30-жылдардағы ашаршылық зерттеледі

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ғылыми-сараптамалық тобы ұйымдастырған экспедиция барысында зерттеушілер тарихи маңызға ие орындарды аралап қайтты деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Экспедиция мақсаты – 1930-жылдары болған ашаршылық құрбандары жерленген орындарды анықтап, оларды географиялық картаға енгізу. Өкінішке орай, бұл тақырыпта ақтаңдақтар әлі көп. Сол үшін архивтік материалдарды зерттеумен қатар, сол трагедия құрбандарының ұрпақтарынан ауызша ақпарат жинау маңызды, – дейді т.ғ.д., Торайғыров университетінің профессоры Сәуле Мамытова.

Мәселен, экспедиция кезінде Ақтоғай ауданына қарасты Қараоба ауылы маңында ашаршылық құрбандарының жерленген жері анықталды. Сол маңда тұрған бір азамат экспедиция мүшелеріне бала кезінде жердің бетінде жатқан адам бас сүйектерімен ойнағанын айтқан.

Бұл 90-жылдары болған оқиға, демек, аштан өлгендердің мүрделері жер қойнауына тапсырылмай, аспан астында қала берген. Біздің мақсатымыз да сол – жазықсыз көз жұмғандарға тағзым етіп, сол жерлерді қоршап, адами міндетімізді орындау, – дейді Сәуле Мамытова.

Ал облыстық мемлекеттік архив директорының орынбасары Ханшайым Мақажанова бірқатар тың деректерді ортаға салды. Архив мәліметтеріне сүйенген ол сол аса ауыр жылдары Павлодар облысынан 125 мың адам көршілес өңірлерге бас сауғалап көшіп кеткенін, 30-жылдардың басында 40 мың бас ірі қараның 1935 жылғы статистикада небары төрт-ақ мың басы қалғанын және 1932 жылдың ішінде-ақ Павлодар ауданында аулалар саны 11 мыңнан үш мыңға дейін қысқарғанын айтты.

Айта кетейік, 1932-33 жылдары Қазақстанда күштеп ұжымдастыру, астық дайындау мен малды тәркілеудің кесірінен болған аштықтан ресми деректер бойынша 2 млн шамасында адам көз жұмған. Оған дейін 1921-22 жылдары Кеңес билігінің азық-түлікті күштеп тәркілеудің салдарынан 1 млн дейін адам өлген.

Back to top button