Павлодарда қарағай орманынан шыққан өрт мың гектарға жетті

Павлодарда қарағай орманынан шыққан өрт мың гектарға жетті

Павлодарда қарағай орманынан шыққан өрт мың гектарға жетті
ашық дереккөзі
Павлодар облысындағы қарағай орманында ірі өртті сөндіру жұмысы жалғасуда. Өртке оранған алқап мың гектарға жетті. «Галкин ауылдық округінің екі елдімекеніне қауіп төнді. Бірақ оның алдын алдық. Қазір өрттің елдімекендерге таралу қаупі жоқ. Өртенген аумақ алдын ала мәлімет бойынша мың гектарға жетеді. Жағдай бақылауға алынды», – деді Павлодар облысы ТЖД басшысы Ернұр Өтегенов. Оның айтуынша, өрттің таралуына секундына 25 метрмен соққан жел ықпал еткен.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асаин Байханов Instagram-парақшасында өрт Сүгір және Садығашы елдімекендеріне қауіп төндіргенін жазды. «Өрт шыққан аумақ оқшауланып жатыр. Өртті сөндіруге 183 адам мен 45 техника жұмылды», –. деп жазды А.Байханов. Өңірдегі ТЖД ақпараты бойынша, Арбиған ауылындағы өрт ошағына жақын жерде өрт сөндіру жұмыстары бойынша жедел штаб құрылған. Республика ТЖМ дағдарыс жағдайын басқару орталығымен тікелей бейне-конференц орнатылған.
Айта кетейік, қарағай орманында 18 сәуірде өрт шыққан. Резерват аумағында құрғақ шөп өртеніп, кейін өрт орманға жайылған. Өрт шыққан аудан 300 гектар болғаны хабарланған еді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.