Жаңалықтар

Бауыржан Байбек: Алматыда 4 жылда туристер саны 10 пайызға өсті

ашық дереккөзі

Бауыржан Байбек: Алматыда 4 жылда туристер саны 10 пайызға өсті

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің  блогер Тәңірберген Бердіоңғаровпен болған сұхбатты жарияланды. Сұхбатта бұрын Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған Бауыржан Байбек қоғамда дау тудырған «Көк жайлау» жобасы және туризм жайлы айтты. «Көк-жайлау» жобасы бұл – туризм мәселесі. Бұл жоба 2013 жылы басталды. Ал мен 2015 жылы Алматы қаласына әкім болып тағайындалдым. Бұл мәселе сол кезде кеңінен талқыланып, заңға сәйкес тексерістер жүрілді. Соның нәтижесінде біз керісінше, ағаш кесу көлемін 17 рет қысқарттық. Жоба бойынша 22 мың ағаш орнына 1280 ағашты кесуге рұқсат етілді. Құрылыс ауқымын да бірнеше есе азайттық. Жоба құны да 4 есе арзандады. Бұл – тау-шаңғы курорты емес, жыл бойғы отбасылық курорт жобасына айналды. Осы қысқартулар арқасында қаладан Іле-Алатау паркіне 102 гектар жер қайтарылды. Біз 2017-2018 жылдары сол жерлерге ревизия жүргіздік. Сонда анықталғандай, бұл жерлер бұрын Алматы облысына тиесілі болыпты және 5 гектары жекеменшікке беріліп қойылған. Біз осы 5 гектарды қала меншігіне қайтардық», – деп түйді Бауыржан Байбек. Өз сөзінде Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға іссапары барысында «Көк жайлау» жобасына тыйым салу жайлы айтқанын атап өтті. «Біз ол жерлерді жеке саудагерлерден қайтарып алдық. Алайда бұл мәселеге қатысты түрлі ақпараттық шабулдар болды. Меніңше, бұл мәселені әлі де тексеру керек. Ол жерде жеке ғимарат тұрғызу, ағаш кесу дерегі болған жоқ. Бұл Жанболат Мамай мырзаның негізсіз мәлімдемесі» – дейді партия Төрағасының бірінші орынбасары сұхбатта. Сонымен қатар, ол туризм саласына қатысты мәселеге де тоқталып өтті. «Мәселелердің үлкен бөлігі Алматы әкімі болған кездегі менің қызметіне қатысты болып келеді. Жерлер тартып алынған деп айыптап жазуда. Бірақ жердің киесі де, иесі де бар ғой, ол – халық. «Қазақфильм» жеріне келсек, бұл 100% мемлекеттік кәсіпорын. Ол кеңес кезінде құрылған және 17 гектар жерге ие. Ол жер әрдайым қаланың меншігінде болған. Жер телімінің бір бөлігінде «Қазақфильм» ғимараттары орналасқан, екінші бөлігінде жасыл аймақ. Онда сондай-ақ фильмдер түсіріледі, декорациялар орналастырылады. Содан «Қазақфильм» басшылығынан өтініш түсті: олар қаладан сол жерде жақсы этноауыл тұрғызуға инвестиция салуды сұрады. Идея солардікі болатын», – деді Б.Байбек. «Яғни, сол маңда ұлттық кино түсіруге де жарайтын қазақы ауыл көрінісі орнауға тиіс болды. Қала бұл жобаны қолға алды. Жер бірнеше бөлікке бөлінді. «Соның ішінде 5,5 гектар қала жерін «Қазақфильмнен» бөліп алу туралы шешім қабылданды. Осы 5,5 гектар жер телімінде бой көтеретін, қала қаржыландыратын жобаның техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленді. Барлығы мәдениет басқармасының балансына берілді. Онда этно-ленд орнауы тиіс-тін. Елестетіңізші, сіз мыңдаған жылдық тарихы бар қалаға келесіз, сақ мәдениетімен танысасыз. Туристерді, қонақтарды апаруға болатын көрнекті жер пайда болады. Әйтпесе, Боралдайдағы сақ қорғандары алыста. Ал мына жерде байырғы қазақ тұрмысына қатыстының бәрін көруге болады. Садақтан оқ атып, өз қолыңмен қазы-қарта қайнатуға, сақ киімдерін киіп, суретке түсуге болады. Өте нақты, түсінікті жоба. Ол «Қазақфильмге» де, қалаға да, туризмге де қызмет етер еді», – дейді Бауыржан Байбек. «Елбасы бастаған «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше нысан киелі картаға енді: бұл Тәуелсіздік монументі, қасиетті Вознесенск соборы, Райымбек батырдың кесенесі, Боралдай сақ қорғандары. Мен неге «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы туралы айтып отырмын? Бізде Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы болды. Оның негізгі бағыттарының бірі – туризмді дамыту. Туризм, этно-туризм – бұл өте үлкен ауқымды жұмыс. Қаланы мен басқарған 4 жылда туристер саны 10 пайыз өсті. Тек 2018 жылы ғана шетелдік саяхатшылар саны 35%-ға өсіп, миллионнан асты. Бүгінде елімізге келген әрбір екінші турист Алматыға барады», – дейді Бауыржан Байбек.

Б.БЕКОВ