Атажұртқа алғаш көш бастаған қандастар
Атажұртқа алғаш көш бастаған қандастар
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, шетелдегі қандастардың атажұртқа бастаған көшіне де 30 жыл толды. Осынау тарихи сәтке мұрындық болып, үлкен игі іс атқарған тұлғалар көп. Ел тәуелсіздік алған тұста қазақ көшінің бұйдасын ұстаған адамдар жайлы қазір біреу білсе, біреу біле бермейді. Олар Сағат Зақанқызы және Аятхан Тұрысбекұлы деген азаматтар еді. 1991 жылғы 19 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің шешімімен Алматы қаласында Моңғолия Еңбек министрлігінің өкілдігін ашуға рұқсат беріледі. Өкілдік Қазақ КСР-ның Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігіне тіркеледі. Моңғолия Еңбек министрі Ц.Цолмонның бұйрығымен өкілдіктің төрайымына Сағат Зақанқызы, орынбасарына Аятқан Тұрысбекұлын тағайындайды.
Жазушы, саясаткер, экономист «Шапағат» медалінің иегері Сағат Зақанқызы – 1967-1971 жылдары Мәскеудегі Плеханов атындағы Халық шаруашылық институтында білім алған. Қазақтың көші-қон тарихына қатысты «Ұрпақтар тоғысы» және «Ұлы көш: ақиқат пен аңыз» деген кітаптың авторы. Моңғолия Үкіметінің құрамындағы Баға комитетінде 20 жыл табысты қызмет атқарған ол – 1991 жылғы 20 ақпанда Моңғолия премьер-министрі Д.Бямбасүрэннің қабылдауына болып, Моңғолиядағы қазақтарды еңбек шартымен Қазақстанға көшіру туралы өтініш айтып, келісімін алады.
Осынау тарихи оқиғаның куәгері болған Сағат Зақанқызымен хабарласып әңгімеге
тарттық...
– Осыдан тура 30 жыл бұрын, сәуір айы есіңізде болар? Әңгімені осыдан бастасақ...
– Иә, бәрі де көз алдымда. 1991 жылғы 8 сәуірде Қазақ КСР Еңбек министрі Саят Бейсеновтің қабылдауында болдық. Министр мырза: «Шет елден жұмыс күшін алуды Мәскеу шешеді. Өзімізде де жұмыссыздар көп. Дереу қайтыңыздар» деді. Біз аң-таң болдық та амалсыздан шығып кеттік. Министр С.Бейсеновпен болған әңгімені Шәңгерей Жәнібеков мырзаға айтып ақыл-кеңес сұрадық. Көпті көрген Шәкең біздің істеп жүрген ісімізге разы болып отырады екен. «Ондай ұсақ-түйек әңгімеге көңіл бөлсеңіздер алға қойған үлкен мақсаттарыңызға жету қиын болады» деп ақыл айтып, өз қолынан келген көмегін аямайтынын жеткізді. Бізге бағыт-бағдар беріп, көмектесіп тұру үшін «Отан» қоғамының жауапты қызметкері Әбен Омаровқа тапсырма берді.
Ал 1991 жылғы 6 сәуірде Моңғолия елінің Қазақстанды жауаптанған Ташкенттегі бас консулы Б.Будқа телефон арқылы хабарласып, Кербұлақ ауданына 96 жұмысшы алып келгенімізді жеткіздім. Консул мырза «Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы, Еңбек министрінің орынбасары Н.Романовтарға барып жұмыс күшін алып келгендеріңді айтып, ары қарайғы жоспарларыңды таныстырыңдар» деді. Біз алдымен
С.Батыршаұлына бардық. Ол кісі бізді жылы қабылдап, қысқаша әңгімелесті де, кешке «Жерұйық» мейрамханасына шақырды. Дастарқан басында асықпай отырып әңгімелестік. Сөз ләмі «шет елде жүрген ағайындар елге оралса екен» деген ізгі ниетте екенін біліп, марқайып қалдық.
– Ал сөйтіп тарихи көш қалай басталды?
– Біз атажұртқа көшуді Қазақстан Тәуелсіздігінен бұрын қолға алдық. Халық қатты аңсады «ағайындар елге келсе екен» деп. Бірақ кейбір шенділер «қазір қабылдай алмаймыз, тәуелсіздігімізді алып алайық, содан кейін көшіріп аламыз» деген де әңгіме болды. Мұндай кедергілердің бәрін айналып өтіп, қолдайтын адамдарды тауып, алғашқы көшті әкелдік. Моңғолиядан Қазақстанға 96 адам көштің алғашқы қарлығаштары болып, бес күн жол жүріп 1991 жылғы 17 наурызда түскі сағат 15-те Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентіне тоқтады.
Көштің бастауы Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласы мен оның төңірегінде қоныстанған қазақтардың өз қаражатымен Қазақстанға қопарыла көшуінен басталған еді. Олар туып-өскен жеріне, тұрып жатқан үйіне, атқарып келген лауазымды қызметіне де қарайлаған жоқ. «Қазақ еліне жетсек» деген ізгі ниет қана болды.
[caption id="attachment_143998" align="alignnone" width="1198"]
Осы салтанатты жиында, жұмысы артта қалып жоспары орындалмайтын ауыр жағдайдағы өндірісті алдыңғы қатарға қосып, нәтижелі жұмыс атқарғаны туралы басылым бетіне жиі шығып жүрген, Кеңес Одағынан білім алып келгендердің атынан Аятхан Тұрысбекұлына сөз берілген еді.
Мазмұнды да қысқа-нұсқа сөзімен жиналған жұртты баурап, ел қошеметіне бөленген Аякең демалыс арасында көп жылдан бері мемлекттік жоғарғы басқару қызметін атқарып жүрген ел ағасы Қабдыл Шәбіұлымен (Моңғолияның 5 аймағында әкім болған тұлға) бірге Д.Қонаевқа барып, жүзбе-жүз көрісіп, сәлем берген еді. Қазақша жөн сұрасып қол алысқан, естен кетпес ерекше тебіреністе болған сол бір сәтін еске алғанда Димаш аға: «Иә есімде, сондағы жалынды жас жігіт сен екенсің ғой. Бәрекелді, ел азаматы болып енді, міне, атажұртқа еліңді бастап келіп жатқаның сүйсінерлік жайт. Алыстағы ағайынды көшіріп әкеле беріңдер. Қолдаймыз. Кешікпей мен Талдықорған облысына барамын. Сонда облыс басшысы С.Тұрсыновқа айтып, тапсырамын» деп ағынан жарылды. Қонаев ақсақал бұл кезде қызметтен енді түссе де, әлі де сөзі өтімді кезі болатын.
– Ең алғашқы қазақ көшінің бел ортасында болдыңыз. Моңғолия қазақтарынан басқа ағайындардың қалай келгенін білесіз бе?
– Жалпы, халықаралық миграция заңында барлық елдерге бірдей қағидалары болады. Мысалы, еңбек шарты, білім алу, отбасы жағдайы т.б. Қазақстан көші-қон саясатын сол халықаралық нормаларға сүйене отырып жүргізді. Біз Моңғолия қазақтары еңбек шартын таңдадық. Моңғол ағайындар өздері де шет елдерге еңбек шартымен жұмыс істеп кете бастады. Біз осы ұрымтал тұсты пайдаланып: «Моңғолиядағы қазақтарды Қазақстанға еңбек шартымен жіберейік, тілін түсінеді, салт-дәстүрі бір халық» дегендей бұлтартпас мысалдарды алға тартық. Сөйтіп Моңғолия үкіметінің келісімін алып, барлығын құжат жүзінде заңдастырып алдық. Өйткені қаншама қара орман қазақтың тауқыметін арқалап алып бара жатқан соң, қалайда ел жағдайы жақсы болып кету үшін құжат мәселесі тап-тұйнақтай болуы керек екенін түсіндік.
Ал басқа жақтан келген қазақтарға келсек, бізден кейін Қытайдан үш-төрт зиялы азамат келіп көшудің жолдарын сұрады. Бұл топты бастап жүргендердің бірі – жазушы Жақсылық Сәмитұлы болатын. Біз қалай келгенімізді түсіндіріп айттық. Менің білуімше, Қытай қазақтары Көші-қон заңының «туысшылап келу» деген бабына сүйеніп келді. Қытайдан 60-жылдары келген қазақтар туыстарына шақырту жіберу арқылы көш басталды. Сөйтіп, Қытай қазақтары бертінге дейін сол шақырту бойынша келіп қоныстанып жатты. Ал басқа ТМД елдеріндегі қазақтардың көшіп келуі аса бір қиын болмаған сияқты. Бұрыннан бір-біріне келіп-кетіп жүретін, бір жүйеде өмір сүрген халық ретінде орналасу, сіңісу алыс шетелдерден келетін ағайындарға қарағанда жеңілдеу болды ма деп ойлаймын.
– Өзіңіз Ресейде, Моңғолияда лауазымды қызметте болдыңыз. Ал елге келгеннен кейін қандай қызмет атқардыңыз?
– Мен Қазақстанда 1997 жылға дейін Моңғолия Еңбек министрлігінің ресми өкілі қызметін атқардым. Көші-қон саласында көп жыл жұмыс істедім. Көші-қон және демография комитеті құрылды. Бізге сонымен бірлесе жұмыс істеңдер деді. Ал біз 1991 жылдан кейін 2001 жылы, яғни 10 жылдан кейін азаматтық алдық. Әйтпесе әлдеқашан осы жақта да өзіме тиесілі қызмет істер едім. Сондықтан жеке шаруашылықпен айналысып, жан бақтық. Көш тарихында көпке дейін шешілмеген мәселе азаматтық болды. Бұл мәселені Парламентке дейін көтердік. Сөйтіп, көшіп келген қазақтарға жаппай ықтиярхат берілетін болды. Осыдан кейін азаматтыққа қол жеткіздік.
– Ең алғашқы келген көш мал-мүлкімен келген екен. Мұны қалай жүзеге асырдыңыздар?
– 1991 жылы Моңғолияның тұңғыш президенті П.Очирбат мырзаның қабылдауында болдық. Көші-қонға байланысты алты мәселе көтердік. Соның бірі көшіп жатқан адамдардың өзіне тиесілі бүкіл дүние-мүлкін және малын алып көшіру болатын. Президент алты мәселенің бесеуіне қарсылық білдірген жоқ. Ал малымен көшіру мәселесі шешілмеді. «Мал моңғол елінің қазынасы, оны шетелге шығармаймыз» дегенді айтты. Мұны Қазақстандағы басшыларға айтып «қора-қора малымызды қалай тегін тастап кетеміз? Осының шешілуіне ықпал етсеңіздер» дедік. Содан екі ел ортақ келісім жасап, шектеулі мал саны көрсетілді. Сол бойынша 1991 жылы біраз отбасы мал-мүлкімен көшіп келді. Моңғолиядан әкелген мал Заринский ет комбинатына өткізілді. Сосын қай жерге барсаң сол жерден ет комбинатынан алған түбіртекті көрсетіп малын санап алатын болды. Оның кейбірі малдарын ала алмай қалды. Өйткені олар мал алып үлгергенше кейбір барған жерлерде совхоз тарап кеткен еді. Екінші инфляция жүріп кетті де, он жылқының орнына бір тай алғандары да болды. Мұны көрген халық одан кейін «малымызды әкелеміз» деген де жоқ. Осылайша, Моңғолиядан мал әкелу тоқтап қалды.
– Алғашқы көшті бастаған азаматтарды айтқанда, сізбен бірге Аятхан Тұрысбекұлы деген тұлғаның есімі бірге аталады. Сол кісі жайлы айта кетсеңіз.
– Осы жұмыстардың көбі сол кісінің арқасында жүзеге асты. Аятхан Тұрысбекұлы болмаса жалғыз мен қайда барамын? Қаншама ел-жерді жалғыз әйел адамға аралап жүру қиын ғой. Сонымен қатар, менің туған інім Сайт та болды. Біздің мақсат-мүддеміз бір жерден шықты да осы жұмысты бірге атқардық. Аятхан Тұрысбекұлы Украинаның Киев қаласында оқыды. Ұланбатырда ақша жасайтын зауытта істеген. Көптеген шет елде болып, ақша жасаудың қыр-сырын меңгерген, тіпті моңғолдардың өз ішінен табыла бермейтін маман иесі болды және сол ақша жасайтын мекеменің басшысы қызметін атқарды. Бірақ Аякең осының бәрін ысырып қойып, қазақтарды атажұртқа көшіру ісіне араласты.
Қазақстанға еңбек шартымен келген ағайын Моңғолиянның экономика заңы бойынша елге салық төлеп, сол түскен салықтан біздің айлық-жалақымыз төленетін болып келісілген. Ал біз Қазақстанға келгеннен кейін өз күнімізді өзіміз көрдік. Бірде аш, бірде тоқ жүрсек те көшті тоқтатпай, жүргізе бердік. Аятхан аға екеуміз бастаған істі «делдалдық жасап жүр» деп көре алмай, пыш-пыштағандар да болды. Бірақ қазақтың «ит үреді, керуен көшеді» деген сөзі рас екен, көш тоқтамай жүре берді.
– Осы қазақ көшіне тілеулес қамқор болған, қолғабыс еткен тұлғалар туралы айтып беріңізші...
– Осынау тәуелсіздік жылдарында қазақ көшіне үлкен қамқорлық жасаған адам, әрине Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Көш аясында жасалған көптеген бағдарлама жүзеге асқаны белгілі. Оның игілігін ағайын көрді. Одан кейін бір адам – бұрынғы Талдықорған облысы Кербұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеужан Садықұлов. Ол кісі үлкен тарихи оқиғаға мұрындық болған алғашқы тұлғалардың бірі. Қазір де аман-сәлеміміз үзілген жоқ. Мен ол кісіні «мұзжарғыш кеме» деп атаймын.
[caption id="attachment_144000" align="alignnone" width="677"]