Әлеуметтік желі теріс діни ағымдардың насихаты үшін таптырмас алаңға айналып отыр

Ислам атын жамылған деструктивті діни ағымдардың белсенді дамуы, әдетте, белгілі бір тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға тұспа-тұс келеді. Еліміз соңғы онжылдықта әртүрлі саяси-тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Соның бірі діни экстремистік және террористік ұйымдардың халықаралық деңгейдегі қауіп-қатері мен зардаптары.

Елімізде діни экстремизмнің таралу көріністері бірнеше рет тіркелген болатын. Көп жағдайда экстремистік топтардың агенттері өз идеяларын насихаттау барысында ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысады. Осыған орай, 2011 жылы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңнама дайындалды. Ол діни әдебиеттер мен миссионерлік қызметті реттеу мен қадағалауда дер кезінде қабылданған құжат болып есептеледі. Мемлекетіміздің дін саласындағы қауіпсіздігін сақтау үшін бірнеше заңнамалық нормалар мен мемлекеттік бағдарламалар дайындалды.

Осының барлығы дін атын жамылған экстремистік идеологиялардың таралауына жасалған үлкен соққы болды. Деструктивті діни қозғалыстар арзан әрі тиімді құрал ретінде ғаламтор желісін кеңінен пайдалана бастады. Ғаламтор ешқандай шекараларды ескермейтін, бір жерден отырып өз идеяларын мен көзқарастарыңды басқаға таңуда тиімді құрал болып табылады.

Әсіресе әлеуметтік желілер жастар арасында  өте танымал. Көптеген жастар діни сауатын әлеуметтік желілер мен ғаламтордан ашып жатады.  Ғаламтор желісінде жастарды оқыту, дәріс беру бойынша ислам ресуртары кеңінен таралған. Мәселен, республика көлемінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінен  «Ислам» сөзі сұранысы бойынша 1357 қауымдастық, «Құран» сөзі бойынша 88 қауымдастық,  «Сунна»  сөзі бойынша 181 қауымдастық және т.б. ұқсас қауымдастықтар тіркелген.

Әлеуметтік желінің іздеу жүйесінде «ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз.

Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе деструктивті діни ағым өкілдерінің тұзағына түсу арқылы ҚР кей заңнамаларын бұзуға алып барады.

Желі қолданушыларының деструктивті діни ағымдар қатарына кіріп кету факторларының бірі әлеуметтік желілердегі деструктивті қауымдастықтар мен топтарға жазылу болып табылады.

Бұл топтар мен қауымдастықтардың атаулары әдетте мүмкіндігінше бейтарап болып көрінеді, мысалы: «Исламдағы махаббат», «Счастье в Исламе», «Пайдалы насихат» және т.б.қауымдастықтарды айтсақ болады. Алайда, атаулары мейірімге шақырғанымен қауымдастықтардың ішінде жүргізіліп отырған ақпараттық саясат мүлдем басқа және алдап-арбауды мақсат еткен ақпараттық тұзақ.

Осыған орай 2020 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы және  Діндерді зерттеу орталығы бірлесіп  деструктивті қауымдастықтарға тіркелген желі пайдаланушыларын қауіпті ақпараттан аластату жолында арнайы хабарламалар жіберу жұмысы ұйымдастырылуда. Осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам хабарлама желі тіркелушілеріне жолданып отыр.

Желі қолданушыларына жолданып жатқан бұл хабарламалар біріншіден алдын-алу, яғни азаматтарды білместіктен заң бұзушылықтарға алып баратын лайк, репост немесе комментарийлерден ескерту. Осындай іс-әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарын бұзады және оған 50 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.

Осылайша, жастардың діни радикалдар қатарына «кетуіне» жол бермеу мақсатында дінді дұрыс зерттеп, діни білімді ресми жерлерден ғана алуға кеңес береміз. Ғаламтор желісі арқылы тек қауіпсіз және тексерілген ресми сайттарды, қауымдастықтарды және әлеуметтік желілердегі топтарды қарауды ұсынамыз.

Желідегі қауымдастықтардан немесе топтардан діни білім алуға жол беру мәселелері бойынша және дінге байланысты кез келген сұрақтар бойынша IKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарласа аласыз.

Шамшатов Еркебұлан, Діндерді зерттеу орталығының мониторинг және талдау бөлімінің сарапшы маманы

Back to top button