Депутат техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды

Депутат техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды

Депутат техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін көтерді. Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады. «Мемлекет әлеуметтік салаға жіті назар аударып келеді, бұл әсіресе пандемия кезінде айқын көрініс тапты.  Пандемия кезінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, дәрігерлерге қосымша төлемдер енгізілді. Жыл сайын мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы 20-30 пайызға артып келеді. Мұның бәрі өте орынды, біз ризашылығымызды білдіреміз және осындай көзқарасты әрдайым қолдаймыз. «Ақ жол» партиясына осы секторлардың қатардағы қызметкерлері, яғни санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлер олардың әріптестері үшін мемлекет жыл сайын жалақыны көбейтсе, ал сол салалардағы техникалық қызметкерлердің жалақысы қатарынан көптеген жылдар бойы өзгеріссіз қалады деген шағымдармен жиі жүгінеді», – деп тоқталды депутат Мәжілістің жалпы отырысында. Оның айтуынша, кейбір жерде жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы – шамамен 70-75 мың теңге және 5 жылдан астам уақыт бойы жоғарылаған жоқ. Мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлерінің жалақысы – шамамен 50 мың теңге. «Сонымен қатар, инфляцияның экономикалық сипатын ешкім жойған жоқ, мемлекеттік органдар тауарлар мен азық-түлік бағасының өсуін айтпағанның өзінде, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы монополистердің тарифтерін ұлғайтуға үнемі келіседі. Біздің азаматтарымыздың бұл санаты тіпті ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына дұрыс киіне алмайды, балаларын асырай алмайды, күнделікті мәселелерді шеше алмайды. Осындай жалақыға қалай өмір сүрсін?», – деді Мақсат Раманқұлов. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы әлеуметтік саладағы жалақыны көтеру кезінде бір мезгілде техникалық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажет деп есептейді. «Сондықтан біз әлеуметтік саланың көмекші және техникалық қызметкерлеріне қатысты әділеттілік танытуды, жалақыны көтеру кезінде оларды назардан тыс қалдырмауды сұраймыз. Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ жол» депутаттық фракциясы айтылған мәселеге назар аударуды қажет деп есептейді және аталған санаттағы қызметкерлерді лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарауыңызды сұрайды», – деді депутат.