Ажырасу алаңдатып тұр

Ажырасу алаңдатып тұр

Ажырасу алаңдатып тұр
ашық дереккөзі
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Қазақ­тың бұл сөзінің өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Сарапшылардың есе­бінше, Қа­зақстанда әр сағат сайын ал­ты неке бұзылады екен. Ажырасу жөнінен әле­м­де алдыңғы ондық­тамыз. Өткен жы­лы елімізде 22,5 отбасы­ның шаңырағы шай­қалған. Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде Ranking.kz мамандары дайындаған есеп­ке сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға аз. Ал бір жыл ішінде ажырасқан отба­сылар саны 22,5 мыңға жетіп отыр. 2019 жылы елі­мізде 59,8 мың неке бұзылғанын алға тартқан сарап­шылар пандемия еліміздегі ажырасулар са­нын айтарлықтай азайтты деп отыр. Десе де, соң­ғы онжыл­дық­тың көрсеткіштері көңіл көн­шіт­пейді. БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қол­дауы­мен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қ­орытындысына сүйенсек, 2000-2018 жыл­дар аралығында Қазақстанда ажы­расқ­ан­дар саны орта есеппен екі есе көбейген. Ел­дің барлық өңірінде, тіпті қазақы тәр­бие­нің қаймағы бұзылмаған ауылдардың өзін­де шайқалған шаңырақтар саны арта түскен. Мәселен, неке бұзу деректерінің са­ны Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есе, Ал­маты облысында 2,8 есе көбейіпті. «Егер 2000 жылы елдегі ажырасулар са­ны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыз­ға дейін көтерілді. Егер мұндай динамика сақ­талса, алдағы уақытта әрбір үшінші не­ке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде. Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, өткен жылы шаңырақ шаттығы жиі бұзылған өңірлер арасында Алматы қала­сы көш бастаған (3 мың), одан кейінгі орын­да – Алматы облысы (2,5 мың) және Қара­ғанды облысы (2,2 мың). Бір жыл ішінде некеге тұру санының ай­тарлықтай төмендеуі Шымкентте (17 пайызға азайған), сондай-ақ Солтүстік Қа­зақстанда (14,9 пайыз) және Қостанай об­лысында (14 пайыз) байқалды. Неке құр­ған жұптар саны тек Қызылорда облы­сында өскен, оның өзінде 1 пайызға ғана. Үй бола алмағандар неге көбейді? Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған. Этнографтардың сөзінше, бұл үрдістің бұзылуына түрлі та­рихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағ­дай әсер етті. Ата-ана мен отбасы алдын­дағы жауапкершілікті сезінсін деген мақ­сатпен баласының құлағына «Он үште – отау иесі» деген аталы сөзді құйып өсірген қазақ ұлын ерте үйлендірген. Алайда қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы «Қалыңмал алуды жою туралы» дек­реттен соң сирей бастады. Сонымен қатар бұл үрдістің бұзылуына өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұжымдастыру, ашар­шылық, қуғын-сүргін мен соғыстың ық­палы зор болды. Ал қалыңын беріп, қызын алған қазақ құда­сымен байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Жас­тар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзінен аспаған. Тентегін тезге салып, ақы­лын айтатын ақсақалдардың, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, үй ішіндегі берекенің ұйытқысы болатын дана кейуа­налардың арқасында қазақ отбасында ажы­расу деген түсінік болмаған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүр­ген этнограф Аманжол Қалыштың ай­туын­ша, ажырасу өткен ғасырдың 40-50-жыл­­дары кең етек жая бастады. «Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші от­басы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төр­тінші, 1990 жылдары әрбір үшінші от­ба­сында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жы­­лы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажы­­рас­қан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Пав­ло­дар мен солтүстікте, шығыс және орталық ай­мақтарда қатты белең алған», – дейді ма­ман. Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің бар­лық өңірінде ажырасу үйреншікті жағдайға ай­налған. Кеше ғана бақытты отбасы болу­ға бекініп, өле-өлгенше бір-бірін сүйіп, сый­лап өтуге серттескен жастардың бір-ақ күн­де жатқа, тіпті дұшпанға айналып кетуі ешкімді таңдандыра қоймайды. Қын­жыл­та­тыны, статистиканың кері кеткені емес, ажырасқан отбасыларда бала психика­сы­ның соққы алатыны, ұрпақ тәрбиесінің шат­­­қаяқтайтыны. Отбасылық психолог Светлана Ибраги­мова­ның сөзінше, елімізде жолдары екіге айрылған ерлі-зайыптылардың саны қан­шалықты көп болса, олардың ажырасуына түрткі болған себеп те соншалықты көп. От­басылардың ойран болуына көбіне тұр­мыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік жағ­дайдың қиындығы, жұбайлардың бірі­нің есірткіге, ішімдікке тәуелділігі, опас­ыз­дық, сондай-ақ ерлі-зайыптының ұзақ уа­қыт бала сүйе алмауы себеп болады. «Әр отбасы белгілі бір даму кезең­дері­нен өтеді, әр кезеңде түрлі түйткілдерге тап болып, бұрын-соңды мойынға артып көр­меген міндеттер пайда болады. Мысалы, бірін­ші баланың дүниеге келуі, өйткені көптеген неке осы уақытта бұзылады. Сон­дай-ақ, балалар есейген кезде ерлі-зайып­тылар өздерін баладан басқа ештеңе бай­ла­ныстырмайтынын ұғады», – дейді пси­холог. Басты себеп – отағасының озбырлығы «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлт­тық баяндамасына сәйкес, қазақстан­дық­тар арасында жүргізілген сауалнама бары­сында респонденттердің көпшілігі (рес­пон­денттердің 43,2 пайызы) ажырасудың не­гізгі себебі отбасылық зорлық-зомбылық екенін айтқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның жуырда жарияланған есебіне сүйен­сек, әлемдегі әйелдердің үштен бірі ер адамдар тарапынан физикалық немесе жы­ныстық зорлық-зомбылық көрген. Ал Қаз­ақстанда 18-75 жас аралығындағы әйел­­­­дердің 17 пайызы өз өмірінде бірнеше рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылықты, тіпті екеуін де бастан ке­шір­ген. Пандемияға байланысты жарияланған карантин бүкіл әлемде, оның ішінде қазақ қо­ғамында да зорлық-зомбылықтың өр­шуіне әкеліп соқты. Ресми деректерге сүйен­сек, 2020 жылдың алғашқы 8 айында елі­міз­де 130 мыңнан аса отбасындағы зор­лық-зомбылық фактісі тіркеліпті. 2019 жы­лы қазақстандық 2 480 қыз-келіншек зорлыққа ұшыраған, 742 нәзік жанды өзіне қол жұмсаған. Етегінен ұстаған ерінен таяқ жеген келін­­­шектердің бірі – елордалық Аида Ермекова. Сау-тамтығы қалмаған жүзін жалпақ жұртқа көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы көптен көмек сұраған Аида қоғам дертіне қайта назар аудартты. Бұрынғы күйеуі өлімші етіп ұрғанын айтқан арудың сөзінше, отбасының ойран болуына отағасының озбыр мінезі себеп болған. «Мен бірнеше жыл бойы оның ұрға­нына шыдап келдім. 2020 жылы ажырасуға бел будым. Бірақ ол келісім бермеді, алты сот отырысынан кейін біз ажырастық. Бі­рақ екеуміз ажырасып кеткеннен кейін де ол аңдып, баламды сылтауратып, қоқан-лоқы көрсетуін жалғастырды. 2021 жыл­дың 15 наурызында баламыздың туған кү­нін­де онымен қасында болғысы келді. Өзін байсалды ұстаған, мен оған сеніп, ке­лісімімді бердім. 19 наурызда ол тағы да маған қол кө­тер­ді. Түнде екі сағат бойы мені ұрды. Қо­лымен де, аяғымен де басымнан, бүкіл де­немнен ұрды. Мені жартылай шешіндіріп, бал­конға шығарып, үстіме суық су құйып жі­берді. Мен барынша қорғанып, бетімді тек қолыммен жауып жаттым, екі жасар ба­ламды оятып алмау үшін айғайламауға тырыстым. Сол түні бірнеше рет есімнен танып қалдым, өйткені негізгі соққылар ба­сыма тиді. Оған қоса ол ішімдік ішті, одан кейін тіпті агрессивті болды. Бұл сұмдық ешқашан аяқталмайды деп ойла­дым», – деп жазды жәбірленуші желіде. Күннің суығында жәбірлеушінің уы­сынан жалаң аяқ қашып құтылған Аида Нұр-Сұлтандағы ауруханада бір-ақ есін жиған. Ауруханаға полиция қызметкерлері ке­ліп, мән-жайға қанығыпты. Тәртіп сақ­шы­ларға бар шындықты айтып берген әйел бұрынғы күйеуінің үстінен арыз жаз­ды. «Өкінішке қарай, қолданыстағы заң оның толығымен менің қасыма жоламауын қамтамасыз ете алмайды», – деді желі ар­қы­лы жұрттан араша сұраған Аида Ерме­кова. Ал аталған фактіге қатысты түсініктеме берген елорданың Полиция департаменті жәбірленушінің қауіпсіздігі толық қам­тамасыз етілетініне сендірді. «2021 жылғы 20 наурызда Есіл аудан­дық полиция бөлімшесіне 23 жастағы қала тұрғынынан бұрынғы күйеуіне қатысты арыз түсті. 24 жастағы ер адам отбасылық жан­жал кезінде оны соққыға жыққаны анық­талды. Сот-медициналық сарап­та­ма­ның нәтижелері бойынша, әйел адамның ден­са­улығына жеңіл зиян келтірген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Одан бөлек, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ер адамға қа­тысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Кү­дікті заң бойынша жауап береді», – деді по­лициядағылар. Елімізде Аида секілді азаматынан жәбір көрген келіншектердің қатары өте көп. Бей­ресми ұйымдардың статистикасы адам шо­шырлық, жоғарыда келтірілген ресми есептің де оңып тұрғаны шамалы. Ал есеп-қисапқа енбегендер, ел-жұртқа масқара болмайын, баламның болашағына балта ша­ппайын деп ерінің қорлығына көніп жүрген әйелдер қаншама. Зорлық-зом­былық бар жерде отбасының бүтіндігі, ұрпақ­тың келешегі жайлы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Балалы үй – базар, баласыз үй... «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлт­тық баяндамасына сәйкес, еліміздегі ажы­расулардың зорлық-зомбылықтан кейінгі кең таралған екінші себебі – жұбайлардың бірі­нің ішімдікке немесе нашақорлыққа са­лынуы. Ел тұрғындары арасында жүр­гізілген сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 39,7 пайызы осы фактор некенің бұзылуына әкеліп соғатынын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 35,9 пайызы отбасының ойрандалуына ерінің немесе әйелінің опасыздығы себеп болады десе, 19,3 пайызы құмар ойынға әуестік көп шаңырақты шаттықтан айырды деп есептейді. Ал респонденттердің 12,1 пайызы ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауын елі­міз­дегі ажырасулардың негізгі себебі деп бі­леді екен. Бұл негізсіз пікір емес. Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығы­ның президенті, академик Вячеслав Лок­шин­нің айтуынша, еліміздегі әрбір онын­шы некенің бұзылуына бедеулік себеп болған. Маман Қазақстанда бедеуліктің жиі­лігі шамамен 15 пайыз екенін айтты. «Жыл сайын мамандарға 20,5 мыңға жуық жұп жүгінеді, олардың 40-45 пайызы кө­мекші репродуктивті технология жүр­гізуді қажет етеді. Бүгінгі таңда 100 ерлі-зайыптының 34-і ажырасқан. Ажырасу жағдайларының 10 пайызының себебі – баланың болмауы», – дейді Вячеслав Локшин. Репродуктолог бедеулік екі адамға ор­тақ түйткіл екенін, оны бірлесіп шешу қа­жеттігін атап өтті. «Отбасында баланың жоқтығы әйел­дерді ғана алаңдатпайды. Экстракорпораль ұрықтандыруға (ЭКҰ) келгендердің 50 пайызы – ер адамдар. Егер ерлі-зайыптылар ба­ла­лы бола алмаса, олар ЭКҰ-ға жүгінеді. Тек­серу кезінде негізгі факторлар белгілі болады. Емдеудің барлық процесі – уақыт­ты, күш-жігерді және жақсылыққа деген се­німді қажет ететін жол. Сондықтан мұнда науқастардың психологиялық жағ­дайы үлкен рөл атқарады», – деп атап өтті спикер. Бедеулік пен белсіздік көп отбасының қасіретіне айналғанына, мәселені шешудің жолын мемлекеттік деңгейде іздемесек, ұлттық түйткілге айналуы мүмкін екеніне ел билігінің де көзі жетті. Өткен жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бас­тап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жү­зе­ге асыру міндетін жүктеді. Президент­тің «ЭКҰ» бағдарламасы бойынша квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге арттыру жөнін­дегі тапсырмасы сәби сүюден күдерін үзе бас­таған талай отбасының үмітін қайта жақты. Ақпан айында «Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры» «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталғанын ха­б­арлады. Биыл экстракорпораль ұрық­тандыруға 7 мың квота бөлініп отыр. 7 мың отбасын бала сүю бақытына кенелту үшін 6,3 млрд теңге жұмсалмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің дере­гінше, бүгінде елімізде 11 030 әйел бе­деу­лікпен есепте тұр. «Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойын­ша есепте тұрғандар саны – 1 331. Біз­дің отбасын жоспарлау бөлімшесі ҚРТ көр­сету – ЭКҰ-ға дайындау жөніндегі ұйым­дастыру-әдістемелік және үйлестіру ор­та­лығы ретінде жетекші ұйым болып саналады. Биыл елордаға 486 квота бөлінді. Әзір­ге 200 квота беріліп, пациенттер дайын­далуда. Осы жылы бастапқы меди­цина­лық-санитарлық көмек көрсету ұйым­дары бұрын қаралмаған және жеке ме­дицина орталықтарына қаралған бе­деулік көрсеткіштері бар пациенттерді анық­тап, белсенді жұмыс жүргізуде» – дей­ді Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының ам­булаториялық қызмет жөніндегі орын­басары Сәуле Ибраева. Жастарды жарастыруға соттар да мүдделі Қазақ отбасыларын ажырасудан аулақ қылу мәселесі мемлекет басындағыларды, пси­хологтар мен репродуктологтарды ғана емес, заң қызметкерлерін де алаңдатады. Екі бөлек кетуге түбегейлі бел буған ерлі-зайып­тылардың сотқа жүгінетіні белгілі. Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 соты­ның судьясы Бақыткелді Тұрлыбековтің ай­туынша, ажырасатындардың көпшілі- гі – үйленгендеріне бес жыл толмаған жас­тар. Сот қызметкерлері әдетте оларды не­кені бұзуға асықпауға шақырып, байып­пен ойлануға уақыт береді екен. «Бүгінде сотқа неке бұзу туралы арыз жа­зып келген жұптар ажырасуға тұрмыс­тық жағдайдың қиындығын, мінездерінің жараспауын, ерінің ішімдік пен нашаға тәуелді болуын, көзге шөп салуын алға тартып жатады. Мұндай жағдайда сот ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуіне, асығыс шешім қабылдамауына, мәселені ақылмен, байыппен шешуіне ықпал етіп, арнайы уақыт беріп жатады. Кейбір жұптар осы берілген уақыт ішінде татуласып, отбасын сақтауға екі жақтан тырысады. Ал кейбір жұптарға қанша уақыт берсең де шешімін өзгерте қоймайды. Ажырасамыз деп та­бандап отырып алады. Мұндайда судьяның азаматтарды қинап қосуға, некені бұзу туралы шешім шығарудан бас тартуға ешқандай құқығы жоқ. Дегенмен, ортақ ба­лалары бар ерлі-зайыптылардың мен­мендікті басып, бір-біріне кешіріммен қарауы маңызды. Өйткені, ажырасудың бала психологиясы үшін зардабы өте ауыр. Отбасының бұзылуы толық емес жанұялар санының көбеюіне, әке тәрбиесін көрмей өсетін балалардың көбеюіне, әлеуметтік аз қорғалғандар санының артуына алып келеді», – дейді Бақыткелді Тұрлыбеков. Судьяның сөзіне сүйенсек, ажырасу тек бір сот процесімен аяқталмайды. Некені бұзу туралы сот кейіннен ортақ мүлікті бөлу, балалардың кіммен қалатынын анық­тау, баламен кездесу уақытын белгілеу, али­мент төлеу секілді бірнеше сот отыры­сына жалғасады. Ал осыншама сот оты­ры­сы ересек адамдардың өзін тозды­рып, жүй­кесіне кері әсер етіп жатады. Сот процесі деп жүргенде отбасының шаруасы жайына қалады, көңілі алаңдаған адам айналасымен сөзге келіп, жанжалдасуы мүмкін. Мұндай кезде жұмыстың өнімділігі тоқтайды. Сот отырысы болады деп үнемі жұ­мыстан сұранып, ойы басқа жақта жүр­ген адамды жұмыс берушінің де жақтыра қоюы екіталай. Сонымен бірге соттасып жүрген адамдардың баланы бақылауға, тәр­бие­сімен айналысуға уақыт таппай­тыны белгілі. «Міне, осындай кері әсері көзге көрініп тұрғандықтан судьялар әрбір отбасыны сақ­тап қалуға, ерлі-зайыптыларды тату­лас­тырып, жарастырып жіберуге күш салады. Бұл істен жастардың жақындары да шет қалмай, ерлі-зайыптылардың арасын аш­қанша, достастыруға тырысса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Б.Тұрлыбеков. Сот демекші, соңғы жылдары Жоғарғы сот­тың көптеген қанатқақты жобаға баста­ма­шы болып жүргенінен халық хабардар. Соның ішінде еліміздегі отбасы институ­тын нығайту мақсатында 2018 жылдан бастап қолға алынған «Отбасылық сот» жо­басының көпшілік тарапынан үлкен қол­дауға ие болды. Аталған жоба бүгінде республикамыздың арнайы іріктелген сот­тарында қолданысқа енгізіліп, жұмысын жүргізуде. Жоба аясында отбасын құруды немесе ажырасуды жоспарлаған қазақстан­дық­тарға тегін психологиялық, медици­на­лық, әлеуметтік, құқықтық қолдау көр­сетіледі. Осы мақсатта ел өңірлерінде от­басылық соттар жанынан отбасын ресурс­тық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бұл игілікті іске күйзеліс орталықтарының мамандары, психологтар, медиаторлар, әлеуметтік сала мамандары тартылған. Олар­дың тегін ақыл-кеңес беріп, жастарға жол сілтеуіне барлық жағдай жасалған. Жоба неке бұзуға шешім қабылдаған жан­дарды жарастыру, сол арқылы от­басылардың бірлігін сақтау тұрғысында көп­теген жұмыс атқарды. Мәселен 2019 жы­лы 18 503 ерлі-зайыпты ажырасуға өті­ніш білдірсе, отбасылық соттың көмегімен соның 3 151-інің некесін сақтап қалуға қол жет­кізілді. Яғни шаңырағы шайқалғалы тұрған 3 мыңнан астам отбасының одағы сақ­талды деген сөз. Неке құру кешірімді, сабырлы болу, өзара түсінісу дегенді біл­діреді дейді көнекөз қариялар. Мем­ле­кеттің іргетасы – отбасы десек, оның керегесі кең, босағасы берік болуы өмір бойы қол ұстасып өтуге серттескен екеудің күш-жігерінен бастап мемлекеттік дей­гейдегі қамқорлық пен қолдауға дейінгі ара­лықтағы түрлі факторлардың ықпа­лына тәуелді.