Жириновскийдің тағы жыны қозған ба?

Жириновскийдің тағы жыны қозған ба?

Жириновскийдің тағы жыны қозған ба?
ашық дереккөзі
Әдетте өзге елдің ресми тұлғаларына қатысты сөз айтарда мәдениеттің шегінен шықпай, сыпай түрде сөз саптайсың ғой. Бірақ партия лидері бола тұра және бір елдің парламентінде отырып көрші елдер жайында арандату мәнінде жиі мәлімдеме жасайтын адамның сөзі не, өзі не дегенді ашық айтқың келеді. Өзі Қазақстанда дүние есігін ашса да ресейлік болғалы Қазақстан туралы үнемі жаман сөз айтудан аузы босамайтын Жириновскийдің ойында не барын кім білсін, әйтеуір ретін тауып біздің елден ілік іздеп отыратын «қасиеті» бар. Жақында Павлодар қаласында біраз көшенің аттарын қазақшалауға шешім қабылдағаны сол екен, іле Жириновский шоқ басқандай ыршып түсті. Оған еліміздің солтүстігі қазақыланғаны ұнамайды әрине. Бірақ солай екен деп біз қарап отырамыз ба? Әлқисса, Жириновский сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: "Қазақстан Павлодар қаласындағы 30 көшенің атын өзгертпек. Яғни, орысша атауларды қазақшағаламақ. Сендер өздерің қазақтың қалаларын салыңдар да, көшелерін қазақша атай беріңдер, бірақ жұрттікіне тиісеңдер. Петрдің кезінде ол жерде тұз шығарушыларды қорғайтын Коряков форпосты болған. Сол кезде ол маңда мемлекет болған жоқ. Жатқан бос дала, кей жерде көшпелілер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдың, Қазақстан? Сендер болмадыңдар,  жоңғар тайпалары болды ол кезде. Бірақ Жоңғар мемлекеті емес. Бүгінде бәрінің атауын өзгертіп жатыр. Сонымен бәрі ұмытылып, жер қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмыта қоймас. Орыс әлемі өз кеңістігі мен шекарасын қалпына келтіріп, тәртіп орнатады», − дейді ол ышқынып, қылғынып. Әрине, Владимир Волф баласы не айтса да өз еркі дейтіндей көшеде жүрген маскүнем емес, бір елдің парламентінде отырған аты бар кісі. Тек аузына ие болмайтын, орыс шовимнизмін үнемі ашық көрсетіп, қазаққа ғана емес, Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерге де менсінбеушілік танытып, астам сөйлейді. Кезінде белгілі ресейлік саясаткер, марқұм Борис Немцов бір сөзінде Жириновскийдің дау тудыратын мәлімдемелерді әдейі жасайтынын айтқан екен. Бірақ солай істеймін деп мемлекетаралық қарым-қатынасқа сызат түсіретін сөздерді талай айтса да өз елінде оған шара көрілген емес. Бәлкім өз елінде оған мүдделі топтар да бар шығар. Алайда халықаралық өзге елдің ішкі ісіне араласуын қоймаса, бір күні оның бұндай әрекеттері жақсылықпен аяқтала қоймас. Ең алдымен өзіне!