Жаңалықтар

Экс-министр Елжан Біртанов: Эпидемиямен қалай күресу керегін білемін

ашық дереккөзі

Экс-министр Елжан Біртанов: Эпидемиямен қалай күресу керегін білемін

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов сотта өзін босатуды сұрады, деп жазды informburo.kz порталы.

"Аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған бұрынғы Денсаулық сақтау минстрі Елжан Біртанов бүгінгі сот отырысында өзінің кінәсіз екенін айтты. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және соттан оны босатуын сұраған. "Менің еш кінәм жоқ және өзіме тағылған айыппен келіспеймін. Құрметті судья, мені босатуыңызды сұраймын. Себебі, мен қазір қамауда отырғанымнан гөрі бостандықта жүрсем, эпидемиямен күресуде қоғамға көбірек пайдамды тигізер едім. Менің денсаулық сақтау, медицина саласында жиған көп жылдық тәжірибем жеткілікті. Сондықтан эпидемиямен қалай күресу керектігін білемін", – деді Елжан Біртанов. Еске сала кетсек, былтыр жазда Президент жарлығымен Елжан Біртанов қызметінен босатылған. Кейін, қараша айында оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Ізінше, экс-министр үй қамаққа алынғаны айтылды. Сол кезде бірқатар жергілікті БАҚ экс-министрдің цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты «иемденді» деп айыпталғанын жазған болатын. Бұған дейін адвокаты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, экс-министрдің «заңсыз қудалануын» бақылауына алуды өтінген. Бүгін әлеуметтік желіге Елжан Біртанов адам танымастай болып өзгеріп кеткен суреті жарияланды.