Партияның қоғамдық қабылдауына 48 000 адам жүгінді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның сайлауалды бағдарламасының сәтті орындалып келе жатқанын жеткізді. Сайлаудан кейінгі үш айдың қорытындысы бойынша партияның қоғамдық қабылдауына 48 000 адам келген. Бұл туралы ол саясаткер Тәңірберген Бердіоңғаровқа берген сұхбатында айтты.

Билеуші партия ретінде біз сайлауалды бағдарламада көрсетілген уәделерді тиімді іске асыруды ең бірінші мақсат етіп қоямыз. Сайлаудан кейінгі үш айдың нәтижесі бойынша партияның қоғамдық қабылдауына 48 000 адам келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Олардың 30%-ның мәселелері нақты шешілсе, 65%-дан астамына нақты өмірлік қиын жағдайда өз мәселесін заңды жолмен шешуге болатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Яғни халықтың құқықтық сауаттылығы арта бастады. Партияның қоғамдық қабылдауы азаматтардың соттан кейінгі әділдік іздеп, араша сұрайтын екінші орнына айналды. Бұл – біздің партияның нақты, шынайы істермен айналысатынын көрсетеді», – деді Бауыржан Байбек бұрынғы мәжіліс депутаты, блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа берген сұхбатында.

Сайлауалды бағдарламаны жазу, уәде беру бір бөлек, ал оның орындалуын бақылау – басқа жұмыс. «Nur Otan» партиясы Елбасы, партия Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша алғашқы күннен бастап бақылауға ұйымдасқан түрде дайындала бастады.

«Бақылау үшін мерзімі, күні, орындалу уақыты көрсетілген нақты, түсінікті құжат керек. Біз әр бағдарламаны іске асыруға арналған 217 жол картасын әзірледік. Егер біздің республикалық  бағдарламаны алып қарайтын болсақ, іске асырудың алғашқы жылында 24% тапсырма жоспарланған, екінші жылға 25% және ары қарай осылай жалғасады. Яғни біз бағдарламаның аяқталғанын 5 жыл күтпейміз, бірінші жылдың қорытындысы бойынша уәде еткен бағдарламамызды іске асырудағы нақты есептермен бөлісе аламыз»,  – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Сұхбат барысында Бауыржан Байбек барлық қала, аудан мен облыстарда сайлауалды бағдарламаның бағыттары бойынша құрылған 14 қоғамдық кеңестің жұмысының маңыздылығына тоқталып өтті.

«Кеңестің міндеттері – азаматтық белсенділер, сарапшылар, көшбасшылар, саясаттанушылар азаматтық қоғамның қатысуымен біздің уәделеріміздің орындалуын бақылап, күн тәртібіндегі мәселелерге орай ой-пікір айтып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай азаматтық қоғамның пікірін ескеретін ашық қоғамдық алаң құру. Біз үшін мәселелерді ашық талқылау, азаматтық қоғамды қызықтыру маңызды.  Сондай-ақ партия қатарына өз ауданындағы жағдайды жақсы білетін белсенді, жасампаз жандардың қосылғаны керек», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Back to top button