Мінсіздік теориясы немесе жақсылардан жаттық іздеу надандығы хақында

Мінсіздік теориясы немесе жақсылардан жаттық іздеу надандығы хақында

Мінсіздік теориясы немесе жақсылардан жаттық іздеу надандығы хақында
ашық дереккөзі
Неге екенін кім білсін, қазақ жылқы се­кілді «тістеп сүйеді» деген сөздің жаны бар. Бұл ретте де «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» дей­тін кемеңгер Абай шығады алдымыздан. Біреу парасатты пікір білдірсе де, «жақсының артынан сөз ереді» деп өзімізді-өзіміз ақтап қойып, сілтей береміз. Дегенмен «өлісін де» аяп жатқанымыз шамалы. Мысалға сол Абай атамыз туралы «Он­дай ұлы ақындар көп, бұл дүниеде» дейміз. Иә, ұлы ақындар аз емес. Бірақ ұлт ақындары толып жатыр дей алмаймыз. Ұлт дегеннен шығады, қазір де қолыңда билік болса немесе сол Абайдың заманында би болсаң, алдыңа жақсы да, жаман да, ақ та, қара да, ұры да, қары да келер еді. Абай қалың қазақтың бойындағы қайшы­лығын сол би болған жылдары анық көрген деп, те­реңдеуге құлқымыз жоқ. Қайшылық әркім өз мінін білмеуден, білгісі келмеуден «құлап жатып қисайғанға күлгеннен» шығады. Бірнеше шумақ өлең оқиық:
Алтындай қызыл арақтың, Асылын әкел, аяқшы-ай. Анық сырын әлемнің, Аша алмаймын мас болмай. Немесе Таза арақты әкел, шырақ, Болайын қайғыдан жырақ. Бойым – еркін, ойым – ұжмақ,
Тілім – бұлбұл, сөзім – бұлақ! Мұ­ны айтып отырған кім дейсіз ғой? Өз заманының діндар идео­логы бол­ған  кәдімгі Шәкәрім қажы. Тоқ­саныншы жылдары жарық көрген Шәкәрім қажының кітаптарында бұл өлеңдері жоқ. Тек мұрағаттарда жұ­мыс істеген ғалымдардың ара­сын­да айтылып жүретін. Кейіндеу жа­рық көрді. Осы шумақтарды оқы­ған бүгінгі әсіредіншілдер не деп әндететінін қазірдің өзінде бі­ліп отырмыз. Ал Шәкәрімнің Алла­ны аузынан тастамайтын наси­ха­тына үйренген басқа оқырман да селк ете қалуы бек мүмкін. Себебі біз кеңестік «мінсіздік идео­логия­сы­нан» кейін, ұлыларымызды алды­мен пенде ретінде қабылдауды үй­ре­не алмай келеміз. Ол-ол ма, бүгінгі базар жаға­ла­ған ағайынға: «Өлсем орным – қара жер, сыз болмай ма?»  деп ет жүре­гің­ді дір еткізетін жазба поэзияға тән сөз саптас Абайдан басталға­нын; «Буыршын мұздан тайған күн» дегендегі «буыршын табанының қыры алмастай өткір болатынын біле­тін замандастары үшін...» (Қ.Мы­рза-Әли) Махамбет сөзсіз дәс­түрлі поэзияның шырқау шыңы екенін түсіндіріп, ақ тер, көк тер бол­май-ақ қой. Керісінше, Жәңгір хан заманындағы сарай ақыны Жанұ­зақ айтты делінетін, Махам­бетке «Исатайды неге жақтайсың? Се­нің атаң басқа еді...» деген мағы­на­дағы сөзін келтірші. Қазақ ондай­да елп етіп елеңдей қалады. Тіпті уә­жіңе қосылғысы келмесе де, әлгі тақырыпты басқа қырынан толғай жөнеледі. Болмаса Махамбетті «түр­кіменшахтың баласы» делінетін ер­тег­інің шетін шығарып көрші, сұхбаттасыңыз сізге жаңа қырынан та­нылуы  ғажап емес. Себебі біз бол­майтын жаққа қисая беретін қыр­сық­тықтан арыла алмай келеміз. Қазақ дегенде алдымен аталуы тиіс тұлғаның бірегейі – Құрман­ға­зы. Сол  бабамыздың руы – қызыл­құрт дегенді оқығанда, қазақ емес­пін бе, мен де таңырқағам. Себебі, сонау қиыр шығыстағы менің ауы­лымда, «қызылқұрт бәленше» деп руы ныспысына телініп айтылатын жал­ғыз ақсақал болған. Жәй көп пен­денің бірі емес, кезінде сол ай­мақ­ты басқарғандардың қатарынан көрін­ген азамат еді десетін. Жарай­ды қазақ мидай араласып кеткен халықпыз ғой. Ол – жамандықтың емес, жақсылықтың белгісі. Құр­ман­ғазы Сағырбайұлын айтып жат­қаным, осыдан бірнеше жыл бұрын бір баспаның тапсырысымен, 1940 жылдан бастап сексен жылдай уақыт бойы сол ұлы күйші жайлы га­зет-журналдарда жарық көрген деректерді түгел сүзіп шыққаным бар. Сонда ұққаным –  туған жылы туралы дау-дамай өз алдына, оның Иркутскіге айдалғаны мүлдем өті­рік болып шықты. Оны қойып  оң­түстікке бармаған, Алатауды да көрмеген. Орталық Қазақстанда да болмаған. Қол жетім жердегі Бөкей ордасына да бармауға тырысқан. Жа­ла жабылып бір рет сотталғаны рас. Әйгілі «Алатау», «Сарыарқа» күй­лері сол өзі өмір сүрген өңірдегі жер­лердің атаулары. Бұл да қызық емес пе? Онда Құрманғазының бір қы­зын біреулер ұрлап әкеткенін ай­тайын. Жәй ұрламаған, пароход­тың ішіндегі бөшкеге жасырып, Каспийдің келесі жағына жүзіп бар­ғасын, сол жақтағы қазақтарға мал­ға сатқан. Тағы бір таңданар­лы­ғы, ол кісі Құрманғазының қызы еке­нін әбден өлерінде айтыпты. Осыдан  кейін қазаққа Құрманғазы да қызық бола бастайтындай. Ал оның теңдессіз ұлы өнері ше? Біз н­еге осындаймыз деп айғайлағың ке­леді. Өткенде бір ағамызға Әлкей Мар­ғұланның керемет ғылыми тұ­жырымдары жайлы айтып отырсам, «Білесің бе, ол қырғыз ғой...» дегені. Әлемжеліде жақында Димаш Құдайберген жайлы дәл сондай әңгіме қызу пікірталас тудырғаны есімізде. Жалпы рушылдық, жүзшілдік, топ­шылдық, жершілдік, біреудің тек жаманшылығын қазу секілді ғадеттерді, ұлттың дерті ретінде қарастырып, жасырмай, жиіркеніш тудыратындай идеология жүргізу үшін оған зиялы қауым атсалысуы қажет. Өзіміз қызыға қарайтын батыс, шығыстағы дамыған  ұлттар ұлы­ларының тегіне мән бермейді. Зерттеушілері біледі, айтады, бірақ олар үшін тұлғаның белгілі ұлтқа қызмет еткені маңызды. Жалғыз мысал келтірейік, бір жылы Поль­шада болғанымызда  Адам Мицке­вичтің зәулім ескерткішінің алдына апарды. «Неге сонша аспандатып қойған?» деген сауалымызға тегі ақо­рыстық делінетін ұлы ақынның «поляк халқы үшін биіктігін» дәлел­деу үшін деген жауап алдық. Әнеки, же­тілген ұлт! Мұндай ойлар отаншылдық ат­ты қастерлі ұғымға жетелейді. Пат­­риотизм туралы айтқанда, ұлт­шыл­дық, мемлекетшілдік хақында да айтуға тура келеді. Аталмыш тер­мин­­дер жайында  әлемге әйгілі қоғам­танушылар мен философтар­дың пікірлері маңызды, бірақ олар­ға да сын көзбен қараған жөн дер едік. Өйткені зерттеуші немесе пі­кір білдіруші дүниенің қай қиы­рын­да отырып, қай кезде айтса да сол заманның уақиғаларына, еуро­центристік және өзге де көз­қарас­тарға, қандай халықтардың өмірін жақсы білетініне тағы басқа себеп­терге байланысты дөп түспей жата­ты­нын байқайсыз. Айталық, фран­цуз Жорж Клемансоның «Патриот өз халқын сүйеді, ұлтшыл өз ұлты­нан басқаларды жек көреді» – деге­нін­дегі «ұлтшылы» қазаққа кел­мейді. Одан гөрі «Өзге халықты жек кө­ретін адам, өз ұлтын да сүйіп жа­рытпайды» – деген Николай Доб­ролюбовтың пікірі қазақ үшін қисынға келеді.
Сондай-ақ, «Дені сау ұлт, денсау­л­ы­ғына алаңдамайтын адам секілді. Ал сен сол ұлттың намысына ти­сең, бұрынғы абыройын қалпына кел­тіргенше басқа ештеңені ойламай­ды. Ол жолда өздерін басқарған ұлт­шылдардың та­ла­бы орын­дал­ғанша, ешқан­дай реформаторды  да, фило­софты да, уағызшыны да тың­дамайды» – деген Бернард Шоу­­дың пайымы – төрт құ­бы­ласы түгел ұлттардың міне­зі.
Отарлық езгіден жер беті­нен құрып кете жаздап, әрең аман қалған африкалық ұлт­тар­ға, азия­лық қазақ­қа үйлеспейді. Ал ағылшындардан зорлық-зом­бы­лық көрген Махатма Гандидің «Ұлт­шылдық менің түсінігімде елі­ме азаттық әперуі тиіс...» дегені қа­заққа да айтылғандай. Бұл бағытта  аме­ри­калық Дэвид Старр Джорданның  «Егер ит айға қарап ұлыса, ол – дін, ал бөтен адамға үрсе – онысы пат­рио­тизм» деген күлкі шақыратын түйіні де негізсіз айтылмаған деуге болады. 2007-2008 жылдары ұлт пат­риот­тары мен мемлекетшілдер мә­се­лесін көтергендер көбейгені есі­мізде.  Шын мәнінде ол – сауат­сыз пікір. Ұлт патриоты, ұлт­шыл пат­риот орысшадан (калька) сөзбе-сөз аударма. Қазақшасы отаншыл не­месе патриот. Тіпті ұлтшыл мен мем­лекетшілдің де мағынасы осы сөзге сияды. Қоғамтанушылар мен фи­лософтардың пікірлеріне үңіл­сек, фашистік Германиядан кейін алдыңғы қатарлы дамыған ұлт­тар­дағы ұлтшылдық қауіпті. Дамушы немесе бодан болған ұлттардағы ахуал басқаша. Мемлекетшілдік жайлы орыс­тың ұлы философы Николай Бер­дяевтің: «...Ол мемлекетшіл, билік диктатурасын жақтаушы, демок­ратия мен анархияның жауы». «Орыс либералдары мемлекетшіл­діктен гөрі баяғыдан-ақ гуманизмді жақтап келеді» деген анықтамаға бергісіз сөздерін оқыған адам ол тер­минді де байқап қолданса керек. Яғни мемлекетшілдіктің өзегінде диктатура бар. Ол жағымды мінез емес. Алға ұмтылған ұлт  дикта­тура­ны дәріптемейді. Иә, бүгінде әлемнің әр түкпірі­нен, тіпті өз көршілерімізден де шо­винизмнің, фашизмнің ұшқын­дарын байқап, көріп отырмыз. Ал ұлт ретінде өзінің жоқ-жітігін әлі түген­дей алмай, қыл аяғы мемле­кет­тік тілін төрге шығара алмай отырған қазақ қайда, атынан ат үрке­тін жаңағы «измдер» қайда? «Ұлтым» деген қазақтың бойынан фашистке тән вирусты таба алмай­сың. Ол бүгінде тек төрт құбыласы түгел ұлттардан табылуы мүмкін. Қысқасы, жақсыларымыздан жат­тық іздемейік. Олар да біз бен сіз секілді ет пен сүйектен жарал­ған пенде, тегі кім болса да ұлтқа адал қыз­мет еткені маңызды. Қазақ он­сыз да қырық рудан құралған ұлт. Тек бөлінуден зардап шегіп келе­міз. Жақсы мағынасын­дағы ұлт­шыл, отан­шыл болайық, ағайын!

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ