Тәуелсіздік күнтізбесі: 15 сәуірде қандай елеулі оқиғалар болды?

1993 жылы Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінде Елшілігі ашылды.

2005 жылы Лондонда Қазақстан Республикасы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның Ұлыбританиядағы өкілдігі ресми ашылды.

2006 жылы Түркия Республикасының беделді азаматтық ұйымдарының бірі Түркия жазушылар және өнер қайраткерлер қоғамы (ТҮРКСАВ) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 2005 жылғы «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығымен марапаттады.

2008 жылы тарихта алғаш рет «Шоқан Уәлиханов» атындағы қазақстандық яхта Атлант мұхитын жүзіп өтті. Яхта командасы үш апта ішінде Атлант мұхиты арқылы жер шарын шарлап шықты. Қазақстандықтар мұхит арқылы өтуді 2008 жылғы наурыздың 25-інде Канар аралдарынан бастады. Орталық Азия Жағрафия қоғамының кеңсесіне сәуірдің 15-інде қазақстандық кеме Барбадос жағалауына келгенде жорықтың аяқталғаны туралы хабарлама келді. Экипаждың барлық төрт адамы да ІІІ дәрежелі Поляр жұлдызы сыйлығына ұсынылды.

2009 жылы Ақтөбелік режиссер Серік Айжановтың «Өмір сүруге тыйым» картинасы ойнақы фильмдердің Бүкілресейлік «Вяткадағы кездесулер» 6-фестивалінде бас жүлдеге ие болды. Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына Ресей, Украина және Балтық бойы елдерінің 42 аймағынан 70-тен астам фильм қатыстырылды. Бұл картинаның ерекшелігі, Василь Быковтың «Сотников» деген әңгімесінің желісімен Ақтөбе облысында түсірілген, ондағы рөлдердің барлығында әуесқой әртістер ойнайды. Фильмнің режиссері, сценарий авторы және операторы бір адам, «Патриот-Sinema» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Серік Айжанов. Қазылар алқасы қазақстандық жалғыз картинаны жоғары бағалап, оған кинофестивальдің бас жүлдесін – «Алтын лада» мүсіншесі мен бірінші дәрежелі диплом беруге бірауыздан шешім қабылдады.

2010 жылы Алматыда «Қазпошта» АҚ Жеңістің 65 жылдығына арналған пошта маркасын айналымға шығарды. Маркада мәңгі алаудың аясында Мәскеу қаласын қорғау кезінде соғыста ерлік көрсеткен 28 панфиловшыларға арналған саябақтағы Даңқ мемориалы бейнеленген. Суретшісі – Данияр Мұхамеджанов.

2010 жылы ҚР Президенттік мәдениет орталығында қазақтың танымал ағартушысы, қоғамдық қайраткер, ақын, жазушы, Алашорда үкіметі және Қазақстанның ұлттық-азат ету қозғалысы көшбасшыларының бірі Міржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына арналған салтанатты кеш болып өтті.

2011 жылы Алматыдағы арнайы баспасөз мәслихатында Амантай Даңдығұловтың «Шыңғыс ханның ұрпақтары Макиавелли көзімен» атты екі томдық кітабының тұсаукесері өтті.

2014 жылы Strategy2050.kz сайтында Алматыда ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі филиалының ашылуы өтті.

2016 жылы елдегі алғаш әйел генерал, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы – Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаеваға «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

2016 жылы Астанада «Жібек жолы» раллиінің ресми өкілдігі ашылды. Мұндай офистер Мәскеуде, Парижде, Бейжіңде бар.

2017 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде «Астана – ШЫҰ саммитінің және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің астанасы» видео таныстырылымы және фото көрмесі өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button