай категория, ол жерде қазақтілді аудиторияның қанша пайы­зы отыр, ауылдың сұранысы ес­керіле ме деген көптеген сұрақ бар. Рейтингке тәуелді адамдар осы күнге дейін оның жасалу техноло­гиясын қанша зерттесек те, сұрасақ та түсін­бей келе жатырмыз. Бірақ бір көзіміз жеткен нәрсе – өніміңіз көп­шіліктің көңі­лінен шықса, міндетті түр­де рей­тинг береді.
Сосын бізде рейтингті бар­лы­ғы­мыз жабылып бөлісеміз. Ол таным­дық бағдарлама ма, сериал ма, шоу ма, бәрібір. Рейтингтің көп­шілігін түріктің, орыстың, үндінің, Голливуд­тың сериалдары мен Дис­нейдің мульт­фильмдері алып кетеді. Осы жерде сіз қазақ тілінде қандай өнім ұсынсаңыз да, рейтинг төмен бола­ды. Осындай бір ішті ашытатын, жү­ре­гіңе тиетін арамза бәсекелестік бар.
Қазір эфирде өзім продюсерлік еткен «Маска» шоуы жүріп жатқанын білесіздер. Бізді Ресейдің, Ұлыбританияның, Украинаның «Мас­касымен» салыстырып жатыр. Кез келген ел ең бірінші кезекте аудиторияға жұмыс істейді. Ресейдің, Украинаның, Ұлыбританияның халқы қанша? Оның жанында Қа­зақ­стан халқының саны қан­ша? Есептей беріңіз. Әр салаға бөлінетін қаржы айналып келгенде сол елдің ЖІӨ-ге келіп тіреледі. Мен Ресейдің «Мас­ка­сының» бюджеті қанша екенін білемін, қазақстандық «Мас­ка» содан 10 есе аз бюджетке жасал­ды. Енді ойлаңыз, егер де маған Ре­сей­дегідей қаржылық мүмкіндік бере­тін болса, шоуды солардың дең­гейіндегідей жасамайтындай бетім қисық, көзім соқыр емес қой. Адамның жасағанын адам жасай алады. Бұл жерде бар­лығы қаражатқа келіп тірелетінін ескеруіміз керек. Мен аз қаражаттың төңірегінде әлем­дік деңгейдегі шоуды техни­калық, декорациялық, жалпы ішкі контенті тура келетін дүние жасау үшін күніне мың өліп, мың тірілдім десем болады. Өйткені ертең шоу эфирге шыққан кезде «Осы қазақтар сендер түк жасамай-ақ қойыңдар­шы», «Қолдарыңнан ештеңе кел­мейді» деп жабылатынын ішіңнен біліп тұрасың. Итің жаман десе намыстанатын қазақпыз. Сон­дықтан тыраштанып, намысқа тыры­сып, жобаңа барыңды саласың. Сенің 24 сағат ұйықтамай жасаған дүниеңді төмпештеп жатса, жүрегің ауырады ғой. Осыны білгендіктен әр жасаған жо­бамның жолында құрбан болуға бармын.
«Маска» жобасы бұрын болмаған, өзгеше форматта. Көрермен кейде болмашы нәрселерге көңіл аударып жатады. Мен көрермендерді айыпта­ғым келмейді, бәріміз кінәлі шығар­мыз. Мүмкін біз көрермендерге бір­сы­дырғы дүние көрсетіп үйретіп қой­дық па екен. «Маска» сияқты ерек­ше дүниенің көрермен көзіне алға­шында басқаша көрінгені де сон­дықтан болар. Жаңа дүниені қа­былдау қашан да қиын ғой. Біз му­зыка, аранжировка, кавер, репер­туар­ға баса мән бердік, сахнада әлеу­меттік маңызы бар, ой салатын қойылымдар болып жатыр. Біз осының бәрін көрерменнің ішкі мәдениетін көтеру үшін жасадық. Басында жаңа өнімді қабылдағысы келмей қанша бұлқынғанымен, алғаш­қы 1-2 шығарылымына сын айт­­қанымен, кейінгі 3-5 шығары­лы­мын көрермен жақсы қабылдады. Шоу эфирге шыққан күннен бастап жақ­сы рейтинг көрсетіп келеді. Бай­қағаным, көрерменнің жаңа дүниені көруге қызығушылығы зор.
Алғаш шоудың қазақстандық нұс­қасын жасау туралы ойланып, кәріс телекомпаниясымен келіссөз жүргізе бастағанымда осы шоуды Қа­зақстанға алып келсем қалай бо­ла­ды деп Instagram парақшамда сауал­нама жүргіздім. Сол кезде көп­шілік продюсерлер мен әріптестерім «Ол шоу бізге «өтпейді», бекерге ша­шы­лып қаласың» деп жеке хабар­ласып жатты. Қазақ көрерменін келте ойлайды деген жаңсақ пікірден алыстау болғанымыз дұрыс. Осы жобаға «Мен жасап көрейін, жеңіл­сем де жер көтереді» деп іске кіріс­кен болатынмын. Жаңашыл­дықтан қорықпай, тәуекелге барға­ныма қазір қуанамын.

Дайындаған
Арайлым
ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button