Елорда тұрғыны «BMW X5» автокөлігімен 4 жасар баланы қағып, мерт қылды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны «BMW X5» көлігімен 4 жасар сәбиді қағып, мерт қылды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«16 сәуір күні сағат 19.21-де 102 каналына Сарыарқа даңғылы бойындағы үйлердің бірінің ауласында баланы көлік қағып кеткені туралы хабарлама түсті. «BMW X5» көлігінің 25 жастағы жүргізушісі алға жылжып келе жатып, самокатпен сырғанап жүрген 4 жасар сәбиді қағып кеткені анықталды. Сәби алған жарақатынан қаза тапты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша оқшаулағышқа қамалды», – деді ведомстводан.

Осыған орай Полиция департаменті жүргізушілерге тұрғын үй аумағында және аулаларда жүрген кезде барынша сақ болуға шақырады. Көлік құралдарын үйге кіре берістен балалар ойын алаңына дейінгі бағдарға көліктерін қоймау қажеттігін ескертеді.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының қаперіне оларды қараусыз қалдырмауға және жол бойында ойнау қауіпті екендігін ескертуге кеңес береді.

Back to top button