Мінсіздік теориясы немесе жақсылардан жаттық іздеу надандығы хақында
Мінсіздік теориясы немесе жақсылардан жаттық іздеу надандығы хақында
Неге екенін кім білсін, қазақ жылқы секілді «тістеп сүйеді» деген сөздің жаны бар. Бұл ретте де «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» дейтін кемеңгер Абай шығады алдымыздан. Біреу парасатты пікір білдірсе де, «жақсының артынан сөз ереді» деп өзімізді-өзіміз ақтап қойып, сілтей береміз.
Дегенмен «өлісін де» аяп жатқанымыз шамалы. Мысалға сол Абай атамыз туралы «Ондай ұлы ақындар көп, бұл дүниеде» дейміз. Иә, ұлы ақындар аз емес. Бірақ ұлт ақындары толып жатыр дей алмаймыз. Ұлт дегеннен шығады, қазір де қолыңда билік болса немесе сол Абайдың заманында би болсаң, алдыңа жақсы да, жаман да, ақ та, қара да, ұры да, қары да келер еді. Абай қалың қазақтың бойындағы қайшылығын сол би болған жылдары анық көрген деп, тереңдеуге құлқымыз жоқ. Қайшылық әркім өз мінін білмеуден, білгісі келмеуден «құлап жатып қисайғанға күлгеннен» шығады.
Бірнеше шумақ өлең оқиық:
Алтындай қызыл арақтың,
Асылын әкел, аяқшы-ай.
Анық сырын әлемнің,
Аша алмаймын мас болмай. Немесе
Таза арақты әкел, шырақ,
Болайын қайғыдан жырақ.
Бойым – еркін, ойым – ұжмақ,
Тілім – бұлбұл, сөзім – бұлақ! Мұны айтып отырған кім дейсіз ғой? Өз заманының діндар идеологы болған кәдімгі Шәкәрім қажы. Тоқсаныншы жылдары жарық көрген Шәкәрім қажының кітаптарында бұл өлеңдері жоқ. Тек мұрағаттарда жұмыс істеген ғалымдардың арасында айтылып жүретін. Кейіндеу жарық көрді. Осы шумақтарды оқыған бүгінгі әсіредіншілдер не деп әндететінін қазірдің өзінде біліп отырмыз. Ал Шәкәрімнің Алланы аузынан тастамайтын насихатына үйренген басқа оқырман да селк ете қалуы бек мүмкін. Себебі біз кеңестік «мінсіздік идеологиясынан» кейін, ұлыларымызды алдымен пенде ретінде қабылдауды үйрене алмай келеміз.
Ол-ол ма, бүгінгі базар жағалаған ағайынға: «Өлсем орным – қара жер, сыз болмай ма?» деп ет жүрегіңді дір еткізетін жазба поэзияға тән сөз саптас Абайдан басталғанын; «Буыршын мұздан тайған күн» дегендегі «буыршын табанының қыры алмастай өткір болатынын білетін замандастары үшін...»
(Қ.Мырза-Әли) Махамбет сөзсіз дәстүрлі поэзияның шырқау шыңы екенін түсіндіріп, ақ тер, көк тер болмай-ақ қой. Керісінше, Жәңгір хан заманындағы сарай ақыны Жанұзақ айтты делінетін, Махамбетке «Исатайды неге жақтайсың? Сенің атаң басқа еді...» деген мағынадағы сөзін келтірші. Қазақ ондайда елп етіп елеңдей қалады. Тіпті уәжіңе қосылғысы келмесе де, әлгі тақырыпты басқа қырынан толғай жөнеледі. Болмаса Махамбетті «түркіменшахтың баласы» делінетін ертегінің шетін шығарып көрші, сұхбаттасыңыз сізге жаңа қырынан танылуы ғажап емес. Себебі біз болмайтын жаққа қисая беретін қырсықтықтан арыла алмай келеміз.
Қазақ дегенде алдымен аталуы тиіс тұлғаның бірегейі – Құрманғазы. Сол бабамыздың руы – қызылқұрт дегенді оқығанда, қазақ емеспін бе, мен де таңырқағам. Себебі, сонау қиыр шығыстағы менің ауылымда, «қызылқұрт бәленше» деп руы ныспысына телініп айтылатын жалғыз ақсақал болған. Жәй көп пенденің бірі емес, кезінде сол аймақты басқарғандардың қатарынан көрінген азамат еді десетін. Жарайды қазақ мидай араласып кеткен халықпыз ғой. Ол – жамандықтың емес, жақсылықтың белгісі. Құрманғазы Сағырбайұлын айтып жатқаным, осыдан бірнеше жыл бұрын бір баспаның тапсырысымен, 1940 жылдан бастап сексен жылдай уақыт бойы сол ұлы күйші жайлы газет-журналдарда жарық көрген деректерді түгел сүзіп шыққаным бар. Сонда ұққаным – туған жылы туралы дау-дамай өз алдына, оның Иркутскіге айдалғаны мүлдем өтірік болып шықты. Оны қойып оңтүстікке бармаған, Алатауды да көрмеген. Орталық Қазақстанда да болмаған. Қол жетім жердегі Бөкей ордасына да бармауға тырысқан. Жала жабылып бір рет сотталғаны рас. Әйгілі «Алатау», «Сарыарқа» күйлері сол өзі өмір сүрген өңірдегі жерлердің атаулары. Бұл да қызық емес пе? Онда Құрманғазының бір қызын біреулер ұрлап әкеткенін айтайын. Жәй ұрламаған, пароходтың ішіндегі бөшкеге жасырып, Каспийдің келесі жағына жүзіп барғасын, сол жақтағы қазақтарға малға сатқан. Тағы бір таңданарлығы, ол кісі Құрманғазының қызы екенін әбден өлерінде айтыпты. Осыдан кейін қазаққа Құрманғазы да қызық бола бастайтындай. Ал оның теңдессіз ұлы өнері ше? Біз неге осындаймыз деп айғайлағың келеді.
Өткенде бір ағамызға Әлкей Марғұланның керемет ғылыми тұжырымдары жайлы айтып отырсам, «Білесің бе, ол қырғыз ғой...» дегені. Әлемжеліде жақында Димаш Құдайберген жайлы дәл сондай әңгіме қызу пікірталас тудырғаны есімізде.
Жалпы рушылдық, жүзшілдік, топшылдық, жершілдік, біреудің тек жаманшылығын қазу секілді ғадеттерді, ұлттың дерті ретінде қарастырып, жасырмай, жиіркеніш тудыратындай идеология жүргізу үшін оған зиялы қауым атсалысуы қажет. Өзіміз қызыға қарайтын батыс, шығыстағы дамыған ұлттар ұлыларының тегіне мән бермейді. Зерттеушілері біледі, айтады, бірақ олар үшін тұлғаның белгілі ұлтқа қызмет еткені маңызды. Жалғыз мысал келтірейік, бір жылы Польшада болғанымызда Адам Мицкевичтің зәулім ескерткішінің алдына апарды. «Неге сонша аспандатып қойған?» деген сауалымызға тегі ақорыстық делінетін ұлы ақынның «поляк халқы үшін биіктігін» дәлелдеу үшін деген жауап алдық. Әнеки, жетілген ұлт!
Мұндай ойлар отаншылдық атты қастерлі ұғымға жетелейді. Патриотизм туралы айтқанда, ұлтшылдық, мемлекетшілдік хақында да айтуға тура келеді. Аталмыш терминдер жайында әлемге әйгілі қоғамтанушылар мен философтардың пікірлері маңызды, бірақ оларға да сын көзбен қараған жөн дер едік. Өйткені зерттеуші немесе пікір білдіруші дүниенің қай қиырында отырып, қай кезде айтса да сол заманның уақиғаларына, еуроцентристік және өзге де көзқарастарға, қандай халықтардың өмірін жақсы білетініне тағы басқа себептерге байланысты дөп түспей жататынын байқайсыз. Айталық, француз Жорж Клемансоның «Патриот өз халқын сүйеді, ұлтшыл өз ұлтынан басқаларды жек көреді» – дегеніндегі «ұлтшылы» қазаққа келмейді. Одан гөрі «Өзге халықты жек көретін адам, өз ұлтын да сүйіп жарытпайды» – деген Николай Добролюбовтың пікірі қазақ үшін қисынға келеді.
Сондай-ақ, «Дені сау ұлт, денсаулығына алаңдамайтын адам секілді. Ал сен сол ұлттың намысына тисең, бұрынғы абыройын қалпына келтіргенше басқа ештеңені ойламайды. Ол жолда өздерін басқарған ұлтшылдардың талабы орындалғанша, ешқандай реформаторды да, философты да, уағызшыны да тыңдамайды» – деген Бернард Шоудың пайымы – төрт құбыласы түгел ұлттардың мінезі.
Отарлық езгіден жер бетінен құрып кете жаздап, әрең аман қалған африкалық ұлттарға, азиялық қазаққа үйлеспейді. Ал ағылшындардан зорлық-зомбылық көрген Махатма Гандидің «Ұлтшылдық менің түсінігімде еліме азаттық әперуі тиіс...» дегені қазаққа да айтылғандай. Бұл бағытта америкалық Дэвид Старр Джорданның «Егер ит айға қарап ұлыса, ол – дін, ал бөтен адамға үрсе – онысы патриотизм» деген күлкі шақыратын түйіні де негізсіз айтылмаған деуге болады.
2007-2008 жылдары ұлт патриоттары мен мемлекетшілдер мәселесін көтергендер көбейгені есімізде. Шын мәнінде ол – сауатсыз пікір. Ұлт патриоты, ұлтшыл патриот орысшадан (калька) сөзбе-сөз аударма. Қазақшасы отаншыл немесе патриот. Тіпті ұлтшыл мен мемлекетшілдің де мағынасы осы сөзге сияды. Қоғамтанушылар мен философтардың пікірлеріне үңілсек, фашистік Германиядан кейін алдыңғы қатарлы дамыған ұлттардағы ұлтшылдық қауіпті. Дамушы немесе бодан болған ұлттардағы ахуал басқаша.
Мемлекетшілдік жайлы орыстың ұлы философы Николай Бердяевтің: «...Ол мемлекетшіл, билік диктатурасын жақтаушы, демократия мен анархияның жауы». «Орыс либералдары мемлекетшілдіктен гөрі баяғыдан-ақ гуманизмді жақтап келеді» деген анықтамаға бергісіз сөздерін оқыған адам ол терминді де байқап қолданса керек. Яғни мемлекетшілдіктің өзегінде диктатура бар. Ол жағымды мінез емес. Алға ұмтылған ұлт диктатураны дәріптемейді.
Иә, бүгінде әлемнің әр түкпірінен, тіпті өз көршілерімізден де шовинизмнің, фашизмнің ұшқындарын байқап, көріп отырмыз. Ал ұлт ретінде өзінің жоқ-жітігін әлі түгендей алмай, қыл аяғы мемлекеттік тілін төрге шығара алмай отырған қазақ қайда, атынан ат үркетін жаңағы «измдер» қайда? «Ұлтым» деген қазақтың бойынан фашистке тән вирусты таба алмайсың. Ол бүгінде тек төрт құбыласы түгел ұлттардан табылуы мүмкін.
Қысқасы, жақсыларымыздан жаттық іздемейік. Олар да біз бен сіз секілді ет пен сүйектен жаралған пенде, тегі кім болса да ұлтқа адал қызмет еткені маңызды. Қазақ онсыз да қырық рудан құралған ұлт. Тек бөлінуден зардап шегіп келеміз. Жақсы мағынасындағы ұлтшыл, отаншыл болайық, ағайын!
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ