Ажырасу алаңдатып тұр
Ажырасу алаңдатып тұр
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Қазақтың бұл сөзінің өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда әр сағат сайын алты неке бұзылады екен. Ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз. Өткен жылы елімізде 22,5 отбасының шаңырағы шайқалған.
Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде Ranking.kz мамандары дайындаған есепке сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға аз. Ал бір жыл ішінде ажырасқан отбасылар саны 22,5 мыңға жетіп отыр. 2019 жылы елімізде 59,8 мың неке бұзылғанын алға тартқан сарапшылар пандемия еліміздегі ажырасулар санын айтарлықтай азайтты деп отыр. Десе де, соңғы онжылдықтың көрсеткіштері көңіл көншітпейді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қолдауымен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қорытындысына сүйенсек, 2000-2018 жылдар аралығында Қазақстанда ажырасқандар саны орта есеппен екі есе көбейген. Елдің барлық өңірінде, тіпті қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмаған ауылдардың өзінде шайқалған шаңырақтар саны арта түскен. Мәселен, неке бұзу деректерінің саны Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есе, Алматы облысында 2,8 есе көбейіпті.
«Егер 2000 жылы елдегі ажырасулар саны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін көтерілді. Егер мұндай динамика сақталса, алдағы уақытта әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы шаңырақ шаттығы жиі бұзылған өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастаған (3 мың), одан кейінгі орында – Алматы облысы (2,5 мың) және Қарағанды облысы (2,2 мың).
Бір жыл ішінде некеге тұру санының айтарлықтай төмендеуі Шымкентте (17 пайызға азайған), сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда (14,9 пайыз) және Қостанай облысында (14 пайыз) байқалды. Неке құрған жұптар саны тек Қызылорда облысында өскен, оның өзінде 1 пайызға ғана.
Үй бола алмағандар неге көбейді?
Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған. Этнографтардың сөзінше, бұл үрдістің бұзылуына түрлі тарихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағдай әсер етті. Ата-ана мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінсін деген мақсатпен баласының құлағына «Он үште – отау иесі» деген аталы сөзді құйып өсірген қазақ ұлын ерте үйлендірген. Алайда қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы «Қалыңмал алуды жою туралы» декреттен соң сирей бастады. Сонымен қатар бұл үрдістің бұзылуына өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыстың ықпалы зор болды.
Ал қалыңын беріп, қызын алған қазақ құдасымен байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзінен аспаған. Тентегін тезге салып, ақылын айтатын ақсақалдардың, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, үй ішіндегі берекенің ұйытқысы болатын дана кейуаналардың арқасында қазақ отбасында ажырасу деген түсінік болмаған.
Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыштың айтуынша, ажырасу өткен ғасырдың 40-50-жылдары кең етек жая бастады.
«Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған», – дейді маман.
Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің барлық өңірінде ажырасу үйреншікті жағдайға айналған. Кеше ғана бақытты отбасы болуға бекініп, өле-өлгенше бір-бірін сүйіп, сыйлап өтуге серттескен жастардың бір-ақ күнде жатқа, тіпті дұшпанға айналып кетуі ешкімді таңдандыра қоймайды. Қынжылтатыны, статистиканың кері кеткені емес, ажырасқан отбасыларда бала психикасының соққы алатыны, ұрпақ тәрбиесінің шатқаяқтайтыны.
Отбасылық психолог Светлана Ибрагимованың сөзінше, елімізде жолдары екіге айрылған ерлі-зайыптылардың саны қаншалықты көп болса, олардың ажырасуына түрткі болған себеп те соншалықты көп. Отбасылардың ойран болуына көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік жағдайдың қиындығы, жұбайлардың бірінің есірткіге, ішімдікке тәуелділігі, опасыздық, сондай-ақ ерлі-зайыптының ұзақ уақыт бала сүйе алмауы себеп болады.
«Әр отбасы белгілі бір даму кезеңдерінен өтеді, әр кезеңде түрлі түйткілдерге тап болып, бұрын-соңды мойынға артып көрмеген міндеттер пайда болады. Мысалы, бірінші баланың дүниеге келуі, өйткені көптеген неке осы уақытта бұзылады. Сондай-ақ, балалар есейген кезде ерлі-зайыптылар өздерін баладан басқа ештеңе байланыстырмайтынын ұғады», – дейді психолог.
Басты себеп – отағасының озбырлығы
«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасына сәйкес, қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнама барысында респонденттердің көпшілігі (респонденттердің 43,2 пайызы) ажырасудың негізгі себебі отбасылық зорлық-зомбылық екенін айтқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жуырда жарияланған есебіне сүйенсек, әлемдегі әйелдердің үштен бірі ер адамдар тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Ал Қазақстанда 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы өз өмірінде бірнеше рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылықты, тіпті екеуін де бастан кешірген.
Пандемияға байланысты жарияланған карантин бүкіл әлемде, оның ішінде қазақ қоғамында да зорлық-зомбылықтың өршуіне әкеліп соқты. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың алғашқы 8 айында елімізде 130 мыңнан аса отбасындағы зорлық-зомбылық фактісі тіркеліпті. 2019 жылы қазақстандық 2 480 қыз-келіншек зорлыққа ұшыраған, 742 нәзік жанды өзіне қол жұмсаған.
Етегінен ұстаған ерінен таяқ жеген келіншектердің бірі – елордалық Аида Ермекова. Сау-тамтығы қалмаған жүзін жалпақ жұртқа көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы көптен көмек сұраған Аида қоғам дертіне қайта назар аудартты. Бұрынғы күйеуі өлімші етіп ұрғанын айтқан арудың сөзінше, отбасының ойран болуына отағасының озбыр мінезі себеп болған.
«Мен бірнеше жыл бойы оның ұрғанына шыдап келдім. 2020 жылы ажырасуға бел будым. Бірақ ол келісім бермеді, алты сот отырысынан кейін біз ажырастық. Бірақ екеуміз ажырасып кеткеннен кейін де ол аңдып, баламды сылтауратып, қоқан-лоқы көрсетуін жалғастырды. 2021 жылдың 15 наурызында баламыздың туған күнінде онымен қасында болғысы келді. Өзін байсалды ұстаған, мен оған сеніп, келісімімді бердім.
19 наурызда ол тағы да маған қол көтерді. Түнде екі сағат бойы мені ұрды. Қолымен де, аяғымен де басымнан, бүкіл денемнен ұрды. Мені жартылай шешіндіріп, балконға шығарып, үстіме суық су құйып жіберді. Мен барынша қорғанып, бетімді тек қолыммен жауып жаттым, екі жасар баламды оятып алмау үшін айғайламауға тырыстым. Сол түні бірнеше рет есімнен танып қалдым, өйткені негізгі соққылар басыма тиді. Оған қоса ол ішімдік ішті, одан кейін тіпті агрессивті болды. Бұл сұмдық ешқашан аяқталмайды деп ойладым», – деп жазды жәбірленуші желіде.
Күннің суығында жәбірлеушінің уысынан жалаң аяқ қашып құтылған Аида Нұр-Сұлтандағы ауруханада бір-ақ есін жиған. Ауруханаға полиция қызметкерлері келіп, мән-жайға қанығыпты. Тәртіп сақшыларға бар шындықты айтып берген әйел бұрынғы күйеуінің үстінен арыз жазды.
«Өкінішке қарай, қолданыстағы заң оның толығымен менің қасыма жоламауын қамтамасыз ете алмайды», – деді желі арқылы жұрттан араша сұраған Аида Ермекова.
Ал аталған фактіге қатысты түсініктеме берген елорданың Полиция департаменті жәбірленушінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетініне сендірді.
«2021 жылғы 20 наурызда Есіл аудандық полиция бөлімшесіне 23 жастағы қала тұрғынынан бұрынғы күйеуіне қатысты арыз түсті. 24 жастағы ер адам отбасылық жанжал кезінде оны соққыға жыққаны анықталды. Сот-медициналық сараптаманың нәтижелері бойынша, әйел адамның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Одан бөлек, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ер адамға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Күдікті заң бойынша жауап береді», – деді полициядағылар.
Елімізде Аида секілді азаматынан жәбір көрген келіншектердің қатары өте көп. Бейресми ұйымдардың статистикасы адам шошырлық, жоғарыда келтірілген ресми есептің де оңып тұрғаны шамалы. Ал есеп-қисапқа енбегендер, ел-жұртқа масқара болмайын, баламның болашағына балта шаппайын деп ерінің қорлығына көніп жүрген әйелдер қаншама. Зорлық-зомбылық бар жерде отбасының бүтіндігі, ұрпақтың келешегі жайлы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.
Балалы үй – базар, баласыз үй...
«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасына сәйкес, еліміздегі ажырасулардың зорлық-зомбылықтан кейінгі кең таралған екінші себебі – жұбайлардың бірінің ішімдікке немесе нашақорлыққа салынуы. Ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 39,7 пайызы осы фактор некенің бұзылуына әкеліп соғатынын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 35,9 пайызы отбасының ойрандалуына ерінің немесе әйелінің опасыздығы себеп болады десе, 19,3 пайызы құмар ойынға әуестік көп шаңырақты шаттықтан айырды деп есептейді.
Ал респонденттердің 12,1 пайызы ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауын еліміздегі ажырасулардың негізгі себебі деп біледі екен. Бұл негізсіз пікір емес. Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, академик Вячеслав Локшиннің айтуынша, еліміздегі әрбір оныншы некенің бұзылуына бедеулік себеп болған. Маман Қазақстанда бедеуліктің жиілігі шамамен 15 пайыз екенін айтты.
«Жыл сайын мамандарға 20,5 мыңға жуық жұп жүгінеді, олардың 40-45 пайызы көмекші репродуктивті технология жүргізуді қажет етеді. Бүгінгі таңда 100 ерлі-зайыптының 34-і ажырасқан. Ажырасу жағдайларының 10 пайызының себебі – баланың болмауы», – дейді Вячеслав Локшин.
Репродуктолог бедеулік екі адамға ортақ түйткіл екенін, оны бірлесіп шешу қажеттігін атап өтті.
«Отбасында баланың жоқтығы әйелдерді ғана алаңдатпайды. Экстракорпораль ұрықтандыруға (ЭКҰ) келгендердің 50 пайызы – ер адамдар. Егер ерлі-зайыптылар балалы бола алмаса, олар ЭКҰ-ға жүгінеді. Тексеру кезінде негізгі факторлар белгілі болады. Емдеудің барлық процесі – уақытты, күш-жігерді және жақсылыққа деген сенімді қажет ететін жол. Сондықтан мұнда науқастардың психологиялық жағдайы үлкен рөл атқарады», – деп атап өтті спикер.
Бедеулік пен белсіздік көп отбасының қасіретіне айналғанына, мәселені шешудің жолын мемлекеттік деңгейде іздемесек, ұлттық түйткілге айналуы мүмкін екеніне ел билігінің де көзі жетті. Өткен жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру міндетін жүктеді. Президенттің «ЭКҰ» бағдарламасы бойынша квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы сәби сүюден күдерін үзе бастаған талай отбасының үмітін қайта жақты.
Ақпан айында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталғанын хабарлады. Биыл экстракорпораль ұрықтандыруға 7 мың квота бөлініп отыр. 7 мың отбасын бала сүю бақытына кенелту үшін 6,3 млрд теңге жұмсалмақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде елімізде 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр.
«Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрғандар саны – 1 331. Біздің отбасын жоспарлау бөлімшесі ҚРТ көрсету – ЭКҰ-ға дайындау жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде жетекші ұйым болып саналады. Биыл елордаға 486 квота бөлінді. Әзірге 200 квота беріліп, пациенттер дайындалуда. Осы жылы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бұрын қаралмаған және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар пациенттерді анықтап, белсенді жұмыс жүргізуде» – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Ибраева.
Жастарды жарастыруға соттар да мүдделі
Қазақ отбасыларын ажырасудан аулақ қылу мәселесі мемлекет басындағыларды, психологтар мен репродуктологтарды ғана емес, заң қызметкерлерін де алаңдатады. Екі бөлек кетуге түбегейлі бел буған ерлі-зайыптылардың сотқа жүгінетіні белгілі. Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы Бақыткелді Тұрлыбековтің айтуынша, ажырасатындардың көпшілі-
гі – үйленгендеріне бес жыл толмаған жастар. Сот қызметкерлері әдетте оларды некені бұзуға асықпауға шақырып, байыппен ойлануға уақыт береді екен.
«Бүгінде сотқа неке бұзу туралы арыз жазып келген жұптар ажырасуға тұрмыстық жағдайдың қиындығын, мінездерінің жараспауын, ерінің ішімдік пен нашаға тәуелді болуын, көзге шөп салуын алға тартып жатады. Мұндай жағдайда сот ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуіне, асығыс шешім қабылдамауына, мәселені ақылмен, байыппен шешуіне ықпал етіп, арнайы уақыт беріп жатады. Кейбір жұптар осы берілген уақыт ішінде татуласып, отбасын сақтауға екі жақтан тырысады. Ал кейбір жұптарға қанша уақыт берсең де шешімін өзгерте қоймайды. Ажырасамыз деп табандап отырып алады. Мұндайда судьяның азаматтарды қинап қосуға, некені бұзу туралы шешім шығарудан бас тартуға ешқандай құқығы жоқ. Дегенмен, ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың менмендікті басып, бір-біріне кешіріммен қарауы маңызды. Өйткені, ажырасудың бала психологиясы үшін зардабы өте ауыр. Отбасының бұзылуы толық емес жанұялар санының көбеюіне, әке тәрбиесін көрмей өсетін балалардың көбеюіне, әлеуметтік аз қорғалғандар санының артуына алып келеді», – дейді Бақыткелді Тұрлыбеков.
Судьяның сөзіне сүйенсек, ажырасу тек бір сот процесімен аяқталмайды. Некені бұзу туралы сот кейіннен ортақ мүлікті бөлу, балалардың кіммен қалатынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу, алимент төлеу секілді бірнеше сот отырысына жалғасады. Ал осыншама сот отырысы ересек адамдардың өзін тоздырып, жүйкесіне кері әсер етіп жатады. Сот процесі деп жүргенде отбасының шаруасы жайына қалады, көңілі алаңдаған адам айналасымен сөзге келіп, жанжалдасуы мүмкін. Мұндай кезде жұмыстың өнімділігі тоқтайды. Сот отырысы болады деп үнемі жұмыстан сұранып, ойы басқа жақта жүрген адамды жұмыс берушінің де жақтыра қоюы екіталай. Сонымен бірге соттасып жүрген адамдардың баланы бақылауға, тәрбиесімен айналысуға уақыт таппайтыны белгілі.
«Міне, осындай кері әсері көзге көрініп тұрғандықтан судьялар әрбір отбасыны сақтап қалуға, ерлі-зайыптыларды татуластырып, жарастырып жіберуге күш салады. Бұл істен жастардың жақындары да шет қалмай, ерлі-зайыптылардың арасын ашқанша, достастыруға тырысса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Б.Тұрлыбеков.
Сот демекші, соңғы жылдары Жоғарғы соттың көптеген қанатқақты жобаға бастамашы болып жүргенінен халық хабардар. Соның ішінде еліміздегі отбасы институтын нығайту мақсатында 2018 жылдан бастап қолға алынған «Отбасылық сот» жобасының көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Аталған жоба бүгінде республикамыздың арнайы іріктелген соттарында қолданысқа енгізіліп, жұмысын жүргізуде. Жоба аясында отбасын құруды немесе ажырасуды жоспарлаған қазақстандықтарға тегін психологиялық, медициналық, әлеуметтік, құқықтық қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта ел өңірлерінде отбасылық соттар жанынан отбасын ресурстық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бұл игілікті іске күйзеліс орталықтарының мамандары, психологтар, медиаторлар, әлеуметтік сала мамандары тартылған. Олардың тегін ақыл-кеңес беріп, жастарға жол сілтеуіне барлық жағдай жасалған.
Жоба неке бұзуға шешім қабылдаған жандарды жарастыру, сол арқылы отбасылардың бірлігін сақтау тұрғысында көптеген жұмыс атқарды. Мәселен 2019 жылы 18 503 ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш білдірсе, отбасылық соттың көмегімен соның 3 151-інің некесін сақтап қалуға қол жеткізілді. Яғни шаңырағы шайқалғалы тұрған 3 мыңнан астам отбасының одағы сақталды деген сөз. Неке құру кешірімді, сабырлы болу, өзара түсінісу дегенді білдіреді дейді көнекөз қариялар. Мемлекеттің іргетасы – отбасы десек, оның керегесі кең, босағасы берік болуы өмір бойы қол ұстасып өтуге серттескен екеудің күш-жігерінен бастап мемлекеттік дейгейдегі қамқорлық пен қолдауға дейінгі аралықтағы түрлі факторлардың ықпалына тәуелді.