Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
ашық дереккөзі
Осы аптада Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері түрлі жаңа лауазымдарға тағайындалды. Қазақстанда 12-18 сәуір аралығында болған кадрлық ауыс-түйіске «ҚазАқпарат» агенттігі шолу жасады. Апта басында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен Айгүл Соловьева Агенттік төрағасының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды . Бұған дейін А.Соловьева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруды сыртқы талдау мен бағалаудың Республикалық арнайы мониторинг тобының (АМТ) жетекшісі болды. АМТ – Агенттік жанындағы алғашқы қоғамдық институт. А.Соловьеваның басшылығымен АМТ республикалық және жергілікті деңгейде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп беруін дамытуға елеулі үлес қосты. Айгүл Соловьева ұзақ жылдар бойы Қазақстанның азаматтық қоғамының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткері. Өз кезегінде, меритократия қағидатына сәйкес АМТ жетекшісі болып, бұған дейін жетекшінің орынбасары лауазымын атқарған Рахым Ошақбаев тағайындалды. Р.Ошақбаев – экономист, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры. Сонымен бірге, осы аптада ҚР Президентінің Жарлығымен Марат Мұратұлы Ахметжанов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Марат Ахметжанов 1964 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген. Білімі жоғары, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Сыныптық шені - 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі. «Құрмет» (2008) және ІІ дәрежелі«Даңқ» (2014) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ, Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен «Ресей флотына 300 жыл» естелік медалі және «Адмирал Кузнецов» медальдарымен марапатталған. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр. 1993-1996 жылдары – Бас прокуратура жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Бас прокуратураның Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасы аймақтық тергеушілер бөлімінің бастығы. 1996-1997 жылдары – Мемлекеттік тергеу комитетінің Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының бөлім бастығы, Мемлекеттік тергеу комитетінің Әскери-тергеу департаменті тергеу басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары – Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаменті тергеу басқармасының бастығы. 1998-2001 жылдары – Тергеу департаменті директорының орынбасары және Әділет министрлігінің Сот қаулыларын орындау комитеті төрағасының орынбасары. 2001 жылы – Бас прокуратураның Тергеу және анықтау органдарындағы заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы. 2003-2006 жылдары – Павлодар облысының прокуроры. 2006-2009 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры. 2009-2012 жылдары – ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы. 2012 жылы– ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары. 2014-2016 жылдары – Атырау облысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, Атырау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро департаментінің басшысы. 2016 жылдың 2 маусымынан бастап – ҚР Бас Прокурорының орынбасары болған. ҚР Үкіметінің қаулысымен Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, бакалавр академиялық дәрежесімен менеджмент саласындағы маман, экономика магистрі, заңтану бакалавры. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігі Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған. 1999-2001 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты. 2001 жылдан бастап 2003 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2003-2006 жылдары – «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ Қаржы департаментінің директорының м. а., директоры – басқарма мүшесі. 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жиынтық-талдау департаментінде жұмыс істеді. 2007 жылғы қаңтар-шілде аралығында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2007-2009 жылдары — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі. 2010-2012 жылдары — Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК директоры. 2012-2013 жылдары — «ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты» ЖШС бас директоры. 2013-2016 жылдары — «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2016-2019 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2019 жылғы қаңтар-сәуір аралығында — ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы. 2019 жылғы сәуірден 2021 жылғы наурызға дейін — «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқарма төрағасы. 2021 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі орынбасарының м. а. болған. Директорлар кеңесінің шешімімен Ростислав Анатольевич Коняшкин «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Ростислав Коняшкин 1989 жылы Жамбыл облысында туған. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы «KazTransCom» ERP-Service» ЖШС консультанты болып бастаған. 2011-2012 жылдары — «KazTransCom» ERP-Service» ЖШС «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «Қазтрансгаз» АҚ кәсіпорындары жобасының консультанты. 2012-2014 жылдары — «Astana Innovations» АҚ-да түрлі қызметтер атқарды. 2014-2015 жылдары — «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ Электронды оқытуды дамыту орталығының бас менеджері, жобалық менеджері. 2016 жылы — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Мемлекеттік қызмет көрсетудің әдіснама департаментінің бас маманы. 2016-2017 жылдары — «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы» ЖШС жобалар бойынша менеджері. 2017-2019 жылдары — «Транстелеком» АҚ орталық аппаратының «Жобалық менеджерлер, АТ кеңсесі» бағыты бойынша жобалық менеджері. 2019-2020 жылдары — «Tengri Lab» ЖШС жобалық кеңсесінің басшысы. 2020 жылы — ҚР ЦДИАӨ министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасы орынбасарының м.а. 2020 жылғы қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР ЦДИАӨ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары. Ал «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаментінің директоры болып Марат Мұхамедсалиев тағайындалды. Марат Мұхамедсалиев 1996 жылдан бастап БАҚ және PR саласында жұмыс істеген. Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Ол қазақстандық телекөрермендерге «Хабар», «Қазақстан», «АстанаТВ» телеарналарында тележурналист және авторлық бағдарламалар жүргізушісі ретінде кеңінен танымал болды. 2000 жылы «KazakhОil» ҰМК баспасөз қызметі басшысының орынбасары, 2003 жылы «ҚазМұнайТеңіз» АҚ, 2004-2005 жылдарда «ҚазМұнайГаз» Барлау және өндіру» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2007 жылдан бастап күні бүгінге дейін «KEGOC» АҚ (2007-2013 жж.),«Самұрық-Энерго» АҚ (2013-2018 жж.) және «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КАҚ (2018-2020 жж.) баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген. Ал 2020 жылғы қаңтардан бастап «Ғылым қоры» АҚ қоғаммен байланыс саласында еңбек етті. Astana International Exchange (AIX) қазіргі қаржы директоры Ренат Бектұров 2021 жылғы 24 мамырда Astana International Exchange басқарма төрағасы болып тағайындалады. Айта кетейік, AIX қазіргі төрағасы Тим Беннетт Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде үш жылдық мерзімге сайланды және AIX пен АХҚО-ның капитал нарықтарын дамыту жөніндегі аға кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады. Ренат Бектұров АХҚО құрылған 2016 жылдан бері жұмыс істейді және 2017 жылдан бері – AIX қаржы директоры болып келеді. Ол Президенттік жастар кадр резервіне алынған. Әйгілі қазақстандық балуан, спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов Азия күрес кеңесінің президенті қызметіне қайта сайланды. 12 сәуірде Алматыда өткен Азия күрес кеңесінің Бас ассамблеясында оның қазіргі басшысы Дәулет Тұрлыханов қатысушылардың бірауызды шешімімен төрт жылдық мерзімге қайта сайланды. Дәулет Тұрлыханов 2017 жылы мамыр айында Нью-Делиде өткен конгресте Азия күрес кеңесінің президенті болып сайланған. Дәулет Болатұлы Тұрлыханов 1963 жылы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Өңірлерге ойыссақ, Өскемен қаласының жаңа прокуроры болып Ерлан Бұланбаев тағайындалды. Ерлан Маратұлы 1980 жылы туған. «Қайнар» университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Күршім ауданы прокуроры көмекшісінің міндетін атқарушы болып бастаған. Күршім, Алтай аудандары прокурорының көмекшісі, басқарма прокуроры, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры қызметтерін атқарды. 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының ІІМ органдарында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бөлім бастығы болып тағайындалды. Одан әрі еңбек жолын Өскемен және Нұр-Сұлтан қалаларының прокуратураларында жалғастырды. 2012 жылдан бастап ҚР Бас прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінде қызмет атқарған. 2013-2018 жылдары аралығында ШҚО прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, кейіннен ШҚО прокуратурасының қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы болды. 2019 жылдың 31 қазанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлан ауданының прокуроры лауазымында жұмыс істеді. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі – 17 жыл. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы 1990 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған, білімі жоғары. Жамбыл облыстық дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «саясаттану» мамандығы бойынша бітіріп, 2012 жылы бакалавр, 2014 жылы магистр дәрежесін алған, 2018 жылы PhD докторантурасын бітірген. Еңбек жолын Астана қаласының Алматы ауданы «Jas Otan» Жастар қанаты төрағасының бірінші орынбасары болып бастаған. Әр жылдары ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының инспекторы, «Jas Otan» Жастар қанаты филиалының аппарат басшысы, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының менеджері, «Jas Otan» Жастар қанаты хатшылығының ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің сарапшысы, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының хатшылық басшысы, атқарушы хатшысы, төрағасы болды, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды штабының «Team Qazaqstan» жастар қанатын басқарды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2021 жылдың қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді. Президенттік жастар кадр резервінің құрамында, «Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі. Сонымен бірге, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Байқазақов Архат Қайратұлы Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру басқармасының басшысы болып тағайындалды. Байқазақов Архат Қайратұлы 1990 жылы туған, білімі жоғары. 2012 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Шығыс Қазастан облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші маман болып бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазастан облысы әкімдігі қаржы басқармасының бас маманы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, «Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметтерін атқарған. 2020 жылғы тамыздан бастап Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді. Ақмола облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Ерлан Қыздарбекұлы Мұхамедин Егіндікөл ауданының әкімі болып тағайындалды. Ерлан Қыздарбекұлы 1980 жылы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Жоғары білімі, магистр дәрежесі бар. Алғашқы еңбек жолын Шортанды ауданы бойынша салық комитеті ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Шортанды ауданы бойынша аудит, салық төлеушілермен жұмыс жүргізу, салықтық әкімшілендіру, салықтық тіркеу, салық есебін қабылдау және пысықтау, кәсіпкерлік бөлімдерінің жетекші және бас маманы, бөлім басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. Жаңа тағайындауға дейін Шортанды ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болды.