Телеарна рейтингі талғам таразысы ма?
Телеарна рейтингі талғам таразысы ма?
Коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин шектеулері телеаудитория ауқымын ұлғайтты. Бұл құбылыс әлем елдерімен қатар Қазақстанда да байқалып отыр. Карантин шектеулері жұртшылықты үйде отыруға, ірі қалалардағы уақытша жұмысшыларды ауылына қайтуға мәжбүрледі. Интернет жылдамдығының нашар болуы немесе ақысын төлей алмауы да көрерменді теледидар алдына жіпсіз байлағандай.
Тақырыпты зерттеу барысында «Жаңа репортер» сайтының «Медиасын» бөлімінде айдың ең танымал телебағдарламалары мен көрермендерді қызықтыратын тележобаларға жасалған шолуды көзіміз шалды. Көрермен сұранысына ие ТОП-10 бағдарлама тізімін Kantar (TNS Central Asia ЖШС) компаниясы ұсыныпты. (Мына сілтемеге өтіп, шолуды қарауға болады: https://kantar.kz/research/television) Компания зерттеуіне сүйенсек, соңғы бір жылда Astana TV телеарнасынан көрсетілетін үнді сериалдары («Кекеш келін», «Кулфи»), КТК, «Еуразия бірінші арнасы» телеарналарының кешкі жаңалықтары, «Астарлы ақиқат» ток-шоуы, «Поле чудес» бағдарламасы, X-Factor тележобасы үздік ондықтан түспеген. Сондай-ақ, ресейлік сериалдар мен НТК телеарнасынан көрсетілетін толықметражды шетелдік фильмдер, дәлірегі Голливуд фильмдері ТОП-10 қатарында.
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі көрерменнің үнді, түрік, кәріс сериалдарына қызығушылығы әлі де жоғары екен. Дегенмен қазақ көрермені қазақша сериал көрмейді деп айтуға келмейді. Қазір Қазақстанда сериал өндірісі түлеп, қарқынды дамып жатыр. Телеарналардан көрсетіліп, бірнеше маусымға жалғасып жатқан қазақстандық сериалдар бар. Бұл отандық сериалдардың шетелдік сериалдарға бәсекелес бола бастағанын көрсетеді. Жалпы әлем бойынша телесериалдардың қайта өрлеу дәуірі басталып келе жатыр. Оған тағы бір дәлел – теледидардан көрсетілетін сериалдармен қатар web-сериалдардың көбеюі. Продакшн-студиялар, вайнерлер командасы түсіріп, YouTube-каналда, Instagram-парақшада жариялап жатқан web-сериалдардың да аудиториясы ауқымды. Мұны күнделікті қазақстандық YouTube трендке шығатын сериалдардан байқаймыз.
Гүлнұр МАМАСАРИПОВА,
кино және TV продюсер:
Телеарна аудиториясы ешқайда кеткен жоқ
– Телевизия интернетке бәсеке бола ала ма дегенге келсек, дәл қазіргі сәтте интернеттің күші басымырақ болып тұр. Оны бәріміз де мойындаймыз, көріп отырмыз. Бірақ телевизияның өзінің аудиториясы бар. Интернет жастарды, технократтарды өзіне тартқанымен, телевизияның қалыптасқан классикалық аудиториясы бар. Ауылдағы үлкен кісілер, орта буын өкілдері және теледидар көру өзінің күнделікті өмір сүру дәстүріне айналған аудитория бар. Олар ешқайда кетіп қалған жоқ, тек сол аудиторияға қажетті, өзгеше, сапалы дүние ұсынсаңыз, көруге әзір.
Ал телеарналардағы рейтинг шахмат ойыны сияқты. Жасаған дүниеңнің қаншалықты рейтинг беретінін білу қиын. Иә, рейтингі шамамен қандай дәрежеде екенін болжауға болатын жобалар болады. Мысалы, «Келінжанның» 1-маусымы көрермен көңілінен шықты. Әлбетте, оның 2-маусымын көрермен күтіп отырды. Демек сериалдың рейтингі міндетті түрде болады. Рейтинг максималды түрде бола ма, әлде бұрынғы деңгейде қала ма белгісіз. Белгілі-сі – жақсы рейтинг беретініне үміт көбірек. Ал жаңа өнім ұсынсаңыз, уайым басым болады. Сіз оны эфирге шығарғаннан кейін көрерменнің көңілінен шықты ма, жоқ па, рейтинг берді ма деп уайымдап отырасың. Қазір жасаған дүниеңнің санға тәуелді болған заманы болды ғой. Кейде өте сапалы дүние деп ойлағаның көрерменге «өтпей» қалады.
Маған жалпы телевизиялық рейтинг жасау жолдары түсініксіз. Бұл орайда YouTube алаңы әлдеқайда демократиялы. Қанша көрсетілім болғанын, қанша пікір жазылғанын, трендке шыққанын анық көре аласыз, барлығы көз алдыңызда тұрады. Осы арқылы сіз 100 пайыз өзіңізге қажетті ақпаратты аласыз. Егер жасаған дүниеңіз өтпей қалса, өзіңізге өкпелейсіз. Ал телевизиядағы рейтингті жасап жатқан кімдер, қандай категория, ол жерде қазақтілді аудиторияның қанша пайызы отыр, ауылдың сұранысы ескеріле ме деген көптеген сұрақ бар. Рейтингке тәуелді адамдар осы күнге дейін оның жасалу технологиясын қанша зерттесек те, сұрасақ та түсінбей келе жатырмыз. Бірақ бір көзіміз жеткен нәрсе – өніміңіз көпшіліктің көңілінен шықса, міндетті түрде рейтинг береді.
Сосын бізде рейтингті барлығымыз жабылып бөлісеміз. Ол танымдық бағдарлама ма, сериал ма, шоу ма, бәрібір. Рейтингтің көпшілігін түріктің, орыстың, үндінің, Голливудтың сериалдары мен Диснейдің мультфильмдері алып кетеді. Осы жерде сіз қазақ тілінде қандай өнім ұсынсаңыз да, рейтинг төмен болады. Осындай бір ішті ашытатын, жүрегіңе тиетін арамза бәсекелестік бар.
Қазір эфирде өзім продюсерлік еткен «Маска» шоуы жүріп жатқанын білесіздер. Бізді Ресейдің, Ұлыбританияның, Украинаның «Маскасымен» салыстырып жатыр. Кез келген ел ең бірінші кезекте аудиторияға жұмыс істейді. Ресейдің, Украинаның, Ұлыбританияның халқы қанша? Оның жанында Қазақстан халқының саны қанша? Есептей беріңіз. Әр салаға бөлінетін қаржы айналып келгенде сол елдің ЖІӨ-ге келіп тіреледі. Мен Ресейдің «Маскасының» бюджеті қанша екенін білемін, қазақстандық «Маска» содан 10 есе аз бюджетке жасалды. Енді ойлаңыз, егер де маған Ресейдегідей қаржылық мүмкіндік беретін болса, шоуды солардың деңгейіндегідей жасамайтындай бетім қисық, көзім соқыр емес қой. Адамның жасағанын адам жасай алады. Бұл жерде барлығы қаражатқа келіп тірелетінін ескеруіміз керек. Мен аз қаражаттың төңірегінде әлемдік деңгейдегі шоуды техникалық, декорациялық, жалпы ішкі контенті тура келетін дүние жасау үшін күніне мың өліп, мың тірілдім десем болады. Өйткені ертең шоу эфирге шыққан кезде «Осы қазақтар сендер түк жасамай-ақ қойыңдаршы», «Қолдарыңнан ештеңе келмейді» деп жабылатынын ішіңнен біліп тұрасың. Итің жаман десе намыстанатын қазақпыз. Сондықтан тыраштанып, намысқа тырысып, жобаңа барыңды саласың. Сенің 24 сағат ұйықтамай жасаған дүниеңді төмпештеп жатса, жүрегің ауырады ғой. Осыны білгендіктен әр жасаған жобамның жолында құрбан болуға бармын.
«Маска» жобасы бұрын болмаған, өзгеше форматта. Көрермен кейде болмашы нәрселерге көңіл аударып жатады. Мен көрермендерді айыптағым келмейді, бәріміз кінәлі шығармыз. Мүмкін біз көрермендерге бірсыдырғы дүние көрсетіп үйретіп қойдық па екен. «Маска» сияқты ерекше дүниенің көрермен көзіне алғашында басқаша көрінгені де сондықтан болар. Жаңа дүниені қабылдау қашан да қиын ғой. Біз музыка, аранжировка, кавер, репертуарға баса мән бердік, сахнада әлеуметтік маңызы бар, ой салатын қойылымдар болып жатыр. Біз осының бәрін көрерменнің ішкі мәдениетін көтеру үшін жасадық. Басында жаңа өнімді қабылдағысы келмей қанша бұлқынғанымен, алғашқы 1-2 шығарылымына сын айтқанымен, кейінгі 3-5 шығарылымын көрермен жақсы қабылдады. Шоу эфирге шыққан күннен бастап жақсы рейтинг көрсетіп келеді. Байқағаным, көрерменнің жаңа дүниені көруге қызығушылығы зор.
Алғаш шоудың қазақстандық нұсқасын жасау туралы ойланып, кәріс телекомпаниясымен келіссөз жүргізе бастағанымда осы шоуды Қазақстанға алып келсем қалай болады деп Instagram парақшамда сауалнама жүргіздім. Сол кезде көпшілік продюсерлер мен әріптестерім «Ол шоу бізге «өтпейді», бекерге шашылып қаласың» деп жеке хабарласып жатты. Қазақ көрерменін келте ойлайды деген жаңсақ пікірден алыстау болғанымыз дұрыс. Осы жобаға «Мен жасап көрейін, жеңілсем де жер көтереді» деп іске кіріскен болатынмын. Жаңашылдықтан қорықпай, тәуекелге барғаныма қазір қуанамын.
Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ