Қаржы пирамидасынан қашанғы опық жейміз?

2020 жылы елімізде қаржы пирамидаларының саны күрт өсіп, қа­тарына адам қосу арқылы жүретін «бизнестен» келген залал он есе артқан.  Елімізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1994 жылы пай­да болды. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өсті десек те, әлі күнге дейін табысқа кенелетініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр.

Ұшпаққа шығармайтын «бизнес»

Әдетте қаржы пирамидалары желілік маркетинг принципіне негізделеді. Бірақ екеуі екі басқа ұғым. Басты ұқсастығы – қа­та­рын көбейту. Желілік маркетинг белгілі бір өнімді саудалау арқылы табыс табуды көздейді. Ал қаржы пирамидасында еш­қан­дай өнім де, тауар да жоқ, сондықтан пирамиданың басында тұрған адам ғана бар қаржыны иеленеді. Осы қарапайым схе­­маны заманға сай түрлендіріп, қоғам пси­хологиясына қарай бейімдеу арқылы қар­жы пирамидалары да жаңаша сипат ала бастады. Мысалы, қазір баспаналы болуға кө­мектесеміз, өзіңе және жақындарыңа әлем­нің түкпір-түкпіріне су тегін саяхат­тауға мүмкіндік береміз дейтіндер көп. Оған қоса бизнесте жетістікке жеткіземіз деп үгіттейді. Себебі бүгінде кәсіп ашып, ісін дөңгелеткісі келетіндердің қарасы көп. Соған қарамастан, қаржы пирамидасын мына белгілер арқылы тануға болады.

Қаржы министрлігінің Қаржы мони­торин­гі комитеті олардың ең басты белгісі үлкен пайда түсетініне сендіру екенін атап өтті.

Екінші белгісі – компания нақты эко­номикалық немесе инвестициялық тұр­ғыда жұмыс атқармайды. Яғни қаржы пи­рамидалары әдетте тауар өндіру не сату, не­сие беру, құрылыс немесе құрылыс ком­панияларының затын сату арқылы жұмыс істейді.

Үшінші белгі – мұндай жобалардың ма­териалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни мұн­дай компаниялар қаржылық есептілігі жоқ, келісімшарт жасаспайды, келісімшарт болса да, ұйымдастырушылардың өз пай­да­­сына жасалған және еліміздің заңна­ма­сына сәйкес келмейді.

Пирамиданың төртінші белгісі – компанияның жан-жақты қызметі, ол тұ­тастай алғанда өздерінің белгілі бір нәр­се­мен айналыспайтынын жасыруға бағыт­талған.

Бесіншісі – әлеуметтік желілердегі, ға­лам­тордағы жарнамалар. «Жарнама туралы» заңға сәйкес, БАҚ-та осындай жар­на­малардың таралуына тыйым салынуына бай­ланысты осы «бизнестің» барлығы әлеу­меттік желілер мен мессенджерлерде тара­лып жатыр.

Алтыншы және өте маңызды белгісі – қаржылық реттеуші лицензиясының болмауы. Егер сыйақы мерзімі мен мөлшер­лемесі көрсетілсе, кез келген салымды депозит деп тануға болады. Халықтан салым қабылдауға Ұлттық Банктің лицензиясы талап етіледі, ол екінші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР Екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңға сәйкес, банк­тер салынған қаражаттың қайтарылуына кепілдік береді.

Қаржы мониторингі комитеті жоғары­да аталған белгілері бар күмәнді ұйымдарға ақша салуға болмайтынын тағы бір ескертіп өтті. Алайда, соңғы бірнеше жылда қар­жылық сауаттылыққа қатысты насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп, сарапшы мамандар күмәнді инвестициялардың қауіпті екенін ескертсе де, алданған халық­тың саны еселеніп отыр. Оған не себеп?

Оңай олжаға неге үйірміз?

Бас прокуратураның ресми статистикасына сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде қа­зақ­стандықтар қаржы пирамидаларына са­лым салып, 14 млрд теңгеден астам ақ­шадан айырылған.

Сарапшылар мұның басты себебі эко­номикалық жағдайдың нашарлауы екенін алға тартады. Табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болған адамдар ақша табу­дың кез келген жолын қарастырады. Оңай жолы болса, тіпті құба-құп. Бұған 2019-2020 жылдар аралығында 26 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард», «Тиімді қарыз» қаржы пирамидалары мысал бола алады.

Қазақстанның электрондық үкіметі Egov порталында жарияланған полицияға жазылған арыздарда да, жәбірленушілердің көптеген шағымдарында да адамдардың басым бөлігі «алаяқтар біздің қаржылық тұрғыда көп нәрседен хабарсыздығымызды пай­даланды» деген екен. Алданғандар өрес­кел қателіктер жіберді, алдын ала оқып, таныспастан құжаттарға қол қояды, мүлде жоқ сандық валютаны электронды қызмет­тер арқылы сатып алды, шетелдік компа­ния­ларға, оффшорлық шоттарға ақша аударды.

Оған қоса, қаржы пирамидалары адам жинау кезінде түрлі психологиялық, ма­нипуляциялық әдістерді қолданады. Ол адам сіздің ең жақын құрбыңыз, досыңыз, сыныптасыңыз, тіпті туысыңыз болуы әб­ден мүмкін. Алданғандардың көбісі жақын адамының кеңесін жат көрмегендіктен опық жейді.

Қаржы пирамидасына кіру, әдетте ерікті түрде болады. Бірақ пирамида мү­ше­лері еріксіз дүниені ерікті нәрсеге айналдыру мақсатында жұмыс істейді. Оған қоса, 127-ші қылмыстық бап бойынша рес­ми статистика 2015 жылдан бері жүргі­зі­ліп келе жатса да, бұл проблеманың ауқы­мын толық көрсетуге қауқарсыз болып отыр. Қаржы пирамидасының белгілері байқалған көптеген қылмыстық іс бас­қа баптар – «алаяқтық», «алдау немесе се­німге қиянат жасау жолымен мүліктік за­лал келтіру», «трансұлттық қылмыстық ұйым құру» және тағы да басқа сипаттар бойынша қозғалып, тіркеледі.

Әйтсе де, осы сипаттың барлығы кез­дес­­кен, қаншама рет қылмыстық іс қоз­ғалған қаржы пирамидасы сипатында жұмыс істейтін кей компаниялар әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

«Тірегі мықты»: Qnet-ке сот жоқ па?

2020 жылғы қыркүйекте ІІМ Тергеу де­пар­таментінің бастығы Санжар Әділов Qnet компаниясының жұмыс жүргізуінде қар­жы пирамидасының барлық белгілері бар екенін хабарлаған болатын. Оған қоса Qnet компаниясына қатысты ҚР ҚК-нің «Қар­жы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету» бабы бойын­ша 20 қылмыстық іс тергеліп жат­қа­нын да қосты. Бұл компанияның төңі­ре­гін­дегі дау 10 жылдан бері толастаған емес. Бі­рақ компания әлі күнге дейін жұмысын тоқтатқан жоқ.

Компания өкілдерінің сөзінше, Qnet Әді­лет министрлігіне тіркелген, заңды жұ­мыс істейді. Бірақ ол, компанияға сенім ар­туға болады деген сөз емес. Алғашында ком­пания жеке кәсіпкерлік немесе жауапкер­шілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелуі мүмкін. Одан кейінгі компа­ния­ның бағытын, немен айналысатынын Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі сияқты лауазымды органдар тексереді.

Осы мәселеге байланысты Қаржы мо­ни­торингі агенттігіне сауал жолдадық. Алай­да, комитет ҚІЖК-нің 201-бабы бойын­ша ком­пания туралы нақты мәлімет бере алмайтындарын айтты. Тек осыған бай­ланысты 2 іс тексеріліп жатқанын айт­ты.

Ғаламторда аталған компаниядан зардап шеккендердің шағымдарынан көз сү­рі­неді. Тек біздің елде ғана емес, көрші Ре­сейде де алданғандар өте көп. Тіпті Qnet «құрбандарының» басын біріктірген түрлі фо­румдар, топтар да ашылған. Ондағы тал­қыланатын басты мәселе – салған ақ­шаны қайтарудың жолдары. Бәрі де несие алып, қарызға белшелерінен батқан.

Саяхат картасын алып, көп елдерге сая­хаттаймын, соны өзгелерге насихаттау ар­қылы бизнес жасаймын деп ойлаған жан­дардың бірі – Әсем Дүтбаева. Ол да қыруар несие алып, компанияға мүшелікке өткен. Бірақ саяхат картасының түкке де жарамағанын айтады. Өзі сияқты алдан­ған­дардың саны көп екенін, екі ай бұрын сотқа бергендерін де жасырмады. Бірақ әлі жауап келмепті. Оған қоса, компания әлі жұ­мыс істеп тұрған көрінеді. «Не де болса ті­регі мықты болып тұр деп топшылап отыр­мыз», – дейді ол.

Standard&Poor’s америкалық рейтинг агенттігінің зерттеуі бойынша, елі­міздегі қаржылық сауаттылық деңгейі 40 пайыз екен.Аңқау елге арамзалық қылған пы­сықайлардың әлі де талайдың аузын аңқайтып, сорын қайнататын түрі бар…

Back to top button