Дәурен ҚУАТ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Жер комиссиясының мүшесі– Дәурен мырза, Жер комиссиясының мүшесі екеніңізді білеміз. Осы комиссия құрамына өзіңізді шақырғанда ойыңызға не келді? – Жоғары жақтан Жер комииссиясына қатысуға ұсыныс болғанда сәл абдырап қалғаным рас. Өйткені, жер мәселесі ойнайтын мәселе емес. Қазіргі жағдайда күйіп тұрған мәселе десе де болады. Сосын шығармашылық адамы ретінде маған қол байлайтын қоғамдық жұмыстардан гөрі жазу қымбат. Күнде бір бет, жарты бет болса да шығармамды жазып, кітап оқығанды жаным қалап тұрады. Алайда басқа емес, Жердің жайы талқыға түсіп жатқан заманда жан тыныштығын күйттеп, жазудың қамын ғана ойлап отырып қалғаным болмас деп келісімімді бердім. Негізі мен жақ жаппай сөйлегеннен бұрын тыңдағанды жөн көретін адаммын. Бәрін тыңдап отырып қалтарыста қалып бара жатқан жайтты ғана қозғаймын. Оны біреу түсінер, біреу түсінбес. Әйтсе де «Айтпаса сөздің атасы өледі», айтатын жерде айтып, пікіріңді дәлелдейтін жерде дәлелдеу керек шығар. Сондықтан жұрттың назарында тұрған мәселеге тікелей араласу мүмкіндігі беріліп тұрғанда неге тәуекел етпеске?! – Жалпы «жер сату қажет» деген ұсыныс пен «жоқ сатуға болмайды» деген даудың шығуына не себеп? – Біз секілді жері көп, халқы аз елдің Ресей, Қытай секілді алып державалармен, Өзбекстан сияқты халқы бізден анағұрлым көп елдермен шекаралас болып тұрғанда жерді сатуға мүмкіндік беру бізге стратегиялық жақтан өте қауіпті. Әрі-беріден соң бұл геосаяси тұрғыдан қатаң қадағалайтын нәрсе. Ең алдымен осыны ұмытпауымыз керек! Сосын, қазақтың жері кең-байтақ дегенімізбен оның әр шаршы метрі мемлекеттің бақылауында болып, оны халықтың еркін пайдалануына жағдай жасалмаса кең жерден де пайда аз. Себебі ауыл шаруашылығына арналған егістік жерлер мен жайылымдарды кезінде жеке меншікке беру салдарынан бүгінде қарапайым халықтың мал бағатын жері қалмай барады. Ал егістік жерлерді пәленбай гектарлап иеленіп алғандар көбіне өздері егін екпей өзгеге қымбатқа жалға беріп, жалға алушы болмаса бос тастап, тоздырып барады. Одан мемлекетке де, халыққа да пайда жоқ. Содан соң бұл жағдайды ретке келтіру үшін үкіметіміз бір шарасын жасауды қолға алды. Міне осындай жағдайдан кейін жерді сату туралы әңгіме шықты. Бірақ ол мемлекетке де, халыққа да тиімді шешім емес еді. Сондықтан халық оған қарсы шықты. Себебі жерді сату мәселесі тереңдеп кетсе, қиын болуы мүмкін. Айталық, жүздеген гектар жерді біреу мәңгілік иемдену құқығын алса оны кімге сатуды өзі білмей ме? Егер ол шетелдіктердің иелігіне өтіп кетсе не болады? Бұл өте абайлауды қажет ететін нәрсе, себебі бұның артында мемлекет қауіпсіздігі тұр. Сондықтан Үкімет бұл мәселеде халықтың да пікір-ұсынысын білу үшін Жер комиссиясын құрды. Оның құрамында Үкімет адамдарымен бірге үкіметтік емес ұйымның өкілдері де бар. – «Қандастарға жер жалға берілмейді екен» деп дүрлігіп жатыр біреулер... – Бұл енді соншалықты шу көтеретін әңгіме емес. Бірақ Жер комиссиясының алғашқы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі қандастарға «жер сатылмайды, жалға берілмейді» деген сөзге түсініктеме беруі тиіс еді. «Қандас» дегеніміз – уақытша статус. Бір жылдың ішінде шетелден келген этникалық қазақтарға азаматтық беріледі. Одан соң олар да Қазақстан азаматы ретінде барлық мүмкіндікке ие болады. Осыны жете түсінбегендер жер комиссиясының отырысынан кейін «Қандастарға жер берілмейді екен, оларды шеттетіп жатыр» дегендей пікір туындатып жатыр. – Ауыл шаруашылығына арналған жерлердің аумағында тарихи ескерткіштер болса оны қорғау жайын қалай ойластыруға болады? – Бұл туралы мен Жер комиссиясының бірінші отырысында арнайы мәселе көтердім. Жерді жалға бергенде туындайтын басқа мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мәселен біреуге жалға берілген аумақта тарихи, мәдени ескерткіштер болса, оның маңызын түсінбеген жалға алушылар зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, Қапал-Арасанда Баянжүрек жазбалары бар, Таңбалы тас бар, Маңғыстауда сандықтастар жатыр, Алтайда, Арқада қаншама ескерткішке толы жерлер бар. Осы ескерткіштер жалға алатын жерге кіретін болса, жалға алушылар оған тарихи ескерткіш, қорық деп қарамайды, мал шаруашылығының ыңғайына пайдалана береді. Сондықтан, мемлекет болашақта жалға берілетін жерлер ішінде тарихи ескерткіштер мен ерекше мәні бар жерлер болса, қорғауға алуы керек. Тіпті ондай аумақтағы жерлерді жалға бермеу туралы шешім шығарса да артық емес. Сосын Жер комиссиясы құрамында ауыл шаруашылығы саласын білетін мамандары жоқ емес. Десек те, жерді пайдаланудың барлық тетіктерін шешу үшін фермерлермен, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген адамдармен ымыраға келуіміз керек деп ойлаймын. Оларды көбірек тыңдауымыз керек. Өйткені, бізге күнделікті мәселені көріп жүрген фермерлердің, диқандардың немесе малшылардың пікірі маңызды, олар өздеріне таныс мәселені шешу жолдарын ұсына алады. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді» деп кесіп айтты. Бірақ бұрыннан көлемді жерлерді жеке меншігіне сатып алғандар бар. Олардың жайы қалай болады, жерін мемлекет қайтарып ала ма немесе олар меншігіндегі жерін қалай саудаласа да еркі бар ма? – Жерімізге қатысты ең түйінді мәселе шешімін тапты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент Тоқаев: «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді», – деп анық та қанық етіп айтты. Енді біз жерді дұрыс әрі әлеуметтік тұрғыдан әділ пайдаланудың жүйесін тауып, жерге егелік ететін жандарға мүмкіндік тудыратын Жер кодексінің жаңа редакциясын барынша терең талдауға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл – тарихи мүмкіндік. Жер комиссиясының мүшесі ретінде маған қарапайым халық көкейіндегі сауалдарын жолдап жатыр. Соның ішінде «Бұрын жүз гектарлап жер иеленгендер өз меншігіндегі жерді қайтеді, бұрынғысынша иеленіп отыра бере ме?» деп сұрақ қойғандар да болды. Менің бұл мәселеде пікірім белгілі: Жер сатылмауы тиіс, бұрын иеленгендердің жері мемлекетке қайтарылуы керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарында жерді жекеменшікке берудің бірінші кезеңі болды. Қазір екінші кезеңге келіп тұрмыз. Сол үшін өткенде жіберген қателіктеріміз болса жөндеп, мемлекеттің жерін пайдаланудың дұрыс жолдарына қол жеткізуіміз қажет. Құдайға шүкір, халқымыз өсіп жатыр. Ертең меншігінде жері барлардың балалары егін егіп, мал өсіріп отырғанда жері жоқ адамдардың ұрпағы қайтеді? Ойланатын мәселе! – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ