Түркістан қаласының құрылғанына 3000 жыл толды дегеніміз – мақтаныш үшін айтыла салған сөз емес, тарихи шындық!
Түркістан қаласының құрылғанына 3000 жыл толды дегеніміз – мақтаныш үшін айтыла салған сөз емес, тарихи шындық!
Түркістан қаласының іргетасы өте ертеде қаланған
Урбанизация деген үдеріс бар, қазақшаласақ − кенттену, яғни қалалардың пайда болып ірілене түсуі, қалалық мәдениеттің қалыптасып, рөлінің күшеюі. Сондықтан әр қаланың пайда болу тарихы, маңызы, өзіндік ерекшелігі бар. Ал ұлы дала аумағындағы қалалардың пайда болуы экологиялық жағдайларға байланысты. Халықтың көші-қоны жайлы өмір сүруге жайлы жер іздеуі олардың климаты жайлы жерлерге тығыз қоныстауына әкеліп, содан қалалар пайда болғаны анық. Сондай қаланың бірі – түркі әлеміне аса қадірлі, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы. Оның тарихы тым әріден басталады. Орталық Қазақстан аумағында қола дәуірі мәдениеті болған. Міне сол қола мәдениеті Түркістан қаласы аумағынан табылып отыр. Түркістанның кенттенуі төрт кезеңге бөлінеді. 1. Ерте дәуірдегі кезең − біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасыр. 2. Ертедегі қаңлы дәуірі − біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасыр. 3. Қараханидтер дәуірі − Х ғасыр. 4. Монғол-темуридтер кезеңі − ХІІІ-ХІV ғасыр. Түркістан, негізінде бірнеше қаладан құралған. Археологиялық нысандар оның аймағында бірнеше қала бар екенін көрсетеді. Олардың орталығы, ғұрыптық кешендері, киелі орындары, зираттары болған. Түркістан қаласы аумағында Шойтөбе, Қарашық секілді археологиялық ескерткіштер, Шипан, Шербай (қола ғасырында жатады) зираттары бар. Бұларға жүргізілген қазба жұмыстары құнды мәліметтер берді. Айта кету керек, бұрындары Түркістанда іргелі археологиялық іргелі зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Кейінгі зерттеулер ежелгі Түркістанның кенттенуінің өзіндік терең тарихы бар екенін көрсетеді. Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттегенде қала аймағындағы екі ежелгі қорымнан табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататынын көрсетеді. Бұл сол дәуірде өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін дәлелдеп тұр. Махмуд Қашқаридің айтуынша, бұл араны оғыз, қарлұқ тайпалары мекен еткен. Сол сияқты мұнда қыпшақтар да тұрған.Түркістанның жаңа дәуірдегі дамуы аса маңызды
Жұртқа мәлім, 2000 жылы Түркістан қаласының 1 500 жылдығы аталып өтті. Бірақ ол жоғарыда айтып кеткеніміздей кеңестік дәуірдегі мәліметтерге, атап айтар болсақ, бұрынырақта шыққан қазақстандық археолог Ерболат Смағұловтың «Түркістан неше жаста?» деген мақаласындағы деректерге сүйеніп жасалған шара еді. 2004 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» атты теңдессіз бағдарлама арқылы ұлттық мәдениетімізге, мемлекетіміздің тарихына қатысты өте құнды зерттеулер жасалды. (Одан кейінгі дәуірде «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалар да ұлт тарихын зерттеуге көп пайдасын тигізді). Соның бірі – археология саласындағы жаңалықтар. Мемлекетіміз археологиялық қазба жұмыстарына үлкен қаражат бөлді. Соның арқасында біздің археологтар табысты еңбек етті. Ең маңыздысы − Күлтөбені зерттеу нәтижесі Түркістан қаласының жасы 3000 жылға жақындайтынын көрсетіп берді. Оның дәлелін жоғарыда айтып өттім.
Бүгінде Түркістан облыс орталығына айналып, жаңа дәуірде қарқынды дамуға бет бұрды. Заманға сай өзгеріп, түрленіп жатыр. Түркістан − бізге ғана емес, күллі түркі халықтары үшін қасиетті мекен. Онда бәрімізге қадірлі Қожа Ахмет Ясауи жатыр және соған арнап салынған керемет сәулет туындысы бар. Ең бастысы ол – талай дәуірлердің куәсі, қасиетті көне шаһар. Ендеше жерімізде іргетасы салынғанына отыз ғасырдай уақыт болған шаһардың болуы мемлекетіміз, халқымыз үшін мақтаныш екенін ұғуымыз керек. Мынадай үлкен территорияда мықты ел болу үшін өз Отанын шексіз сүйетін, мемлекеті үшін ештеңеден тайынбайтын қайсар ұрпақ тәрбиелеу қажет. Ал ондай тәрбиені тарих қана бере алады.
Әңгімені жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ