Тауардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды – Сенатта заң жобасы қабылданды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды.

Осы Келісім арқылы міндетті талаптарды белгілейтін ЕАЭО-ның Бірыңғай тізбесіне енгізілмеген өнімдермен қатар аталған тізбеге енгізілген, бірақ Одақтың оларға қатысты техникалық тәртібі қабылданбаған немесе әлі күшіне енбеген өнімдердің де айналым тәртібі анықталады. Қазіргі таңда мұндай өнімдердің көлемі 15 пайыздан кем емес.

Бұл өнімдердің қауіпсіздігін ЕАЭО заңнамасына сәйкес өнімді өндіретін және жеткізетін жеке кәсіпкерлер, оның ішінде дайындаушылар, сатушылар және импорттаушылар қамтамасыз етеді. Осы ретте Келісім бизнес үшін ешқандай әкімшілік кедергілер тудырмайтынын атап өткен жөн.

«Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық процестердің, тауарлардың, қызметтердің және капиталдың бірыңғай нарығын қалыптастыру үшін техникалық реттеу саласында біркелкі қағидаларды бекіту аса маңызды. Бұл Одаққа мүше елдердің кәсіпкерлеріне тең жағдай жасау және адал бәсекелестікті қалыптастыру үшін қажет. Сонымен қатар, тұтынушылар үшін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды екені сөзсіз. Сондықтан бүгін қабылданған заң өнімдердің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген, Одақтың техникалық регламеттерімен реттелмейтін тауарлардың айналым тәртібін белгілейді. Соның нәтижесінде тұтыну нарығындағы бір топ тауардың қауіпсіздігін күшейтетін құқықтық негіз қалыптасады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Back to top button