Жаңалықтар

Карантин құрсауы кәсіпкерлікке ауыр соққы болды

ашық дереккөзі

Карантин құрсауы кәсіпкерлікке ауыр соққы болды

Елімізде коронавирус қайта өршіді. Республика аума­ғында вирустың мутацияланған түрі анықталғалы бері індет жұқ­тыр­ғандардың тәуліктік өсімі күннен-күнге ар­тып келеді.  «Қызыл» аймаққа енген өңірлерде шектеу шара­­­лары қайта күшейтілуде. Ұзақ уақыт бойы жұмыстары тұра­лап, енді ғана ес жиып, еңсесін тіктей бастаған нысан­дар­дың қызметі қайтадан шектелді. Кей­бірінің есігіне қара құлып біржола салынды. Шағын және орта бизнес тығырыққа тірелді Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 30,8 пайызы – шағын және ор­та биз­нестің үлесінде. Бұл салада елдің 3,3 млн тұрғыны жұ­мыс­пен қам­тылған. Бұл – еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың 37 пайы­зы. Демек, ша­ғын және орта бизнес қалай дамыса, ел эко­номикасы да сондай қар­қынмен алға баспақ. Өкінішке қарай, пандемия нәсібін жеке кәсіптен тауып жүрген та­лайдың тауын шақты. Мамандардың айтуынша, індеттің кесірі­нен елі­мізде 13 бизнес түрі қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Әсіре­се, банкеттік зал­дар, фудкорд сынды қоғамдық тамақтану орын­дары әлі күнге жұмы­сын бастай алмай отыр. Қолда бар ақ­паратқа сүйенсек, кәсіпкерліктің бұл сегментінде 95 мыңнан астам биз­нес нысаны тіркелген. Кесірлі кесел салдарынан соның 50 пайы­зы мүлдем жабылып қалған. Finprom сарапшыларының есебінше, елі­мізде белсенді шағын кә­сіп­орын­дардың ең көп саны 2020 жылдың шілдесінде тіркелген: 164,3 мың. Одан кейінгі кезеңде бұл көр­сет­кіш құлдырай берген. 2021 жылдың қаң­та­рындағы дерек бойынша Қазақстанда 159,7 мың белсенді шағын кәсіпорын болды. Бұл өткен жылдың шілдесімен са­лыстырғанда 2,8 пайызға аз. Яғни, жарты жыл ішінде бел­сенді шағын кә­сіпорындар саны 5 мыңға қыс­қарды. Белсенді шағын кәсіпорындар санының қыс­қаруымен қатар уақытша белсенді емес кә­сіпорындар саны өсуде. Мәселен, бір жыл ішін­де олардың саны 23,3 пайызға, 120,5 мың бірлікке дейін ұлғайған. Көп өңірде ка­рантин күшейтілгенін ескерсек, бұл көрсет­кіш тағы өсе түсетіні анық. Кәсібі тоқтап, нәсібінен қағылғандар шара­сы таусылып, жер-жерден Президенттің аты­на үндеу жолдауда. Наурыздың соңында ал­матылық кәсіпкерлер Мемлекет бас­шы­сынан қаржылай қолдау көрсетуді өтінді. Кә­с­іпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің тө­рағасы Максим Барышев қолдауды тәу­лігі­не 2 млрд теңгеге бағалады. Бұл қаражат тоқ­­тап тұрған кәсіпорындар қызметкерл­ері­нің жалақысын сақтауға және жалдау ақы­сын төлеуге көмектеседі дейді ол. Максим Ба­ры­шевтың сөзінше, Алматыда бүгінде 250 мың адам жұмыс істейтін 50 мың кәсіпо­рын­ның қызметі тұралап тұр. «Жұмысы тоқтаған кәсіпорындардың қыз­меткерлері несие, салық, пәтерақы сияқ­ты ай сайынғы міндеттемелерін өтей алмай қи­налуда. Ішерге ас таппай отырғандар да бар. Біз жүргізген сауалнама қорытындысына сәй­кес, карантин салдарынан Алматыдағы кә­сіпорындардың табысы бірнеше есе тө­мен­деген, қоғамдық тамақтану орындарының кірісі 90 пайызға дейін азайды. Сауалнамаға қа­тысқан кәсіпкерлердің 59 пайызының жал­дау және коммуналдық төлемдерді өтеу­ге, 54,2 пайызының жалақыға, 37 пайызының са­лық төлеуге қаражаты жоқ», – дейді М.Барышев. Шымкенттік кәсіпкерлер де тығырыққа тірелдік деп дабыл қақты. Әсіресе, тойхана ие­лерінің жағдайы мәз емес. Жуырда Кә­сіп­кер­лер палатасында Шымкент қаласы әкі­мінің орынбасары Айбек Саттыбаевтың, Кә­сіпкерлер палатасының директоры Нұр­лан Қабыштаевтың және салаларға жауапты басқар­ма басшыларының қатысуымен өткен жиында жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлер өз мәселелерін ортаға салып, өтініштерін жет­кізді. «Той бизнесі саласында жұмыс істей­тін­дер­дің 90 пайызы жұмыссыз қалды. Тойхана ие­лері ғимаратты күтіп ұстау, кейбір қыз­мет­керлерін сақтау үшін шығынға батуда. Ор­таша шығын 1 миллионнан 3,5 миллион тең­геге жетеғабыл. Сондай-ақ, осы салада жүр­ген көп кәсіпкердің банктер алдындағы не­сиелік міндеттемелері бар. Тойхана өкіл­дері санитарлық-эпидемиологиялық нор­ма­ларды қатаң түрде сақтауға дайын. Ғи­мараттың толымдылығын 50 пайыздан асыр­май той-томалақтарды 20.00-ге дейін өт­кізуге рұқсат берілсе екен. Бұл ең болмаса қыз­меткерлердің жалақысын төлеуге және ғи­маратты күтіп ұстауға сәл болса да көмек бо­лар еді, – деді «Мерей», «Шымкент холл» той­ханаларының иесі Берік Өтебаев. Кіріссіз қалған кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі? Ел билігі кәсіпкерлердің нендей жағ­дай­да екенін білмейді емес. Бәрін көріп, біліп отыр. Десе де, дәл қазіргі жағдайда той-тома­лақ жасауға, халықтың көп болып жиналуы­на рұқсат беру – қылмыспен тең. Экономи­ка­ның игілігі үшін ұлт саулығын қатерге тігу­ге болмайды. Сондықтан мемлекет бас­шы­лығы өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дыр­май, сындарлы кезеңнен сүрінбей өтудің бар­лық жолын қарастыруда. Жуырда коронавирус індетіне қарсы іс-қи­мыл жөніндегі жиын барысында Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құ­зыр­лы органдарға елімізде карантиндік шек­теулердің басым бөлігі алынғанға дейін кә­сіпкерлердің кредитін төлеу мерзімін кейін­ге шегеруді жүктеді. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі мен Ұлттық банкке экономиканың зар­дап шеккен секторларындағы шағын жә­не орта бизнестің кредиттері бойынша тө­лем­дерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пы­сықтауды тапсырамын», – деді Мемлекет бас­шысы. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­мет­­ке карантиннен зардап шеккен сала­лар­дағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді тө­леуді кейінге шегеру қажеттігін айтты. «Екіншіден, салықтық және кедендік бере­шектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқ­тата тұру керек. Бұл шаралар шын мәнінде жап­пай вакцинациялау басталғанға және шек­теулердің басым бөлігі алынғанға дейін қол­даныста болуы тиіс», – деп қадап айтты Пре­зидент. Бұл жеңілдікке ұзын ырғасы 500 мыңдай кәсіпкер ие болмақ. Үкіметтің дерегінше, биз­нес өкілдерін салықтан және өзге де тө­лем­нен босатқан кезде қазына 67 млрд тең­геден қағылады екен. Бизнесті оңалту үшін жасалатын қадам болғандықтан мұны ел эко­номикасын жігерлендіру жолы деп түсін­ген жөн. Жекелеген облыс, қала әкімдіктері де жер­гілікті кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі тәсілдерін қарастырып, шағын және орта биз­несті тығырықтан шығарудың тиімді жо­лын іздестіруде. Мәселен, өткен аптада Ал­маты қаласының әкімі Бақытжан Са­ғын­таев бұқаралық ақпарат құралдарына ар­налған онлайн брифингте аймақтық дең­гейде бизнес қоғамдастықты қолдау мақ­сатын­да олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кешенді шаралардың дайындалғанын айтты. Шаһар басшысының сөзінше, қолдау шаралары биз­нес-қауымдастықпен және «Атамекен» кәсіп­керлер палатасымен бірге талқыланған. Өңір­лік және қалалық іскерлік кеңестердің оты­рыстарында коммуналдық төлемдер, жұ­мыс істемеген кездердегі жалдау ақысы бойынша қарыздарды жою шаралары ұсы­нылған. «Кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі дайын­далған іс-шаралар пакеті орта кәсіпкерлік шы­ғындарды, коммуналдық төлемдерді то­лық субсидиялауды, қоғамдық жұмыс орын­дарын құруды, мемлекеттік және ква­зи­мемлекеттік мүлікті жалдаудан босатуды, ба­зарлар мен ОСО-да орын жалдаушыларына жал­дау ақысының 30 пайызын субси­дия­лау­ды қарастырған», – дейді Бақытжан Сағын­таев. Өткен жылы ұзақ уақыт бойы «қызыл» ай­мақта болған Павлодар облысының кәсіп­керлеріне де қатаң карантин оңайға соққан жоқ. Шектеу шараларынан өзге салаларға қара­ғанда қоғамдық тамақтану орындары кө­бірек зардап шекті. Қоғамдық тамақтану қауым­дастығының мәліметінше, облыста каран­тинге дейін 490 нысан жұмыс істесе, олардың 70 пайызы жабылып қалған. Ал аймақ атқамінерлері жергілікті кәсіпкерлерге қол­дан келгенше қолдау көрсетіп отырмыз дей­ді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Пав­лодар облысы бойынша филиалының ди­ректоры Айнагүл Байдәулетованың айтуын­ша, өткен жылдың қорытындысына сәй­кес «Бизнестің жол картасы – 2025» бағ­дарламасын жүзеге асыру бойынша өңір оң динамика көрсеткен. «2020 жылы 398 жаңа жоба бойынша суб­сидиялау келісімшарттарына қол қойыл­ды. Бұл – 2019 жылға қарағанда 59 пайызға артық. Бір жыл ішінде 22,5 млрд теңгеге не­сие ұсынылып, 1,69 млрд теңге субсидия тө­ленді. Ал кепіл беру бойынша өткен жылы 440 жобаға 19,8 млрд теңге несие, 6,5 млрд те­ңгеге кепіл берілді», – дейді Айнагүл Байдәулетова. Сонымен қатар, өткен жылы Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен салалар анықталып, оларға қосымша көмек көр­сетілген. Нақтырақ айтсақ, 902 жоба бойын­ша 779 миллион теңге субсидия тө­ле­ніпті. Біржолғы көмек бұрын бағдарл­а­маларға қатыса алмаған салалар – сауда жә­не қоғамдық тамақтану нысандарына беріл­ген. Өңір басшылығы биыл да мем­лекет­тік бағдарламалар аясында кәсіпкер­лерге қолдау көрсету, әсіресе, індет салдары­нан зардап шеккен шағын және орта бизнес ны­сандарын ынталандыру шаралары жалға­сын табатынына сендіріп отыр. Бизнестің болашағы вакцинацияға тәуелді Кесірлі кеселдің қашан ауыздықталарын еш­кім тап басып айта алмайды. Ұжымдық им­мунитет қалыптасып, індет жұқтыру де­рек­тері азайғанда ғана карантинсіз өмірге ора­ла аламыз. Бизнестің де тынысы сол кезде ашыл­мақ. Коронавируспен күресіп жатқан бүкіл әлемді індет құрсауынан құтқарар бір ға­на жол бар. Ол – жаппай вакцинация. Өкінішке қарай, иммундау қарқыны бойын­ша Қазақстан көшбасшы елдерден бір­шама артта қалып келеді. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елі­мізде жаппай екпе салу жұмыстары бас­талған 1 ақпаннан бастап екі ай ішінде ха­лық­тың 0,2 пайызға жетпейтін бөлігі ғана вак­цина алған. Бұған ең әуелі екпенің же­тіс­пеушілігі себеп. «Пандемиямен күрестің сәтті өтуі елдің бә­­секеге қабілеттілігінің негізгі элемент­тері­нің біріне айналып отыр. Кемінде қысқа және орта мерзімде. Әлемдік қалыпқа келу өсі­мінің жиегінде қалып қоймау, аутсайдер елдер санатына түсіп қалмау маңызды. Ендігі маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісуге тура келеді. Біз жедел жеткізілім үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз», – деді Президент ко­ро­навирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында. Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау ми­нистрі Алексей Цойға бір ай уақыт беріп, вак­цинациялау қарқынын арттыруды жүк­теді. Сәуірдің соңына дейін жағдайды түзей ал­маса, орнын босатуға тура келетінін ес­кертті. Президенттің мұндай қатаң талап қоюы бекер емес. «Вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ға­на проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл азаматтарымыздың ара­сында дертке шалдығушылар мен өлім жағ­дайының көбеюі деген сөз. Бұл – бизнес кірі­сінің азаюы, бюджетке салықтың толық түс­пеуі, жалпы ұлттық байлығымыздың тө­мендеуі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Роза ЖАҢАБЕКОВА, тойхана иесі (Алматы облысы):   Қызметкерлерімнің көпшілігін қысқартуға тура келді – Елімізде той-тоймалақтың тоқтауы осы саланы тұрақты табыс көзіне айналдырған жүздеген мың адамды кіріссіз қал­дырды. Әншілер мен асабаларда табыстың басқа көздері аз емес. Ал тойханаларда қаншама жылдан бері жұмыс істеген қарапайым аспаз, еден жуушы, даяшы секілді кәсіп иелерінің көпшілігі әлі күнге дейін жұмыс таппай сенделіп жүр. Тойханам аса үлкен болмаса да, көктемнен қара күзге дейін шағын тойлар, банкеттер үзілмейтін. Тойға тыйым салынғалы қоластымда жұмыс істейтін қаншама қызметкерді қысқартуға тура келді. Тойхана ашылғалы бері адал қызмет етіп келе жатқан жұмысшыларым бар, бәрінің бала-шағасы бар, ешкімді жұмыстан шығарғым келген жоқ. Бірақ қаржылық жағдайымыз мәз емес. Ғимаратты күтіп ұстау шығынының өзі қалтаға әжептәуір салмақ болып тұр. Қан­ша­ма жыл бар ықыласыңды, жиған-тергеніңді салған кәсіп болғандықтан, есікке қара құлып­­ты салып кетіп қала алмайсың. Бүгін болмаса ертең індет басылар, тойға қайтадан рұқсат берілер. Сол уақытта тойхананың тоз-тозы шығып тұрмасын деп күтім жасап отыр­мыз. Әзірге тек асханамызда тапсырыспен азын-аулақ тәттілер пісіріп, үйге жеткізіп беру қызметін көрсетудеміз. Одан түскен табыс аспаз келіншектердің жалақысы мен ком­муналдық төлемдерден артыла қоймайды. Өзгелер секілді ұрланып той жасауға арым жібер­мейді. Індет асқынып тұрғанда қаншама адамның денсаулығын қатерге тіккім кел­мейді.