Америкалықтар асырап алған қазақ баласы Қазақстаннан туған ата-анасын іздеуде

Ной Сак Маршалл Қазақстанда туған, екі жасында оны америкалықтар асырап алған.

«Менің атым – Ной (туғанда Каримов Сұлтан Үмітұлы деген аты-жөні болған). Мен 1999 жылғы қарашада Алматы қаласында дүниеге келдім. Мені Алматыдағы №2 балалар үйінен екі-екі жарым жасымда асырап алды» деп жазды ол Facebook-тегі  Kazakh American Association тобында.

Оның айтуынша әкесінің аты-жөні Каримов Үміт Сәкенұлы, ал анасы – Каримова Үміт  Қалкенқызы. Алайда мұндай есімді әйелді ол Алматыдан таппағанын жазды.

«Ата-анамды таппаған күннің өзінде, өзімнің тегім жайлы білгім келеді. Он жыл бұрын орта мектепте бірнеше тілді меңгердім, оның ішінде орыс тілі бар, қазақ тілін игеруге оңай болу үшін қазір түрік тілін де үйренуге талпынып жүрмін» дейді Ной.

Әлеуметтік желіде қазақ баласының биологиялық ата-анасын тезірек табуына тілеулестік білдіргендердің қарасы қалың. Біреулер Нойдың ата-анасы басқа елге көшіп кеткен болуы мүмкін деген жорамал айтады. Мәселен, Ресейдің Омбы қаласында Каримова Үміт Қалкенқызы есімімен жеке кәсіпкер тіркеліпті. Ол Қазақстан тумасы болуы әбден мүмкін екенін айтады желі қолданушылары.

Back to top button