Карантин: ШҚО аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды

Карантин: ШҚО аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды

Карантин: ШҚО аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Құжатқа сәйкес, өңір бойынша карантин 3 мамырға дейін ұзартылды. Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін. Бүгінде коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге арналған инфекциялық стационарлардағы төсек қорының толтырылу деңгейі – 6,4%. Облыс бойынша инфекцияның репродуктивтік R саны – 1,372 . «Бородулиха, Шемонаиха, Үржар, Зайсан, Аягөз аудандары мен Семей қаласының әкімдері, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы, ШҚО мемлекеттік кірістер және полиция департаменттері, қалалар мен аудандардың санитарлық-эпидемилогиялық бақылау басқармалары Алматы облысы тарапына қойылатын – 2, Қарағанды облысының тұсындағы – 1 және Аягөз ауданы аумағындағы 2 санитарлық бекеттің жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. «Қызыл» аймақтағы өңірден келетін адамда санитарлық бекеттерді кесіп өткен кезде COVID-19 инфекциясының жоқтығын растайтын ПТР-сынаманың теріс нәтижесі туралы (мерзімі үш тәуліктен аспайтын) анықтаманың болуы міндетті. Бірақ бұл талап Аягөз ауданы шекарасындағы облысішілік санитарлық бекеттерге қолданылмайды», – делінген құжатта. Сонымен қатар Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз ауданының әкімдері, мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдар әлеуметтік-экономикалық объектілерде карантин шектеулерінің сақталуын қадағалауы тиіс. «Қызыл« аймаққа кірген аталған 3 қаладағы объектілердің жұмысына бірқатар шектеу енгізілген. Атап айтқанда, ғимарат сыртындағы азық-түлік және шаруашылық заттар саудалайтын базарлар сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеп, жексенбі күні жабық болады. Ғимараттардың ішіндегі базарлар демалыс күндері мүлде жұмыс істемейді. Азық-түлік емес тауарларды сататын сауда объектілері жұмыс күндері ғана сағат 21.00-ге дейін келушілерді қабылдайды. Ал қоғамдық тамақтану объектілері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін ашық болады. Сондай-ақ мектепке дейінгі балалар мекемелерінде 15 адамнан аспайтын топтарды жинақтау сақталған кезде кезекші топтардың болуына рұқсат берілген. Көрермендердің қатысуымен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге де тыйым салынды», – делінген қаулыда.