Сөздік құрастыруға қазақстандық ғалымдар көмектеседі
Сөздік құрастыруға қазақстандық ғалымдар көмектеседі
Газетіміздің 2021 жылғы 18 ақпандағы (№07) санында Оңтүстік Кореяның Хангук шет тілдері университетінің түлегі әрі қызметкері Цой Ён Сонның (қазақша есімі – Нұрай) «Қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеймін» деген сұхбаты жарияланған болатын. Шетелде қазақ тіліне жанашырлық жасап, сонымен қатар сөздік құрастыруға көмектесетін маман іздеп жүрген кәріс қызының сұхбатын оқыған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрлігіне тапсырма беріп, Нұрайдың өзіне алғыс хат жолдағаны туралы да газетімізде жазған едік («Талабыңа нұр жаусын, Нұрай» №11, 18.03.2021).
Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрайға сөздік құрастыруға қолғабыс жасайтын мамандар тауып беру жайлы нұсқау алған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тапсырманың қалай орындалғаны жайлы баяндап, Мемлекет басшысына хат жолдады. Онда министр мырза Президент хатының Кореядағы Нұрайға табысталғанын, сөздік құрастыруға қатысты отандық мамандармен байланыс жасалғанын баяндаған.
«Қазіргі кезде аталған сөздікті құрастыру мақсатында, отандық мамандармен тиісті пысықтау жұмыстары жүргізілуде. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысына орай, Хангук шет тілдері университетінің қызметкері Цой Ён Сон Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Шығыстану факультетінің аға оқытушысы Ф.Борантаева және оқытушы А.Амангелдімен байланыстырылды. Аталған қазақстандық университет өкілдері Цой Ён Сонға жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетуде», – делінген хатта.
Қазақстан Президентінен алғыс хат алған қазақ тілінің жанашыры кәріс қызы жайлы жаңалық сол сәтте бүкіл ақпарат құралдарына тарап, қазақстандық аудиторияны сүйсіндірген. Біздің тілшілеріміз Нұрайдың өзіне хабарласқанда Ақордадан хат алғанына ерекше қуанғанын айтып, Túrkistan газетіне алғыс білдірген еді. Енді міне Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Нұраймен бірге қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға лайық мамандар да белгілі болды. Салт-санасы сан түрлі халықтарды жақындастыратын құрал тіл дейтін болсақ, тілді меңгеруде сөздіктің орны ерекше. Егер қазақ-кәріс сөздігін құрастыру сәтті жүзеге асса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үлкен сый болары сөзсіз.
Ақпараттық технологияның дамыған уақытында кез келген жаңалықтың таралу жылдамдығы мен аудиторияға әсер ету ықпалы орасан зор. Осы орайда Мемлекет басшысының ұлт болашағына қатысты әрбір жаңалыққа мән беріп, назарда ұстап отырғаны барлық мемлекеттік қызметкерге үлгі болары сөзсіз. Өзге елдің азаматы болса да, біздің мемлекеттік тілге қатысты ілкімді жоба ұсынып отырған Нұрай сияқты мамандардың бастамалары қолдауға әбден лайық.