16 сәуір: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

16 сәуір: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

16 сәуір: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1918 жылы 16 сәуірде Орынборда қазақ тілінде «Қазақ мұңы» газетінің алғашқы саны шығарылды. Газет Әліби Жангелдиннің бастамасымен құрылған. «Қазақ мұңы» большевиктер саясатын насихаттап, Алаш партиясына қарсы бағыт ұстанды. Облыстың еңбекші бұқарасына өкіметтің алғашқы декреттерінің мән-мазмұнын түсіндірді. Көп ұзамай, азамат соғысының басталуына байланысты, Дутов ақгвардияшыларының билігі жүре бастаған кезде, газет шығуын тоқтатты. 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №148 қаулысымен Қарағанды облыстық филармониясына Қали Байжановтың есімі берілді. 2000 жылы Халықаралық «Абай» клубы «Аманат» журналын шығарды. «Аманат» – Қазақстандағы әлем халықтарының әдебиетін жариялайтын журнал, таралымы 7,5 мың болды. Журналдың 1 мың экземпляры Америкаға, 1500-і Шығыс Еуропа мен Ресейге жеткізіліп тұрды. 2004 жылы «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстанда алғаш рет қазақ тіліндегі жаңалықтарды латын әліпбиінде тарата бастады. Сол тұстағы агенттіктің қазақ редакциясының бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлының бастамасымен қазақ тіліндегі жаңалықтар сайт бетінде латын әріпімен таралды. Латын әліпбиіне академик Әбдуәли Қайдар жасаған нұсқа негізге алынды. Агенттіктің компьютерлік технология мамандары – Павел Фоменко мен Егор Холявко Әбдуәли Қайдар жобасының бір-екі әріпіне ғана өзгеріс енгізіп, латын нұсқасын жасап, іске қосты. 2017 жылдың 12 сәуірінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы латын әліпбиіне қатысты мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Осы мақалада Елбасы Үкіметке қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырған еді. 2017 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы шықты. Ал 2018 жылдың 19 ақпанында Жарлыққа енгізілген өзгерістер негізінде жаңа әліпби нұсқасы бекітілді. Осылайша, «ҚазАқпараттың» 2004 жылдың 16 сәуірінен басталған латын әрпіндегі сайт ашу бастамасы 2018 жылдың қараша айына дейін жалғасып тұрды. 2018 жылы қарашаның 20-сынан бастап «ҚазАқпарат» агенттігі қазіргі бекітілген латын әліпбиі нұсқасы бойынша жаңалықтар таратуға көшті. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. 2007 жылы Қазақстан мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың бекітілгеніне 15 жыл толуына байланысты Кубаның Қазақстандағы Елшісі Тересита Капоте Камачо Қазақстанның жазушысы Роллан Сейсенбаевты латын-американ әдебиетін насихаттаудағы қосқан үлесі үшін «Достық» орденімен марапаттады. 2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен ҚХР Коммуникация министрлігі арасында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда ұзындығы 8445 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталдық дәлізі Қытай, Қазақстан және Ресей аумағы арқылы өтеді. 2013 жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық шартына қосылды. 2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Тайып Ердоған сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, транзиттік-көлік және мәдени-гуманитарлық салада байланыстарды тереңдету жолдарын қарады. 2018 жылы Бейжіңде China Outbound Travel Market-2018 көрмесінде Қазақстан стендінің ресми ашылу салтанаты болды. Көрмеде Қазақстанның ұлттық стенді экотуризм, этнотуризм, City break, MICE туризм, шопинг, транзиттік турлар сияқты Қазақстанның туризм саласындағы қыруар мүмкіндіктері туралы айтылды. Kazakh Tourism компаниясы ұйымдастырған ұлттық стендтің өзегі әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің суреті тұрған фотозона болды. Онда әншінің Шеньчжэн қаласында өтетін концертіне билет ойнатылды. 2019 жылы күш экстримінен Қазақстан рекордшысы Сергей Цырульников Санкт-Петербург қаласында өткен Vortex Sport Battle 7 турнирінде ресейлік мықтыны жеңіп, жеңімпаз атанды. 2020 жылы талантты қазақстандық жазушы Баянғали Әлімжановтың «A Hundred Years on the Steppe» («Жүз жылдық толғау») шығармасы Ұлыбританияда танылып, Hertfordshire Press атақты ағылшын баспа үйінде жарияланды. Бұл кітаптың жарық көруі – ағылшын қоғамын Қазақстан мәдениеті тарихымен таныстырудағы маңызды қадам. Hertfordshire Press – 50-ден аса қазақстандық кітапты басып шығарған бірден-бір баспа.