Жаңалықтар

Жамбыл облысында жоғалған әйелді іздеген құтқарушының өзі табылмай жатыр

ашық дереккөзі

Жамбыл облысында жоғалған әйелді іздеген құтқарушының өзі табылмай жатыр

Жамбыл облысында екі айдан бері із-түссіз жоғалып кеткен Гүлдана Санақбайды Тасөткел су қоймасынан іздеп жатқан сүңгуірдің өзі он төрт күннен бері табылмай жатыр. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады. 23 жастағы келіншекті іздеуге бір топ құтқарушы Тараздан арнайы келген.  Олар полицейлердің сұраныс хатында көрсетілген төңіректі шолып шығуға кіріскен. Кешке жақын іздеу аяқталар тұста кенеттен жел тұрып, екі метрлік толқын пайда болыпты. Асау ағыс 50 жастағы сүңгуір мінген қайықты қойманың ортасына қарай тартып әкеткен. 20 жылдық тәжірибесі бар Жұмағали Әбдірахманов кері қайта алмасын түсініп, желдің бағытымен жүре берген. Ол сол бойда оралған жоқ. Тәжірибелі маманның қалай суға батып кеткені түсініксіз. Жарты сағаттан кейін қарсы жағалаудан оның құтқару жейдесі мен мотор қайығы табылған. Ал өзін он төрт күннен бері  әріптестері іздеп жатыр. Алматы облысынан да құтқарушылар көмекке келген. Тасөткел су қоймасының ұзындығы 21, ал ені 8 шақырым. Тереңдігі 25 метрге жуық. Ауқымды аумақтан адам денесін табуға 100-ге жуық құтқарушы мен екі тікұшақ жұмылдырылған. Айта кетейік, Жамбыл облысында екі ай уақыт бұрын үйінен шығып кеткен 23 жастағы келіншек іздестіріліп жатыр. Тәртіп сақшылары оны жер-көктен іздегенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Шу ауданының тұрғыны Гүлдана Санақбайдың туыстары оны бұрынғы күйеуі ұрлап әкетті деп күдіктенеді. Өйткені із-түссіз кеткен келіншек ең соңғы рет бұрынғы жолдасымен бірге көлікке мініп, сол күйі оралмаған. Жоғалған келіншектің анасы Индира Тілеубаева қызын бұрынғы күйеу баласы ұрлап кетті ме деп күдіктенеді. Оның айтуынша, Гүлдана алты жыл бұрын тұрмыс құрған. Бірақ беташардан кейін көп ұзамай күйеу баласы істі болып, бес жарым жыл жазасын өтеп шыққан. Кейін ерлі-зайыптының діни көзқарасы сәйкес келмей, ақыры ажырасып тынған. Алайда бұрынғы күйеуі Гүлдананы қорқытып, соңынан қалмай қойды дейді оның туыстары.