Соңғы көш Кеңсайдан емес, кең даладан дамыл тапты…

Соңғы көш Кеңсайдан емес, кең даладан дамыл тапты…

Соңғы көш Кеңсайдан емес, кең даладан дамыл тапты…
ашық дереккөзі
Бұдан бұрынғы жылдары өмілдірік құйысқаны күнмен көмкеріліп кісінеп ерте жететін кербесті көктемнің биылғы келісі кештеу болды. Көкек шақырып үлгермей, Арқаның ақ түтек ақпа бораны аяғын аптаға созып жатқанда, солығы басылмай іле-шала жетіп, құс қанаты ән салатын Алматы аспаны да ашық емес-ті. Жауып жырғатпаған жамауы көп жасық бұлттар түспей жатып жесір атанған келіннің шымылдығындай шырайсыз. Ұлы Даланың қарыны мен қабағындағы тоң әлі бұйығы, бұрынғы жылдағыдай бусанып ерімеген. Қыраны қанатымен күн көтерген байрағы бар, айбары бар рухты елдің Президентінен перзентіне дейін, Елбасынан осы елдің ең жасына дейін ертеңіне сенімді еді. Әйткенмен, әйтеуір биыл қос емшегін кесертке еметіндей сиыр жылдың көктемі көп кешікті. Арты қайырлы һәм қайрымды болғай! Кенет, қабарған көктем қаймана қазаққа қаралы хабардың қазанамасын естіртті. Тауда туып, кіндігін  дала кескен, көш бастап, қалада өскен қабырғалы қаламгер Қабдеш аға Жұмаділовтан қапелімде айырылып қалдық… Алматы, сол баяғы Алматы. Талай алыпты алыс сапарға салып, түк болмағандай түксиіп қала беретін әдетіне басқан-ды. Ақын Жақсылық Қазымұрат: Кімдер келіп мекендеп күл төкпеген, Кімдер келіп нөсерлеп жыр төкпеген. Кеңсай жаққа кеткенде талай ақын, Алматының бүйрегі бүлк етпеген, – деп он тоғызында жырлаған сол бауырым айтқандай-ақ еді. Ал Қабекең алыптар алтын бесігі – Кеңсайда жатуға көбеңситіндей, кең далаға дамылдауды өсиет қылыпты. Өсиетіне өнегелі жұрты адалдық танытып, Алатау етегінде ақтық сапарға шығарып салып қала берген… Қазақ қарасөзінің Қабанбайы атанған Қабекеңның жамбасы тиген жер – өзінің туған жері Шәуешектен келе жатқан адамға оңай көрінетін, шығыс бүйірі – Алтай-Тарбағатй, оңжағы – Жетісу, алды киелі Сарыарқаға қараған, төрт төңіректің түйіскен тұсы. Ол осылай қазақтың кең даласын кең құшағына сыйдырып жатса, осы соңғы өсиетінің өзі күллі қазаққа ортақ  екенін айтып кеткендей еді. Көзі тірісінде классик жазушы атанды. Қазақ прозасының «Дарабозы», «Көкжалы» атанды. Әдебиеттің айбыны, қара сөздің айдыны, намыстың найзасы, қажырлықтың қалқаны болды. Өлшеулі өмірінде өз міндетін өлшеусіз атқарып, ұшан-теңіз еңбегін ұлтына, ойлы оқырманына аманаттап армансыз аттанып кете барды. Сексен беске келседе сеніміне селкеу түсірмеген ардагердің қайтуы бір емес үш қаламгер қайтқандай құлазытады. Олай дейтініміз Қабдеш Жұмаділов хандық дәуірді қамтыған эпик жазушы. Одан кейінгі 19-20 ғасыр, қызылдар мен ақтар және көшпелі қазақтың соңғы көшін сомдаған ұлы суреткер. Сондай-ақ, бүгінгі дәуірді қапысыз бейнелеген сөз зергері еді. Міне, осының бәрін ол ар алдында адал атқарып кетті. Ұлы Мұхтар Әуезовтың көзін көріп, көңілі толған шәкіртіне айналды. Алып Әуезіптің алдынан сабаққа емес, батасын да алған өрені еді. Дуалы ауыз Мұхаңның дұғасы қабыл болып Жұмаділдің Қабдеші әдебиет аламанында жұма сайын жүлде алған жүйірікке айналды. Шыңға шығарған қаламын шындыққа суарған, ақ қағазды арым деп, қаламын қаным деп білген ұлтына мінезімен, ұстамдылығымен, қайсарлығымен, табандылығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленді. Қызу ынтамен қызмет қылып, жалтаңдамаған, жаутаңдамаған нық басып, тік сөйлейтін-ді. Қабдеш ағамыз асыл басын арзандатып атаққа, қызылды-жасылды дүниеге бұрмады. Абадан арландай суыт жүрді, сұңқар таңның несібесіне сенді. Ешкімді елендетпеді, әлемге әділдік пен береке тіледі. Ұсақ дүниеге уақытын ұрлатқан жоқ. Керісінше кесек дүниелерге қалам тартты, жазарын бұрынғыдан бастап, бүгінге жеткізіп том-том тарихтың тоғанағын толтырып кетті. Қазақтың Қабдеші көркемдіктің көкжиегін кеңейткен, ұстағанын уысынан алтынға айналдыратын, көркем әдебиеттің көкесі болатын. Айтқан сертінен айнымаған, алған бетінен қайтпаған қазақ прозасының қаһарманы еді. Ол қаламын қолына ары мен ұятқа серт беріп алған жазушы, тұрмыс үшін билікті орданың түтінін искемеді. Ол –Өсер бидің әулетінде текті өсті, Күдірбай зәңгінің немересі едім деп майлы бауырсаққа бас қоймады. Қайта астына арымайтын арманның күдір жал күреңін мініп Алматыға оқуға келді. Екінші рет анасын арқалап соңғы көшті бастап артына жалтақтамай бір жолата жетті. Өмірін оқуын жалғастырды, өзгелер өзегінен тепседе өз еліне сенді. Тегіне, өзіне сенді. Жанымен жанып өзегімен өртенді. Жан дүниесінің сәулесін ашты. Өмірлік сәулесін де тапты. Тәңір оған қандай ғұмырлы шығарма берсе шаңырағына таза жүректі сондай опалы ұрпақ сыйлады. Кезінде жиырмаға жетпестен атажұртқа жетсем деп армандаған ауылыңдағы жүйрігіңді мініп аттандың ба, қайта келмес алысқа?! Әлде қу дүние қуса жеткізбес қубас атқа мініп Дарабоздай зымырап Ерасыл бабаңның қасына асықтыңба? Ендігі сағынышты сәулелі ғұмырыңды қазақ даласы мен халқы Сәуле анамыз бен бірге жоқтармыз. Қайсы күнгі жаназада иғымар дәптеріңіз оң иығыңызға қонарда, қаралы қалың елдің алдында имам былай деді: «дәстүрлі дініміз бойынша «иманы жолдас болсын» деп айтамыз ғой, алайда қадірлі Қабдеш ағамыз ширек ғасырдан артық арысы адамзатқа, берісі берекелі ұлтына еңбек сіңірген, жасаған адал қызыметі ұшан-теңіз адам. Сол мол жемісті еңбегі, халықтан алған ақ бата о дүниеде жолдасыңыз болсын! Азығыңыз болсын!» деп бет сыйпады. Мұны тыңдаған жұрттың тебіренісінде шек болмады. Имам имандай шынын айтты. Алла алдынан жарылқасын! Бұл сөзді имамға айтқызған Қабдеш рухының ұлылығы еді. Классик жазушы Ғабит Мүсірепов «алыптар шоғыры» деп атаған әдебиетіміздің аплатондарының дәстүрін жалғастырған, заманауи қазақ әдебиетінің классикалық дәуірін қалыптастырған кең тынысты эпик қаламгер осылай арамыздан абыройлы да асқақ кетті. Қазақтың Қабанбай қаламгері бақұл болыңыз!

Ақын, Ержанат БАЙҚАБАЙ