293 дана киік мүйізін сатпақ болған браконьерлер ұсталды
293 дана киік мүйізін сатпақ болған браконьерлер ұсталды
Нұр-Сұлтан қаласының ПД қызметкерлері киік мүйізінің ірі партиясын тәркілеу бойынша арнайы операция өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
«Биыл 9 сәуірде киік мүйізінің ірі партиясын сату кезінде қылмыстық топ ұсталды. Арнайы операция Қарағанды облысы ПД-мен бірлесе жүргізілді. Олар 55, 52 және 44 жастағы екі елорда және бір Қарағанды облысының тұрғындары болып шықты. Нұр-Сұлтанда тұратын олардың екеуі елордадан киік мүйіздерін сату нарығын іздеп, кейіннен Қарағанды облысының аумағында сатпақшы болған. Ұстау кезінде 293 дана мүйіз тәркіленді (ірі партия)», – деп жазылған сайтта.
Мемлекетке алдын ала келтірілген шығын көлемі әзірге шамамен 500 миллион теңге деп есептеліп отыр.
«Күдіктілердің тұратын жері мен олардың байланыстарының алты мекенжайы бойынша бір уақытта тінту жүргізіліп, айғақ заттар мен дәлелдемелер алынды. Сонымен қатар, есірткі заттары тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 393-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды»,– дейді ІІМ-нен.
Қазір барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жүргізілуде екен.