Қазақ киносы Германияда өтетін фестивальдің шымылдығын ашады
Қазақ киносы Германияда өтетін фестивальдің шымылдығын ашады
Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі Германияның Висбаден қаласында 2021 жылғы 20-26 сәуір аралығында онлайн өтетін 21-ші Орталық және Шығыс Еуропа goEast кинофестивалінің шымылдығын ашады, деп хабарлайды Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.
«Short Brothers» (Қазақстан), «Қазақфильм» және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен «Zerde Films» (Қазақстан) компаниясы түсірген «Сары мысық» фильмі бұрынғы қылмыстық өмірін біржола тастап, өз кинотеатрын салуды армандайтын Кермек есімді жігіттің оқиғасын баяндайды.
Фестиваль аясында конкурстық бағдарламада Ә.Ержановтың қысқа метражды «Бақытжамал» (2007 ж.) және «Ұлболсын» (2020 ж.) көркем фильмдері көрсетіледі. Биыл фестивальға барлығы 92 картина қатысады.
goEast кинофестивалін 2001 жылы Неміс кино институтының директоры Клаудия Диллман құрған. Фестивальдің негізгі міндеттері – Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің мәдени дамуы туралы білім деңгейін арттыру, сонымен қатар әртүрлі кино мектептері арасындағы диалог орнатуға үлес қосу. Фестивальді 2017 жылдан бері Хелен Герритсен басқарады.