86 жастағы Қарағанды тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина алды

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Ботақара кентінің тұрғыны Қанат Жұмашұлы өз өңірінде алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе алған. Ақсақал өзін және жақындарын індеттен қорғағысы келеді және ауыл тұрғындары мен облыс тұрғындарына үлгі болсам дейді,-деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Он төртінші сәуірде, Бұқар Жырау ауданында алғашқы егу пункттері ашылған кезде, зейнеткер вакцинациялауға ниет білдірген. Емханаға алғашқылардың бірі болып келіп, дәрігерге қаралып, «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алды.

«Мен мұнда туған-туыстарыма, жақындарыма, сондай-ақ ауылдастарыма үлгі көрсету үшін келдім. Денсаулықты сақтау үшін әрқайсымыз вакцина алуымыз керек. Қорықпау керек! Егер біз қорқатын болсақ, жағдай тек нашарлай түседі. Жақсылыққа сену керек. Маған қараңызшы, мен 86 жастамын және толыққанды өмір сүргім келеді», – деп атап өтті Қанат Жұмашұлы.

Ақсақал спортпен де белсенді айналысады. Бильярд, шахмат, дойбы ойнағанды ұнатады. Зейнеткердің 10 баласы, 21 немересі және 11 шөбересі бар.

Back to top button