Әнуарбек Байжанбаевтың шеберлігі

Әнуарбек Байжанбаевтың шеберлігі

Әнуарбек Байжанбаевтың шеберлігі
ашық дереккөзі
Қазақ радиосының тарихына ой жүгіртсек, есімізге ең бірінші Әнуарбек Байжанбаевтың есімі оралатыны сөзсіз. Әнуарбек Байжанбаев өмір бойы Қазақ радиосында диктор болып қалың жұртшылыққа кеңінен танылған айтулы тұлға. Ресейде Юрий Левитанды білмейтіндер жоқ болар, сірә. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде майдан ақпараттарын радиодан оқу арқылы халықтың құрметіне бөленген. Оның қаһарлы дауысы адамның жан дүниесі мен ішкі сезіміне терең әсер етіп, халықты жігерге, батырлыққа үндеген. Тіпті Гитлердің өзі Левитанды өлтіруге тапсырма берген деген де сөз бар. Ал Левитанның дауысына өте ұқсас дауысты қазақ жұрты радиодан жиі тыңдайтын болған. Егер Левитан тек ресми хабарларды оқумен шектелсе, Әнуарбек Байжанбаев барлық жанрларды шебер оқуымен ерекшеленген. Ол әдеби туындыларды, өлең-жырларды әуезді етіп оқығанда тыңдаған адам еріксіз құлақ түретін. Қазақ радиосының «Алтын қорында» Әнуарбек Байжанбаев оқыған жүздеген туындылар сақталған. Оның құны әлі де аса қымбат қазына болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Әнуарбек Байжанбаев ел есінде мәңгі сақталатын бірегей асыл тұлға екені сөзсіз. Әнуарбек Байжанбаевтың радиоға, қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі орасан зор. Теледидар мен техниканың тегеурінді күші мықты, қанша уақыт тапжылмай  отырып, телміріп қарауға, тамашалауға болады. Ал тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын  қасиетке ие бұқаралық  ақпарат құралдарының бірі болып саналатын  радионың  қазақ даласында ақпарат таратып, жұмыс істеп келе жатқанына 2021 жылы 100 жыл толады. Радио  бір  ғасырлық тарихы бар дүниеге айналады. Әлі де оның дәурені жүріп тұр, қажеттілік таусылып, сұраныс азайған жоқ. Теледидар да, радио  да қалың көпшілікке хабардың жетуіне негізгі тұрғыда үлес қосатын маман – журналист. Яғни жүргізушісіз бір де бір телеөнім немесе радиобағдарламаның шығуы мүмкін емес. Жүргізуші, диктор барлық өнер мен атқарылған жұмыстың басын қосып, бағдарламаның сәтті шығуы үшін соңғы әрі маңызды қызметті атқарады. Осы дикторлардың мәңгілік мұрасы, дауыс үндері, авторлық қолтаңбалары шығармашылық шеберліктерінің  барлығы «Алтын қорда» сақталған. Өз ісінің шынайы шебері талай шәкірт те тәрбиеледі. Өз қызмет жолында оның ұстанған принциптері мен жұмысына адалдығы, жауапкершілігі басым болды. Дикторлар күнде әртүрлі форматтағы дүниелерді оқиды. Таза ақпараттық шығарылымдардан  соң, мәдени-сазды бағдарламаларды жүргізуі мүмкін, түрлі очерктерді, әңгімелерді дыбыстайды. Әр бағыттың өзіндік стилі болады, сәйкесінше, мәтінді  тыңдарманға жеткізу жолы да түрлене түсіп, құбылып отырады. Дикторлық өнер туралы Әнуарбек Байжанбаев: «Шебер дикторлықтың бір пернесі, тіпті, түп-төркіні шешендік өнерде жатыр. Маман диктор – дайын текстті оқу мәдениеті ерекше жетілген адам. Ал сөйлеу мәдениетін меңгеру шешендік өнермен тығыз байланысты», – деп баға береді.  Яғни, диктор тек зор дауыстың иесі ғана емес, шешендік өнерді терең меңгерген адам болу керектігі туралы айтады. Шешендік өнерді дұрыс меңгерген диктор қай ортада болмасын саспай, өз міндетін дұрыс атқарады. Диктор тек дауыспен құбылтып, дайын мәтінді оқып беретін адам емес. Ол нағыз журналистік қабілеттерге ие, әлемде, елде болып жатқан оқиғалар мен түрлі жағдайлардан хабардар болып, оларға баға беріп, талқылай алатындай білімді болғаны маңызды. Шынайы ақпарат бере отырып, тыңдарманға жеткізе білу арқылы ғана диктор тыңдармандарын өзіне баурай алады. Осы тұрғыда Әнуарбек Байжанбаев: «Диктордың негізгі құралы – әуезді үн. Әуезді үн арқылы мәнді де терең мағыналы сөзі діттеген жеріне жеткізе білу керек. Сөзді ойнатып оқу өте маңызды. Себебі, жігерсіз сөз жүрекке жетпейді», – дейді. Дәл осы бір тұщымды пікір бүгінгі және болашақ журналистердің, дикторлардың санасында темірқазық секілді жатталып қалуы керек. Қызғалдақ ОМАР, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану және журналистика факультетінің  4-курс студенті