Жаңалықтар

Жаңа қаулы: Қызылорда облысында карантин күшейтілді

ашық дереккөзі

Жаңа қаулы: Қызылорда облысында карантин күшейтілді

Аймақ тағы да коронавирус бойынша "сары" аймаққа кірді. Облыстың бас санитар дәрігері жаңа қаулы шығарып, шектеулер енгізді. Қызылорда облысының бас санитар дәрігері Динара Жанарбергенова 13 сәуір күні аймақта карантинді күшейтетін жаңа қаулыға қол қойды. Қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енді. Коронавирустың таралуы бойынша бірнеше ай бойы "жасыл аймақта" болған Қызылорда облысы тағы да "сары" аймаққа  кіргендіктен, бүгіннен бастап облыс бойынша кез келген бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. "Ойын-сауық, бұқаралық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу, ауыз ашар және т.б.) адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынады " - делінген құжатта. Банкет залдарының жұмысына, букмекерлік кеңселердің қызметіне, бильярд, боулинг, компьютерлік клубтардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке қызметіне тыйым салынады. "Сондай — ақ, өңірде балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметіне, мерекелік корпоративтік кештерді ұйымдастыруға және өткізуге, көрермендермен спорттық іс-шаралар өткізуге рұқсат етілмейді", - делінген қаулыда.