"ПСЖ" "Бавариядан" жеңіліп, Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты

«ПСЖ Чемпиондар лигасының 1/4 финалының қарымта матчында «Баварияға» есе жіберді, бірақ екі матчтың қорытындысы бойынша турнирдің келесі кезеңіне өтті. Ханс-Дитер Фликтің командасы өз атағын қорғай алмады.
Парижде өткен қарымта матч 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. 40-минутта «Бавария» сапындағы Эрик Максим Шупо-Мотинг көзге түсті.
Мюнхенде өткен алғашқы матчта париждік клуб 3:2 есебімен жеңген. Осылайша, франциялық команда жартылай финалға сырт алаңда соққан голдарының арқасында шықты.
Осылайша, былтырғы маусымда Чемпиондар лигасында топ жарған «Бавария» биыл титулын қорғай алмады. 2019/20 жылғы маусымдағы турнирдің финалында мюнхендіктер дәл осы «Пари Сен-Жерменді» 1:0 есебімен жеңген еді.