Толстой мен Прюдом. Бап шаба ма, бақ шаба ма?

Толстой мен Прюдом. Бап шаба ма, бақ шаба ма?

Толстой мен Прюдом. Бап шаба ма, бақ шаба ма?
ашық дереккөзі
Редакциядан: Амангелді Кеңшілікұлының аты-жөні әдебиет сыншысы ретінде қалың оқырманға кеңінен таныс. Сөз өнерінің ең нәзік, ең күрделі саласы әдеби сын бойынша қалам тербеп келе жатқаны баршаға мәлім. Бұдан былай қаламгердің мақалалары Túrkistan газетінде тұрақты жарияланып тұратын болады. Нобель сыйлығының дүниеге кел­гені­не бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бүгінгі таңда атағы аспандап кеткен марапатты алу құрметіне бөленген әдебиет өкілдерінің ішінде шығармалары адамзат баласының ортақ игілігіне айналған суреткерлер ғана емес, сонымен бірге, есімдері де ұмытылған, жазған туындыларын да жұрт жөнді біле бермейтін қаламгерлер де аз емес. Талай-талай талантты ақын-жазу­шы­лардың арманына айналған сый­лықты ең бірінші болып еншілеген француз ақы­ны әрі эссеист Сюлли-Прюдом да (то­лық аты-жөні Рене Франсуа Арман Прю­дом) сондай аты да, шығармалары да жұрт жа­дынан шығып қалған ақындардың бірі. Ең алғашқы Нобель сыйлығының лау­реа­ты болса да, қазір Сюлли-Прюдомның кім екенін, оның қаламынан қандай шы­ғар­малардың туғанын, оқырман түгіл, әде­биет саласының мамандары да біле қой­майды. Дегенмен, не үшін, әдебиетке сіңірген қандай еңбегі үшін сарапшылар оның қолына осындай үлкен сыйлықты ұстата салды? Табаны күректей жүз жыл өтсе де, әлі күнге дейін сүйегі баяғыда күлге айналған Сюлли жарықтықтың рухына тыныштық бермей, аруағын күңірентіп осы бір сауалды қайта-қайта талқылау толас­тамай келеді. Өткен ғасырдың басында тіл мен әдебиет саласындағы Швед акаде­мия­сы жыл сайын дүниежүзіндегі ең үздік шығармаларға Нобель сыйлығын беруді ұйғарғанда, айдай әлемде орыстың ұлы жа­зушысы Лев Толстойдың алдына түсе ала­тын, онымен тең түсетін талант жоқ-тын. «Казактар», «Анна Каренина», «Соғыс және әлем», «Қажымұрат» секілді орыстың ғана емес, жалпы адамзат баласының ұлы қазы­на­сына айналған, мәңгілік дүниелерді ту­ғыз­ған Лев Толстойдың алдына түсу немесе одан артық жазу мүмкін де емес еді. Жиыр­масыншы ғасырдың басы ұлы жазушының аты әлемге жайылып, атағының жер жарып тұрған шағы болатын. Лев Толстойдың жазу ма­шығына, көркемдік қабілетінің қуатты­лығына, ойының тереңдігіне, тілінің шұ­рай­лылығына, сезімталдығына, өзгеше көре бі­летін ерекшелігіне таңғалмаған суреткер кем­де-кем. Ги де Моппасан сынды француз әдебиетінің ұлы өкілдерінің Толс­тойға табынып, оған хат жазғанын әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Одан бөлек, оны бір ғана көру үшін, жазушы тұратын «Ясная Полянаға» ит арқасы қияннан сапар шегіп кел­гендер қаншама. Сөзімізге сенбесеңіз, орыс жазушысы Иван Буниннің «Толстой­дың азаттануы» романын оқып көріңіз. Біз ай­тып отырған деректердің бәрі де сол кітап­та өте жақсы баяндалған. Неге екені белгісіз, Лев Толстойға де­ген миллиондаған оқырман мен мыңдаған жазушының ыстық пейілін елемеген Швед академиясы 1901 жылы Нобель сыйлығын француз ақыны Сюлли-Прюдомға берді. Мақаланы жазу барысында біз Сюлли-Прюдомның өмірі туралы біраз деректерді іздестіріп, шығармаларымен таныстық. Біздің анықтағанымыз, бүгінгі таңда алғашқы Нобель сыйлығын алған ақынды өз елінде де ешкім біле бермейді екен. Өмірінің соңында ол қатты сырқат­танып қалып, денсаулығына байланысты жоғары марапатты алу салтанатының рәсіміне қатыса алмапты. Нобель сыйлығы­ның лауреаты болғандықтан ба, өлеңдерін Константин Бальмонт секілді орыстың атақ­ты шайырлары да аударыпты. Швед академиясының 1901 жылғы таңдауының Сюлли-Прюдомға түсуі сол кездегі әлемдегі талантты қалам­герлердің қатты наразылығын туғызғаны мәлім. Өйткені, сол жылдары әдеби қауым ең алғашқы Нобель сыйлығын ұлы суреткер Лев Толстойдың алатынына қатты сенімді болды. Тіпті, шведтердің Август Стриндберг, Сель­ма Лагерлеф бастаған бір топ талантты қаламгерлері қабылданған шешімге риза болмай, қарсылық білдіріп, ашық хат та жазды. Алайда, Швед академиясы ұлы қалам­герге Нобель сыйлығының беріл­мейтінін ашық айтып, оның сол кездегі хатшысы Карл Вирсен суреткер Толстойдың ұлы шығармалар туғызған талантын мойын­дағанымен, оған осы атақты мара­патты беруге үзілді-кесілді қарсылық танытты. Өз сөзінде ол «бұл жазушы өрке­ниеттің бүкіл үлгілерін мансұқ етті, оның орнына биік мәдениеттен іргесі ажыраған жабайы өмірдің заңдылықтарын қабылдау­ды ұсынды» деп, әлем мойындаған жазушы­ның атына ауыр-ауыр сындар да айтты. Адамзат мойындаған Толстой та­лан­тының бағаланбауы, өкінішті жағ­дай, әрине. Дегенмен, біз негізгі, та­қыры­­бы­мызға көшіп, Сюлли-Прюдомның өмірі жә­не шығармашылығына оралайық. Әлбетте, 1901 жылғы әдебиет сала­сындағы Нобель сыйлығын фран­цуз ақыны Сюлли-Прюдомның иеленуіне бүгінгі заман тұрғысынан түрлі баға берілуі заңдылық. Бірақ соған қарап, Сюлли-Прю­домның өз дәуірінің ірі ақыны болғанын жоқ­қа шығара алмаймыз. 1909 жылы жа­рық көрген әдебиет оқулығында «Сюлли-Прю­дом –бүгінгі таңдағы Францияның әйгілі ақыны» деген сөздердің жазылуын, оның шығармашылығына берілген баға ретін­де қабылдаған ләзім. Әрине, уақыт – қатал сүзгі. Одан мыңдаған ақындардың ішінен, ілеуде біреуінің ғана шығармасы өтіп, болашаққа жолдама алады. Тіпті, ке­зін­де аты дүрілдеген ақындардың туы­н­ды­ларын да ол сүзгі өткізбей тастайды. Өйт­кені, уақыт өте келе әдебиеттегі жақсы дү­ниелер де екшеледі. Жақсы ақын болғанына қара­мастан, Сюлли-Прюдомның өлеңдері уақыт сүзгісінің сынынан өте алмады. Ал, Нобель сыйлығын беруге қатысты алғашқы таңдаудың неліктен Сюлли-Прюдомға түсуінің себебін, менің ойымша сол жыл­дардағы француз поэзиясы тарихын­дағы өліара мезгілдің тым созылып кеткен ахуа­лы­мен байланыстырған абзал. Нобель сыйлығы ең алғаш табыс етіл­ген жылы ХІХ ғасырдың аяғын­да поэзияда төңкеріс жасаған жаңашыл ақындар Стефан Маллерме, Поль Верлен, Артюр Ремболар өмірден өтіп кеткен еді. Ал, жиырмасыншы ғасырда француз поэ­зиясының атағын әлемге танытқан шайыр­лары Поль Валери, Поль Клодель, Гийом Апол­линерлер ол кезде әдебиеттегі алғаш­қы қадамын енді ғана бастап жатты. Поэ­зияда төңкеріс жасаған ұлы ақындар өмір­ден өтіп кеткен, жаңа поэзияның жарқын өкілдері әлі таныла қоймаған осындай өліара мезгілде француз әдебиетінде Жозе – Мария де Эредиа, Анри де Ренье, Реми де Гурьмон, Жан Мореас, Франсис Вьеле-Гриф­фен, Рене Гиль сияқты ақындардың жұл­дызы жарқырап тұрды. Француз поэ­зиясындағы осы толқынның ішінде болған ақындардың арасында өз заманында Сюл­ли-Прюдомның өлеңдері қалың оқыр­манның қатты қызығушылығын туғызды. 1901 жылы ол расында да өз дәуірінің бірін­­­­ші ақыны болып саналды. Ендеше, хрис­­тиан діні мен өркениетті қатты сына­ғаны үшін ұлы суреткер Лев Толстойға беріл­­меген Нобель сыйлығының Рене Сюл­ли-Прюдомға бұйыруы бір жағынан заң­дылық та болатын. Әдебиет саласындағы Нобель сый­лы­ғының алғашқы лауреаты 1839 жылдың 26 наурызында Парижде дүниеге келді. Нағыз аты - Рене-Франсуа-Арман Прю­дом, ал Сюлли деген — әкесінің қойған лақап атты. Рене екі жасқа келгенде әкесі дүние салып, қаржылық қиындық көрген жесір шешесі, өзінен бірер жас үлкен әпкесі үшеуі нағашы ағаларының қолына көшіп барады. Сегіз жасында Бонапарттың ли­цейіне оқуға түскен болашақ ақынның мате­матика мен классикалық тілдерге, француз өлең құрау әдістеріне қызығушы­лы­ғы арта түседі. Ол 1856 жылы сол мек­теп­тен бакалавр дәрежесін алып шығады. Математикаға үздік бозбала инженер бол­ғысы келіп, білімін политехникалық мек­теп­те жалғастырмақ болады. Алайда, ол ойы­нан көзінің ауыр сырқатына бай­ла­нысты бас тартады. Рене алғашқы еңбек жолын Крезо зауытында кеңсе қызметкері болып бастап, 1860 жылдан нотариалдық кең­сеге ауысады. Ал кешкі уақытта нота­риалдық құқық мәселелері мен фи­ло­софиядан сабақ алып, өлең жаза бастайды. Кеңсенің іш пыстырарлық қағаздарынан шаршаған Рене өміріне өзгеріс енгізгісі келіп, «Бұтақтар бауырластығы» атты шы­ғармашыл студенттердің ұйымының мүшелігіне өтіп, солардың сенімінің, біл­дірген қолдауларының арқасында өлеңмен шындап айналысуға кіріседі. 1865 жылы Сюлли-Прюдом алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарып, ақынның тырнақалды туындыларына өз заманының атақты сын­шысы Шарл Сент-Бев жоғары баға бер­ді. Азғантай уақыттың ішінде ақынның тағы да бірнеше өлең жинақтары жарық көрді. Франко-прусс соғысы ақынды зор бақыт­сыздыққа душар етті, 1870 жылы бірі­нен соң бірі дүние салып, бүкіл туыстары қай­тыс болды. Ал, Ұлттық гвардияның қата­ры­на өткен Сюлли -Прюдомның Парижді қор­ғауына тура келіп, нәтижесінде жүй­кесіне зақым келіп, өмірінің соңына дейін ол одан зардап шекті. Денсаулығының сыр бергеніне қарамастан ол 1870-1880 жылдар аралығында бірнеше өлең жинағын ха­лық­қа ұсынды. Жұрт Сюлли-Прюдомның ро­мантизмнің лебі есетін лирикалық жыр­ларын сүйіп оқыды, ал, әріптестері 1881 жы­лы оны Француз Академиясының мү­шесі етіп сайлады. Алайда, осы оқиғадан кейін оның ақындық шабыты шау тартып, бір ғана өлеңдер жинағын жарыққа шы­ғарып, бір ғана поэма жазды. Енді ол әдеби сын мен ғылыми-философиямен әуестеніп, бірнеше еңбек жазды. Нобель комитеті берген сыйлықтың қомақты қаржысын ол же­ке басына жұмсаған жоқ, ол қаражатқа жас таланттарды қолдауға арналған сый­лық тағайындады. Сюлли-Прюдом 1907 жыл­дың 6 қыркүйегінде дүние салды. Ол Париждегі Пер-Лашез зиратына жерленген. Өз заманында үлкен танымалдыққа ие болған ақынды бүгінде туған елі де ұмытып кет­кендей, есімі сирек аталады. Жекелеген өлеңдері түрлі антологияларға енгенімен, бүг­інгі таңда қарапайым халық түгіл, әде­биеттанушылар да оның шығармашылы­ғы­на ерекше назар аударуды қойған. Ақын ретінде Сюлли-Прюдом өмір бойы екі түрлі жағдайда болды; бір жағынан, өлеңдерінің қарапайымдылығы үшін оны жамағат бірден қабылдады, екін­ші жағынан ол сол замандағы жаңашыл­дар­ға жоламауға тырысып, жапан далада өс­кен бәйтеректей әдеби жалғыздыққа ұшы­рады. Алпысыншы жылдардағы Бод­­­лердің ізденістеріне ол аса қатты қы­зық­пады, 70-жылдардағы Верлен поэзиясының сиқыры да оның жанын арбай алмады. 80-жылдардағы декаденттік даралыққа да, сим­волистік мистицизмге де ол нем­құрайлы қарады. Прюдом «Парнас мек­тебі­нің» өкілі. Сондықтан да оның шығар­ма­шылығы романтикалық және парнастық мек­теп ықпалының тоғысында дүниеге кел­ді. Романтизмде оны адам жанының нә­зік әлемінің сиқыры баурады. Алайда, 60-жылдары ақын романтизмнің қар­сы­ластары болып саналатын «Парнас» тобы­ның өкілдерімен жақындасты. Олар «поэ­зия алған әсеріңді ағызатын саңылау емес, ол болмыстың мәңгілік сұлулығын жыр­лауы тиіс» деп есептейтін. Бұл топтың көш­бас­шысы Шарль Мари Рене Леконт де Лиль есімді ақын болды. «Нағыз өлең мәрмәрдің мү­сініне ұқсайды: ол көп қырлы, бірақ қас-қ­ағым сәттік адам өмірінің формасын мәң­гілікке айналдырады, біржола ұмытылудың тұң­ғиығына құлаудан құтқарады» деген бола­тын ол. Парнас мектебінің идеалдары оны қызықтырып, Сюлли-Прюдомның лирикалық тақырыбы өзінің жеке жаны, ішкі әлемінің пейзажы болды. Бұл жағдай­дың қалыпты күйі жалғыздық еді. Дегенмен, ро­мантиктер сияқты өз жанына үңілге­ні­мен, ол романтиктердің қайғы-қасіретін қа­былдаған жоқ. Жалғыздық ақын үшін үміт­сіздіктің көрінісі емес. Ақын жалғыз­дық шеңберінің ашылуы мүмкін екеніне сенді, өйткені, адамдар көзге көрінбейтін туысқандықтың жібімен байланған. Ақын Құдайдың бар екеніне сенбегенімен, тір­шіліктің бәріне шуағын шашып тұрған махаббаттың құдіретіне сенді. Шайыр өз өлеңдерінде адам жанының қуаныш күніне де, қасіретке толы түнгі жұлдыздарға да тартылатынын жырлады. Ол үшін Табиғат қастық ниеттегі стихия емес. Адам әлемді санасымен сезініп, оған құйылып кетуі тиіс. Оның идеалы – ежелгі заманның философ-ақындары Парменид, Эмпедокл, Пифагор. Прюдом өлеңдерінде өзге «парнастықтарға» қарағанда, әлеуметтік сарынның бары рас еді. Ол өзін заманына сай туған ақын деп есеп­тейтін. Парнастықтар феодалдық, ка­то­ликтік тенденциядан шыға алмай жүр­генде, Сюлли-Прюдом өзін позитивизмді жақтаушы ретінде көрсетіп, өлеңдерінде көр­кемдік пен ғылымды ұштастыруға ты­рысты. Оның шығармашылығының ал­ғаш­қы жылдарында лирика басым болса, кейін­гілері, әсіресе, 1878 жылы оқырманға жол тартқан «Әділеттілік» атты поэмасы фи­ло­софиялық сарында, диалог үлгісінде жа­зылған. Бұл поэмасында ол «әділдікті ай­налаңнан емес, жан дүниеңнен ізде» деген ойға тоқтам жасайды. Сюлли-Прю­дом­ның шығармашылығын зерттеушілер ақын­ның француз әдебиетіне ықпалы туралы айтқанда: «Ол француз поэзиясын түнектен жарыққа шығарды, пессимизмнен позитивизмге қарай ұмтылдырды» дегенді айта­ды. Ақын 1881 жылы Француз акаде­миясының мүшелігіне өткен. Әлемге әйгілі болған Дрейфус ісінде капитан жағында болып, соттың басы-қасында жүрген. Ақын 1900 жылы шығарған «Ақындық өсиет» атты мақалалар жинағында француздың клас­сикалық өлең құрау әдістерін қорғап, ер­кін өлең формасына қарсылығын біл­діріп, символистер мен декаденттерді сынға ала­ды. Келер үш жылда жас ақынның қала­мынан көне мифтік сарында жазылған бірнеше кітап дүниеге келді. Бұл жылдары жазылған өлеңдерінде жауапсыз махаббат та, ғылым мен діннің таласы да тақырыпқа ар­қау болды. Дәл осы жинақтар Сюлли-Прю­домды Франциядағы ең атақты ақын­дардың бірі етті. Дей тұрсақ та, ақын өлең­дері уақыт сүзгісінен өте алған жоқ. Оның есімі өз дәуірінің көп жақсы ақындарының бірі ретінде ғана әдебиет тарихында қал­ғанымен, пешенесіне ең бірінші Нобель сый­лығының лауреаты болу бақыты жа­зылды.

Амангелді Кеңшілік