СҚО "сары" аймақта: Өңірде карантин күшейтіледі
СҚО "сары" аймақта: Өңірде карантин күшейтіледі
Солтүстік Қазақстан облысы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймаққа» өтті. Осыған орай бүгін өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланады.
СҚО санитаириялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде КВИ жұқтырғандар саны күрт артып отыр. Өткен аптамен салыстырғанда 129-дан 164-ке дейін, яғни 1,3 есе артқан. Жұқтырғандардың 86 %-ы дәрігерлерге ауырып көрінген. Тек өткен тәулікте COVID-19 жұқтырудың 49 жағдайы тіркелді. Соның 22-сі Петропавлда, 10-ы Тайынша ауданында және тағы 7 ауданда анықталды.
«Аймақтарда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес СҚО бүгіннен бастап «сары аймаққа» кірді. Осыған байланысты жаңа қаулы шығады. Облыста 12 сәуірден бастап бірқатар карантиндік шектеулер енгізіледі», - дейді СҚО СЭБД басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Санитар дәрігердің айтуынша, бильярдтардың, балалардың ойын алаңдарының, аттракциондардың, аквапарктің жұмысы тоқтатылады. Ас беруге тыйым салынып, діни нысандардың жұмысы шектеледі.
Спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтеді. Мәдениет нысандары 30 адамнан асырмай жаттыға алады. Мектепке дейінгі мекемелерді 25 баламен кезекші топтар ғана жұмыс істейді.
Жексенбі күндері қоғамдық моншалар мен сауналар жабылып, кинотеатрлар мен театрларда, концерт залдарында көрермен санын 20 %-дан асыруға болмайды.
Штаттық кестеде 15 қызметкерден артық болған жағдайда қызметкерлердің 50 %-ы қашықтан жұмыс істеуге көшіріледі.