Интернетте деструктивті діни материалдарды таратқандарға қандай жаза қолданылады – маман пікірі

Интернетте деструктивті діни материалдарды таратқандарға қандай жаза қолданылады – маман пікірі

Интернетте деструктивті діни материалдарды таратқандарға қандай жаза қолданылады – маман пікірі
ашық дереккөзі
Мади  Тайпин,  Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының директоры: -   Мади Шойынбекұлы, әңгімемізді бастамастан бұрын орталықтың жұмыс барысына тоқталып өтсеңіз. Елордадағы діни ахуал қалай? -   Біздің Орталықтың негізгі мақсаты тұрғындар арасында дін тақырыбына байланысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Адамдарды теріс жолдан сақтап қалу үшін, бірінші діни сауаттылықты арттыру керек. Қоғамның діннен хабары болмаса радикалды топтардың адам санасын улауы тоқтамайды. Сол себепті де, қазіргі таңда Орталықтағы мамандар көмегімен діни экстремизмнің алдын алу үшін ДДА ұстанушылары жиналатын болжамды жерлерде ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізуге ерекше назар аударылатынын атап өткім келеді. Жалпы ел астанасының қазіргі діни жағдайды тұрақты деп сипаттауға болады, алайда қауіптің барын да жоққа шығара алмаймын. -  Әлемдік пандемия жұмыстарыңызға қалай әсер етуде? Коронавирустың салдары сіздерді де айналып өтпеген болар - Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері, орталық өзінің жұмыс жасау тәртібін өзгертті. Әрине,  әлемде орын алған жағдайға байланысты, жоспарланған кездесулердің бір бөлігі онлайн форматқа көшірілді. 2020 жылы өткізілген 581 кездесудің 394-і офлайн, 187-сі онлайн болды. Ал, ағымдағы жылдың басынан бері 90-ға жуық кездесу өткізіп, 20-дан астам live форматтағы жиындар жүргіздік. Бәрі онлайнға көшкенді радикалды топ өкілдері де пайдаланып, халық санасына «қашықтан» әсер етуге кіріскен. Атап айтатын болсам, жыл басынан бері Орталық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге деструктивті идеяларды насихаттайтын материалдарға мониторинг жүргізу барысында 5 мыңнан астам радикалды материалдарды анықтады. Бұл ақпараттық материалдарда «жиһад» жасауға ашық үндеулер, экстремистік ұйымдарды насихаттау мен үгіттеу белгілері тіркелген. Сондықтан, қазіргі таңда діни ақпаратты оқып, тыңдамастан бұрын, оны сенімді дереккөздерден екеніне көз жеткізіп алу керек. Сондай-ақ, күмәнді діни қоғамдастықтарға жазылу, деструктивті материалдарды тарату, басқа платформаларға жіберу, репосттар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарының бұзылуына әкелетінін атап өткім келеді. -  Адамдардың санасына теріс әсер ететін ақпарат ағымының алдын алу үшін не істейсіздер? Біздің мамандар интернет желісінде дінге қатысты ақпараттарға жүйелі түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Сондай-ақ, Орталық халықтың радикалды идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған фотопосттар, бейнероликтер, мақалалар мен фильмдер дайындап, оларды тиісінше БАҚ-та, өзіміздің әлеуметтік желілерде жарияланып отырады. Ол жұмыстың бір ғана жағы, одан да бөлек арнайы жобалар әзірлейді. Сонымен қатар, тұрақты түрде қайырымдылық акцияларына қатысып тұрамыз. Орталықпен байланыстағы аз қамтылған отбасыларға да көмектесеміз. -  Теріс ағымдарға ілесіп кететіндер арасында нәзік жандылар үлесі қанша? Оларды оңалту жұмыстары қалай жүргізілуде? -  Үлесі көп немесе аз деп кесіп айта алмаймын, алайда қаракөздеріміз бұл тізімде жоқ емес. Қазіргі таңда «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы отанына оралған әйелдерді қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы карантин кезінде медициналық маскалар жетіспеген уақытта бетперде тігетін шағын тігін цехы іске қосылды. Аталған цехта «Жусан» операциясы аясында ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан оралған 8 әйел жұмыспен қамтылды. 2021 жылы тігін цехының жұмысын жаңғыртып, өндірілетін өнімнің көлемі мен түрін ұлғайтамыз деп отырмыз. Сондай-ақ, оларды материалдық жағынан қолдау мақсатында жәрмеңкелер өткізіп, рухани дамуы үшін әртүрлі тимбилдингтер мен кино кештерін ұйымдастырамыз. Осындай қолдаудың арқасында әйелдер тұрақты өмір салтына бірден болмаса да, біртіндеп көшеді. -  Әңгімеміздің соңында  елорда тұрғындары қандай да бір радикалды топпен бетпе-бет келсе не істеуге кеңес бересіз? - Егер, сіз немесе сіздің жақындарыңыз деструктивті діни ағымдармен шиеленіскен жағдайға тап болса немесе діни сипаттағы сұрақтарыңыз болса, әрқашан біздің Орталыққа немесе IKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы бізге хабарласа аласыздар. Анонимдік сақталатынына кепілдік береміз. -  Мади мырза, сұхбатыңызға рақмет.