Кемелдік келбеті

Кемелдік келбеті

Кемелдік келбеті
ашық дереккөзі
Саясатты мемлекет басқар­ған тұлғалар жасайтыны бел­гілі. Сондай-ақ, саясат жайын­­да аса ауқымды талдаулармен ел бо­ла­шағы үшін істелген іс­тердің мән-ма­ғы­насын жан-жақ­ты түсіндіріп беретін де солар. Өйткені кез келген адам кө­теріле ал­майтын биіктен қа­рап – кең барлап, терең толғау үшін тек ел басқару тәжірибесі ғана емес, үлкен парасат, сын­дарлы ой керек. Сон­да ғана ірі саясаткердің қаламынан ха­лық­­ты мемлекетшілдікке тәр­биелейтін мән-маңызы зор ең­бектер тумақ. Оқығанға осындай ой салатын Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ширек ғасырдан бері шығып келе жатқан кітаптары еліміздің бүгінгі және болашақ интеллектуалдары үшін зор пайдасын тигізері анық. Себебі Қазақ­стан Президентінің мемлекеттік мүдде тұрғы­сынан ой толғап, әлемдегі оқиғалар мен елдің дамуы жайлы жасаған талдаулары парасатты пайым­ға толы. Жалпы дәрежесі биік дипломат, халық­ара­лық қатынастар ісінің аса көрнекті тұл­ға­сының бірі Қасым-Жомарт Тоқаев саяси мә­селелер жөнінде, оның ішінде халық­ара­лық маңызды оқиғалар жайлы кітап жазу ісін ерте кезден бастаған. 1975 жылы Мәскеу мем­лекеттік халықаралық қатынастар инс­титутын бітіргеннен кейін КСРО Сыртқы іс­тер министрлігіне қызметке тұрып, 1983 жы­лы Бейжің лингвистика институтында 10 айлық тәжірибеден өтеді. Ал 1985 жылы Бей­жіңдегі кеңес елшілігіне жіберіліп, онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы жә­н­е кеңесші лауазымдарында қызмет ат­қар­ған. Сонда жүргенде 1989 жылы Бей­жің­нің Тяньаньмэнь алаңында болған сту­дент­тер толқуын көзімен көрген Қ.Тоқаев өзіне әсер еткен бұл оқиға туралы отандастарына әңгімелеп беруді алдына мақсат етіп қойған. Сөйтіп 1993 жылы «Как это было: хроника вол­нений в Пекине (04.1989-06.1989)» («Бұл қалай болды: Бейжіңдегі толқулар хро­ни­касы. (04.1989-06.1989)» атты кітабын шы­ғар­ды. Саясаткердің көзімен Қытайдағы бол­ған оқиғаның жайы баяндалған бұл кітап қа­зіргідей ақпараттық технология дами қой­маған заманда қалың жұртқа Азиядағы алып елде болған жағдайдың себебі мен салдарын тү­сіндірген бағалы кітап болды. 1989 жылғы 15-18 мамырда КСРО Пре­зи­денті М.Горбачевтің Қытайға жасаған рес­ми сапары кезінде Қытайда демок­ра­тия­лық өзгерістер болғанын қалаған Қытай сту­денттерінің толқуына қайта құру кезінде КСРО-да болып жатқан өзгерістердің дем бергені анық. Алайда Қытай коммунистік пар­тиясы басшылығы мәселені келісіммен бейб­іт түрде шешуге тырысып бақса да одан оң­ды нәтиже шығара алмай, бұл саяси дағ­дарыс­тан тезірек құтылу үшін ереуілдеткен ха­лыққа қарсы күш құрылымдарын қолдан­ды. Алайда бұл әрекеті Қытайды әлемдік қауым­дастық алдында демократиялық өзге­рісті қаламайтын ел ретінде танытып, Тя­ньа­ньмэнь оқиғасы әлі күнге оны сынаушыларға мық­ты аргумент болып келеді. Мәселенің осы жағына ой жүгірткен Қасым-Жомарт То­қаев сол кездегі Қытай басшылығының ше­шімі дұрыс болды ма деген сауалға жауап ізде­теді. Халықаралық дәрежедегі дипломат,  әлем­дік масштабтағы саяси үдерістердің дем-ты­нысын терең сезінетін Қ.Тоқаевтың 1995 жылы шық­қан «Организация Объединенных Наций: полвека служения миру» («Біріккен Ұлт­тар Ұйымы: Бейбітшілікке жарты ғасыр қыз­мет» кітабында БҰҰ-ның әлем ел­­дері ара­сындағы бейбіт келісімдер мен қа­­тынас­тардағы рөлі жазылса, одан кейінгі «Тәуел­сіздік туы астында» («Под стягом неза­ви­­симости», 1997), «Жаһандану жағдайын­да­ғы Қазақстанның сыртқы саясаты» («Вне­ш­няя политика Казахстана в условиях глоба­ли­за­ции», 1998), «Қазақстан Респуб­лика­сы­ның дип­ломатиясы» («Дипломатия Респуб­лики Казахстан», 2001), «Беласу» («Прео­до­ление», 2003), «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі («Дипломатическая служба Республики Казахстан», 2004), «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень», 2007), «Тарих жаз­­­ған адам» («Он делает историю», 2010) кі­тап­­тары Қазақстанның саяси-экономи­ка­лық даму үдерісіне арналды. Ал «Тәуелсіздік туы астында», «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы сая­саты» деген екі кітабында тәуелсіз Қазақстан Рес­публикасының өз іргетасын қалап, әлем­дік қауымдастықтың тең құқықты мүшесіне айналып халықаралық аренада өз даму жолы бар ел ретінде таныла бастаған кезі, геосаяси жағдайлардағы алғашқы қадамдары жайлы айтылады. Кітап авторы аталған еңбегінде экономика мен саясаттағы жаһандану мә­се­лелерін толғап, Қазақстан Респуб­ли­касының сыртқы саясатындағы экономикалық фак­торларға талдау жасайды. Халықаралық қатынастардың бүге-шіге­сіне дейін білетін және бұл салада мол тәжі­ри­бесі бар Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қа­зақ­стан Республикасының дипломатиясы» («Дип­ломатия Республики Казахстан») (2001) кітабын Қазақстан Республикасы сырт­қы саясатының қалыптасуы мен да­муының алғашқы онжылдығына арнап, ел дипломатиясының жетістіктерін сараптаған. Кітап­та Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси қызметімен қатысты маңызды оқиғалар туралы айтылып, сонымен қатар Елбасының әлемнің жетекші державалары­ның мемлекеттік қайраткерлерімен келіс­сөз­дерді қалай жүргізгені жан-жақты баян­далған. Әрине, мұндай кітапқа халықаралық дәрежеде көңіл бөлінбей тұрмайды, кітап шыққанына көп өтпей Бейжіңдегі «Синьхуа» мем­лекеттік ақпарат агенттігінің баспасы Қ.Тоқаевтың «Жаһандану жағдайындағы Қа­зақстанның сыртқы саясаты» кітабын қытай ті­ліне аударып жариялады. 2001 жылғы 19 қа­занда Бейжіңде тұсаукесері өткен бұл кі­тап көрші елдің Қазақстанға деген қы­зығу­шылығын оятып, еліміздің дипло­ма­тиялық әлеуетін тануға деген құлшынысын арт­тыр­ғаны сөзсіз. 2003 жылы Қ.Тоқаевтың «Беласу» атты бе­сін­ші кітабы жарық көрді. Ол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның Мем­лекет­тік хатшысы – Сыртқы істер министрі бо­латын. Жұрт күткен «Беласу» кітабының тұсау­кесері 2003 жылғы 7 наурызда Алма­ты­да өтті. Жұрт күтті дейтініміз, Қазақстанның халықаралық аренада түрлі келісімдер жа­сағаны жайында көпшілік отандық БАҚ-та жарияланған ақпараттарынан білгенімен оның қандай жағдайда өткенін, онда Қа­зақстан мүддесі қалай қорғалғанын, сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығымен мемлекет қауіпсіздігі үшін жасаған мемлекетаралық келісімдері кезіндегі ерік-жігері туралы осы кітапта жан-жақты баян­далған болатын. Мол фактологиялық мате­риал­дарды қамтыған бұл кітап жаһандану жағдайындағы күрделі геосаяси әрекеттердің мәнін ашады. Кітаптың алғашқы бөлімінде автордың КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен шағындағы дипломат ретінде қалыптасқанын баяндайды. Ал кітаптың «Қа­зақстандық сыртқы саясат: алғашқы тә­жіри­бе және алғашқы сабақтар» деп атала­тын келесі бөлімінде тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық саласының қалыптасып-дамуы, сол сияқты, алғашқы дипломатиялық қадамдары жайында айтылады. Әрине, тыңнан жол салу, алғашқы ұмты­лыстар қиын да күрделі болатыны ақиқат. Ал геосаяси тұрғыдан Қазақстан жағдайында жас дипломатияға артылар жүк те көп еді. Неге десеңіз, енді ғана тәуелсіздікке қол жет­кізген жас мемлекетке өзімен шекаралас жатқан Ресей, Қытай, алыста болса да әлем­дік саясатта салмағы басым АҚШ секілді ірі державалармен қарым-қатынасты айқындап, анықтап алу керек еді. Ашығын айту керек, ол тұста посткеңестік кеңістіктегі Ресей, Украи­на, Беларусь, Орталық Азия, Кавказ мем­лекеттерімен әуелгі келісімдер онша қиын­дық тудырмады, олармен қысқа уа­қытта дайындалған құжаттарға ресми кез­десулерде созбаққа салмай-ақ тез қол қойы­латын. Сондықтан осындай қарым-қа­тынасты одан әрі тереңдете түсудің мән-маңы­зының болашағын жете түсінген Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш Еура­зиялық одақ идеясы жайлы мәселе кө­теріп, бұрынғы одақтастарды жаңа кеңіс­тікте интеграция жасауға шақырды және ол жеміссіз болған жоқ. Азияда қауіпсіздік жө­ніндегі ұйым құру идеясы негізінде Өзара ық­палдастық және сенім шаралары жөнін­дегі кеңес пайда болды. Кітапта осылардың бәрі жүйелі түрде баяндалып, нақты дерек­термен өрнектелген. «Беласудың» соңғы бөлімінде ХХ ғасыр аяқ­талып, ХХІ ғасыр басталар тұстағы дү­ниежүзінде қалыптасқан саяси жағдайлар тал­данып, әлемге БҰҰ-ның қалай ықпал жа­сағаны таратылып түсіндіріледі. Әлемдік қауым­дастықтың ең жоғарғы ұйымы жер бетін­де бейбітшілікті сақтауда мол үлес қосқаны анық, бірақ терроризм мен экст­ремизм өршіп тұрған кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын реформалап, қалып­тасқан жағдайдың салдарымен емес, себе­бімен күресудің жолын табу керек деген ой­ды айтады кітап авторы. Экстремизмнің күшеюі немесе лаңкестік әрекеттердің тыйылмай тұруына не себеп? Бүгінгі терроризм өткен ғасырдың басын­дағыдай өзгенің байлығын тартып алу не­месе түрлі әлеуметтік топтар арасындағы өшпенділік емес. Қазір ондай лаңкестік ұйымдарға дем берушілер бақуат тұрады және олар өздеріне қолайлы елдерде өмір сүреді, қаржысы да мол. Сондай-ақ, экстре­мис­тік ұйымдар өз мақсаттарын ашық білдір­мейді. Діни сенімді уағыздап, қатарына қосыл­ғандарды өз жоспарларының құрбаны етуден тайынбайтын ұйымдардың көздеген мақ­саты не? Міне осындай проблемаларды қоз­ғай келе Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның қызметін реформалау керектігі жөнінде айтқан ойларының маңызды екенін сауатты оқырман жақсы түсінеді. «Беласудағы» ең бір назар аударатын тұс кітап авторының кәсіби дипломат ретіндегі өзге елдің дипломатиясының қыр-сырын терең меңгеріп, олардың ерекшелігін баян­дауы. Қасым-Жомарт Кемелұлының Қы­тай­мен түрлі келіссөз жүргізу барысында қарсы тараптың нені білуі керек екенін, соған орай келісімдердің қалай бет алуы мүмкін екенін болжауға болатынын соқырға таяқ ұстат­қандай қылып көрсетеді.
«Қытайлықтар «жоқ» деген сөзден қашқақтап тұрады екен. Әсi­ресе ресми араласу кезiнде. Егер Қытай дип­ломаттары мәселе зерттеудi талап етедi десе, бұл жауапқа алданып қажетi жоқ, бұл – бас тарту. 1993 жылы Бейжіңде болған келiссөздер уақытында Н.Назарбаев Цзян Цзяминге Семей және Лобнор полигондарына тексеру жүр­гiзу жөнiндегi бiрлескен жұмыс тобын құруға ұсыныс жасады. Қытай басшысы мей­манның көңiлiн қалдырғысы келмедi, «зерт­теу керек» дедi де қойды. Ал бұл келiспеген жауап екенi мен үшiн айдан анық болатын. «Жоқ» деген сөз естiлмеген соң бiздiң орта­мызда бұл жалған үмiт бiрнеше жыл бойы сақталып келдi. Менiң өз әрiптестерiме қы­тай менталитетiнiң ерекшелiктерiн түсiн­дiруiме тура келдi. Қытай тарихын зерттей жүрiп, зият­кер­лермен әңгiмелесе келе мен қытайлықтар сана-сезiмi аса жоғары деңгейдегi ұлт екенiне көзiм жеттi. Олар өздерiнiң көне тарихын құрмет тұтады, оны мақтан етедi», − дейді Қ.Тоқаев.
Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік ше­караны толығымен белгілеп, шекаралас ел­дер­мен арада ешбір дауға орын қалдыр­мауы оның ең жоғары жетістіктерінің біре­гейі ретінде жиі аталып жүр. Ал сол кезінде қалай жү­зеге асып еді? Басқа елдерді былай қой­ған­да, тек Қытаймен арадағы шекара сызығын белгілеудің өзі аса қиын іс еді. Бұл жайында «Беласуда» авторы былай баяндайды:
«…Қазақстан мен Қытай арасындағы ше­кара сызығының өтуi туралы келiсiмге орай кейiн­де елiмiзде әртүрлi пiкiрлер етек алған­дық­тан, шекара проблемаларына байла­ныс­ты екi лидер уағдаластығына неғұрлым то­лы­ғырақ тоқтала кетудi жөн көрiп отырмын. Мұн­да екi даулы учаске – Талдықорған об­лы­сындағы Сарышелдi өзенi ауданы мен Шы­ғыс Қазақстан облысының Шағаноба деген жерiне байланысты келiсiм өте-мөте өткiр сынға ұшырады. Менi көне салды, Қазақстан жерiн Қытайға берiп қойды деп айыптады. Бұл орайда шекара мәселелерiнiң тарихы әрiде екенiн айта кетейiн. Қытай мен Ресей арасындағы алғашқы шартқа ХVII ғасырдың орта шенiнде Цин әскерi қысымымен орыс­тардың Албазин қаласы құлаған соң қол қойылған. Бұл құжаттарда Сiбiр мен Қиыр Шы­ғыс ауданындағы, сондай-ақ Орта Азия учас­келерiнде, соның iшiнде қазiргi Қазақ­стан мен ҚХР арасындағы шекара айқын­дал­ды. Алайда екi жақ жүзжылдыққа таяу уақыт бойына шекара мәселесiн көтерген жоқ, әр­қайсысы өз iстерiмен болып жатты. 1911 жыл Цин әулетi өмiр сүруiн тоқтатып, рес­пуб­лика құрылды. Бұдан соң бұл ел азамат со­ғысына және жапондықтарға қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа ұрынды. Жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы жартысы КСРО үшiн де ауыр болды: ел азамат соғысын және Ұлы Отан соғысын бастан өткердi. КСРО мен ҚХР шекара сызығын анықтауға тек 1964 жылы ғана кiрiстi. Бұл жерде осы келiссөз­дер­ге мен жоғарыда айтып өткен патшалық Ресей мен циндiк Қытай арасындағы шартта заңдық негiз болғанын атап айту маңызды. Даулы учаскелерге келсек, бұл жөнiндегi жұмыстар шекара келiссөздерi шеңберiнде жал­ғасты. Бiз шарттар мәтiнiн мұқият тал­дап, шекара сипаттамаларын оның iс жүзiнде өтуi­мен салыстырдық. Жердiң бедерi (релье­фi) оның табиғи жағдайы мен уақытша фак­торларына байланысты көптеген өзгерiстерге ұшырағаны анықталды. Шарт құжаттарында бiр басқа да, ал шекараның өзi бiр басқа. Осы шекара мәселесi бойынша көптеген маман­дар жұмыс iстедi. Заңгерлер, топог­рафтар, картографтар, геологтар және шекарашылар. Шын мәнiнде шекараның әрбiр метрi зер­т­телдi. Барлық факторлар, соның iшiнде ха­лықтың орналасуы мен мал жайылымдары, бағалы кен көздерi есепке алынды. Ұзақ пi­кiрталастар нәтижесiнде екi мемлекет ара­сындағы шекара жобамен, сол даулы учас­келердiң ортасымен өтуге тиiстiгi айқын болды. Айта кетер бiр жағдай, Қытай тарапы қолында даулы жерлерге түгелдей дерлiк қатысты мықты дәлелдемелер болды, бiрақ ондай көзқарастың келешегi жоқ екенiн олар да түсiндi. Өйткенi бiз бұл жер аумақтарын Қытайға ешқашан да бермеген болар едiк. Өзара келiсiмге келмеу ешбiр жақсылық әкел­мейтiн. Бұл даулы жерлер екi ел ара­сындағы нағыз «даудың басы Дайрабайдың көк сиырына» айналып, шекара жағдайларын барынша қиындатып, осыған байланысты әртүрлi салдарларға ұрындырары мүмкiн едi. Кеңес Одағының өзi ҚХР-мен шекара жан­жалдарын қинала бастан өткерген болса, Қытайдың пайдасына Даман аралынан бас тартуға мәжбүр болса, Қазақстан өзiнiң аса қуатты көршiсiмен егеске баруға жол бер­меуге тиiс екенi айтпаса да түсiнiктi. Мен қа­зақ жерiн Қытайға «беруге көне салды» не­месе «тегiннен тегiн бердi» деген тезистерге үзiл­дi-кесiлдi қарсымын. Ешқандай көне салу­шылық болған жоқ. Өткен уақыттардан бiзге мұра болып қалған бұл жер дауы саяси жа­ғынан да, заңды тұрғыдан да барынша мүл­тiксiз, қолда бар шарт құжаттарына қа­таң сәйкес шешiлдi. Өзiңе тиесiлi емес нәр­седен дәмеленiп те, оған көнiп-көнбеудiң де қажетi жоқ. Шекара туралы мұндай келiсiмнiң орын­ды болуына күмән бiлдiрушiлiк Қытай тара­пынан да болғанын айта кеткенмiз жөн. Кей­бiр Бейжің «желөкпелерi» «Қытай әлсiздiк көрсетiп, Қазақстанның айтқанына көнiп қалды» дегендi айта бастады. Бұл келiсiмдi Тай­вань баспасөзi өткiр сынға алды. Арал­дағылар қытай коммунистерi үлкен қателiк жiбердi, гоминьдан режимi мұндайды еш­қашан жiбермес едi деп шуласты… Шекараны делимитациялауды аяқтау туралы мемлекет басшылары деңгейiнде қол қойылған келiсiм, елiмiздiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде ора­сан зор маңызға ие. Аспан асты елiмен соғыс және әртүрлi жанжалдарға толы болған тари­хи ұзақ уақыттан соң Қазақстан Қытай­мен тең құқықты ынтымақтастық қатынас жасай отырып, мемлекет ретiнде тұңғыш рет өз шекараларын айқындап алды. Ендi Қытай карталары дәл осы құжаттарға сәйкес көр­сетiлмек. Қытай жағы бұрын өздерiне мұн­дай жауапкершiлiк алмаған болатын. Ра­сында да, ҚХР-да бұрын шығарылған кар­та­ларда, Балқаш көлiн қоса алғанда, бiрсыпыра жер көлемi iшiнара Қытайдiкi деп бөлген. Қытаймен даулы жерлердi реттеу халық­аралық қоғамдастықта оң пiкiрлер тудырды. Бұл тақырып дүниежүзiлiк бұқаралық ақ­па­рат құралдарында белсендi түрде түсiндiрiле бастады. Мен өзiм де осы келiсiмдi әзiр­леу­шiлердiң бiрi ретiнде, құдiреттi Қытаймен уағ­даластыққа қол жеткiзгенiмiз үшiн шет­елдегi әрiптестерiмнен көптеген құттықтау хаттар алдым».
Сонымен бірге осы кітапта Қытай комму­нистерінің көсемі Мао Цзе Дунның кезінде өзіне ұнамаған тағы бір қытайлық үлкен сая­саткер Дэн Сяопинді жер аударып, «қайта тәр­биелеуге» жіберсе де көзін құртпай сақ­тауы, кейін оның Қытай билеушісі ретінде та­бысты реформа жүргізіп, ел экономикасын қарқынды дамытуға зор еңбегі сіңгені әңгіме­ле­неді. Бұл – ел басқарғандардың мем­ле­кет­шілдігі әрдайым жеке бастың мүддесінен жоғары тұруы тиіс деген даналық қағидасын алға тартады. «Беласудан» соң төрт жыл өткенде жарық көр­ген «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень») атты кітабында да Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­­­­зақстанның сыртқы саяси қызметіне, шет­елдер мен мемлекетіміз арасындағы дип­ломатиялық қарым-қатынастарының дамуы туралы терең талдаулар жасаған. Бұл кіта­бында дарынды дипломат ғасыр басында өзі куә болған саяси оқиғаларды жазушылық шеберлікпен әсерлі әңгімелей отырып, кі­таптың атауына сәйкес саясаттағы түрлі қа­рама-қарсылықтардың мәнін ашып, заң­дылығы жайлы ой толғайды. Кітапты оқып отырып дипломатиялық қызметтің қан­шалық күрделі әлем екеніне көз жеткізесің. Өйткені үнемі мүдделер қақтығысы жүретін алаңда өмірі өтетін дипломаттардың қысым көру мен басымдық таныту, келісімге кедергі келтіретін жағдайларға тап болу мен тиімді келі­сімге қол жеткізу секілді түрлі жағдай­лардың арасынан өзіне қажет компромиске келуі аса қиын нәрсе. Себебі сенің артыңда тұтас мемлекет тұр. Осының бәрінің үддесі­нен шығуға тырысу − сұңғыла саясаткерлік пен қарсыласыңның алдын орайтын ал­ғырлық, факттерге иек сүйей отырып, мәсе­лені өз пайдаңа шеше білетін табандылықты талап етеді. Кітаптың алғашқы бөлімі Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауындағы жеңісі мен оның маңызына арналса, екінші бө­лімде әлемге танымал саясаткерлер – БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан, ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин, Ресей прези­денті Борис Ельцинге арналған портреттік талдаулар бар. Пайдаланылған детальдар олардың әрбірінің тұлғалық қасиетін танып, баспасөз бетіндегі қалыптасқан бейнесінен өзге қырынан тануға мүмкіндік береді. Ал «Президенттік дипломатия» атты тарауында Қазақстан дипломатиялық қызметінің қа­лыптасуы мен дамуына және халықаралық қауымдастыққа теңқұқықты мүшесі болуына Елбасының сіңірген еңбегі жайлы айтылған. КСРО-дан қалған ядролық қарудан бас тарту, мемлекеттік шекараны межелеу секілді мәсе­лелерді Қазақстан басшылығының таба­н­дылықпен шешуі зор жетістік десек, соның қалай жүзеге асқанын осы бөлімнен білуге болады. Кітаптың төртінші тарауы Қ.Тоқаев­тың дипломатиялық қызметі барысында кездестірген саясаткерлердің образдарына арналған. «Нұр мен көлеңкенің» соңғы та­рауы­нан автордың дипломатиялық манса­бының халықаралық аренадағы оң нәтижесі мен Қазақстанның сыртқы саяси бейнесін қалыптастырудағы маңызын тануға болады. Бүгінде тарих, құқықтану, халықаралық қа­тынастар бойынша отандық оқулықтар­дың жетіспей тұрған кезінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дип­ломатиялық қызмет туралы талай оқулығы мен оқу құралы оқытушылар мен студент­тер­­дің басты кітабы болды десек қателес­пей­міз. Бұл орайда, Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының дипломатия­лық қызметі» («Дипломатическая служба Рес­пуб­лики Казахстан») кітабы нағыз бест­селлерге айналды. Қазақстан Президенті қаламынан туған кі­таптардың ішінде не туралы екені атауы­нан көрініп тұрған «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік шекарасы туралы шын­дық», Қазақстанның сыртқы саясатына ар­налған «Сыртқы саясат векторлары», Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Та­рих жазған адам», Қазақстанның халық­аралық саяси бағыты туралы «Дипломат очерктері» атты еңбектерінің де берері көп. Түрлі саяси мәселелерге арналған бұл кітап­тар бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің қандай асулардан асып, қандай қиындық­тар­ды еңсергенін шындықпен сыр қып шертеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке тура­лы толғаныс» («Слово об отце) атты кітабы оның өзге кітаптарынан тақырыбы, бағыты мен жазылу стилі жөнінен ерекшеленіп тұра­ды. Бұл кітап болашақ Қазақстан Пре­зиден­тінің отбасы мен өскен ортасы жайында әңгімелейді. Қай заманда кімге болса да мәні ескір­мейтін, халыққа керекті кітап жазу оңайға соқ­паған. Себебі кітаптың тақырыбы мен жа­зылу стилінде сонылық болмаса, ол кітап­қа авторы кім болса да ұзақ өмір сыйлай ал­майды. Ал кітап авторының тағдыры өзге­ше, мәртебесі биік болса әрі оның жазғаны өз елінде бұрын түрен түсе қоймаған та­қырып­ты терең қазу нәтижесінде туған кітап нағыз жазушылық дарынмен жазылса, онда он­дай еңбектер баға жетпес қазынаға айна­лады. Бұл сөзді біз қазақ, орыс, қытай, түрік тілдерінде шығып, ойлы оқырмандардың рухани олжасына айналған Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туын­ды­ларына арнап айта аламыз. Тұлғалардың өзгелерге әсер етуінің түрлі жолы бар. Соның ішінде бойдағы парасат шуа­ғының жылуы арқылы өзгелердің жүре­гіне жол табу нағыз бақыт. Біз кітаптарын оқып, мақаламызға арқау етіп отырған бү­гінгі Қазақ мемлекетінің басшысы сондай бақытқа ие тұлға екені даусыз.

 Қуат ӘУЕСБАЙ