Журналистиканың ардагері Байдулла Қонысбектің 80 жас мерейтойы аталып өтті

Журналистиканың ардагері Байдулла Қонысбектің 80 жас мерейтойы аталып өтті

Журналистиканың ардагері Байдулла Қонысбектің 80 жас мерейтойы аталып өтті
ашық дереккөзі
Оңтүстік өңірдің ардақты журналисі Байдулла Қонысбектің 80 жас мерейтойын атап өту шаралалары Түркістанда бастау алды. Атап айтқанда, Қазақстанның құрметті журналисі, Түркістан облысы мен Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Байдулла Қонысбектің мерейтойына арналған салтанатты жиын Ахмет Ясауи университетінде басталып, БАҚ өкілдері арасындағы бильярдтан аймақтық турнирге ұласты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығындағы кіші залында өткен Байдулла ақсақалдың мерейтойына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аталған оқу ордасының ректоры Жанар Темірбекова, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Шәріпбек Жамалбек, жазушы, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұт, облыстың зиялы қауымы және Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының ақпарат саласының өкілдері қатысты. Шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырды.  width= Жиынды Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп, қаламгердің өмірі мен ақпарат саласындағы атқарған қызметтеріне тоқталып өтті. Ғалымжан Қамытбекұлы бүгінгі бастау алған мерейтойдың одан ары жалғасын тауып, өңірдің басқа жерлерінде де аталып өтілетінін жеткізді. Шарада алғашқы сөзді алып, облыс басшысы Ө. Шөкеевтің құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қаламгер ақсақалдың өңір үшін сіңірген еңбектерін атап өтті.  width= «Сіз, жас күніңізден журналистика саласына қызығып, өз арманыңызды ақиқатқа айналдырған қайраткер тұлғасыз. Облыстың ақпарат саласында айрықша орны бар «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Оңтүстік» телеарнасында қызмет атқарып, қос мекеменің абыройын асыруға күш салдыңыз.Өз ісінің кәсіби маманына айналып, өзіңізден кейінгі буынның қалыптасуына ұстаз ретінде зор еңбек сіңірдіңіз. Журналистикада ғана емес, халық қалаулысы ретінде де ел үшін атқарған еңбектеріңіз көпке үлгі болып келеді.Әлемді жайлаған пандемияға қарамастан, сіздің мерейтойыңызға алыс-жақыннан әріптестеріңіз, замандастарыңыз келіп отыр. Бұл – елдің, зиялы қауымның сізге деген ерекше құрметі деп білемін» деп облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын табыстады. «Сіз, ағалықтың асқарына шығып, ақсақалдық дәуірдің жаңа белесіне қадам басқан мерейлі жасқа асқақ абырой, терең білім, толысқан тәжірибемен жетіп отырсыз. Саналы ғұмырыңызды ғасырға жуық тарихы бар, өлке баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің көкжиегін кеңейтуге, «Оңтүстік» арнасының ауқымын ұлғайтуға арнап, қазақ журналистикасының ақылман ардагеріне айнала білдіңіз. Ұлттың ұлы перзенті Шерхан Мұртаза: «Журналисттің арқалағаны алтын, жегені жантақ», деп ақпарат саласының мамандарына артылар жүктің шамасын айқындап берді. Сіз, осы бір қиыны мен қызығы қатар мәртебелі мамандықтың шыңына шығып, өңір руханиятының брендіне айналдыңыз. Сізге деген ерекше құрметім мен ілтипатымды білдіре отырып, мерейлі қуанышыңызбен тағы да құттықтаймын!» делінген облыс әкімінің құттықтауында. Сонымен қатар, жиында сөз алған Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Шәріпбек Жамалбек, жазушы, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұт Байдулла Қонысбекұлының шығармашылық тұлғасы мен өңір руханиятындағы орнының ерекше екендігін баса айтты. Басқосудың соңында өзінің ізгі тілегін жеткізген Мархабат Байғұт ағамыз өзінінен 5 жас үлкендігі бар бүгінгі мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді. Қай кезде де аға мен ініге жарасатын әдемі әзілдерімен елді күлкіге қарық қылып жүретін екі ақсақал Байдулла мен Мархабаттың арасындағы әзіл бұл жолы да көрініс тапты. Мерейтойлық іс-шара Байдулла Қонысбектің 80 жас мерейтойына арналған БАҚ өкілдері арасындағы бильярдтан аймақтық турнирге ұласты. Журналистер арасында ұйымдастырылып отырған бәсекеге Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан 30-ға жуық БАҚ өкілдері қатысып, бақ сынады. Ойынға танымал төреші Абдуғай Бекжанов төрелік етіп, үздік деп танылған ойыншыларға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Тельман БЕЙСЕНОВ