Жаңалықтар

Америкалық отбасы Моңғолияда қазақ тілін үйретіп жүр

ашық дереккөзі

Америкалық отбасы Моңғолияда қазақ тілін үйретіп жүр

АҚШ азаматы Крейг Портелл отбасы­мен 1998 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барып, ондағы жергілікті қазақтарға ағылшын тілінен сабақ бере бастайды. Кейін Портелл отбасы осы аймаққа көшіп келіп, 8 жыл ішінде NovaLingua білім орталығын ашып, Баян-Өлгей табиғатын қызықтау үшін келген шетел туристеріне қазақ тілін үйретумен айна­лысқан. Қазіргі уақытта Ұланбатыр қала­сында оқытушы болып еңбек ететін ерлі-зайыпты Крейг пен Сара келешекте Қа­зақстанға қоныс аударғысы келеді. Қазақстаннан басқа елде қазақ тілін үйретіп жүрген Крейг мыр­заны әңгімеге тарттық.

– Баян-Өлгей аймағына қалай ба­рып жүрсіз, әңгімені осыдан бас­тасақ... – Мен Американың Иллинойс шта­ты, Вуд Ривер деген жерінің тумасымын. 1996 жылы АҚШ-тың Welch колледжінде мәдениеттану мамандығы бойынша (ба­калавр) тәмамдағаннан кейін Тайландта жұ­мыс істедім. Сол жерде жүріп жұ­байым Сарамен таныстым. Сара ол кезде Тибетте жұмыс істеп әрі білім алатын. Бізді көбі канадалық отбасы деп жатады. Олай емес, мен америкалық, ал Сара Канаданың тумасы. Қызық болғанда біз Тайландта танысып, Тибетте үйлендік. Бі­рақ екі қызым Канадада өмірге келді. Сөй­тіп Тибетте екі-үш жылдай жүрген соң, таныс та бейтаныс Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан бір-ақ шықтық. – Тибет әлемдегі туристер көп ба­ра­тын жер ғой. Одан неге кетіп қал­­­­дыңыздар? – Онда өмір сүру қиындау болды. Орта бөлек. Әсіресе, Қытай елі виза бер­мей, құжат мәселесімен көп жүріп қал­дық. Оның үстіне тексеріс көбейіп, жұ­мы­­сымызға кедергі келтіре берген соң ақы­ры кетуге мәжбүр болдық. – Ал қазақ тілін қалай үйрен­діңіз? – 1998 жылғы күзде Баян-Өлгейге кел­дік. Әйтеуір Моңғолияға бара жатыр­мыз деген соң, аздап моңғолша жаттап алдық. Сөйтіп Баян-Өлгейге барғаннан кейін әлгі аз-маз моңғолшамызбен бір­де­ңе сұрасақ «біз мұңғұл емес, қазақпыз» дей­ді. Сол кезде түсіндік Баян-Өлгей ай­­мағында қазақтар тұратынын. Со­ны­мен не керек, жұмыс істеп ақша табу үшін тіл үйрену қажет болды. Қазіргідей ин­тернет аударма жоқ, тіпті сөздік те болмады. Содан күн сайын таңертең Өлгейдің «Тірлік» деген базарына барып, кемі екі-үш сағат адамдар арасындағы ком­муникативтік сөз қолданысын тап­жылмай тыңдаймын. Сөйтіп 5 жылда қа­зақ тілін үйреніп алдым. – Онда адамдар көбінесе ет және сүт өнімдерін тұтынатыны белгілі. Мә­селен, алғашқы кезде тамақтану қиын болған жоқ па? – Ол енді ұзақ әңгіме. Біз сол алғаш бар­ған жылдары Баян-Өлгейде қазіргідей кафе, асхана, қонақ үй өте аз, яғни сер­вис мүлде жоқ кез. Содан туризм сала­сын­да жұмыс істейтін Болатбек деген жігіт­тің үйіне бардық. Кеш кіріп қалған кез болатын. Бөрене ағаштан салынған үй екен. Қазақтардың салты бойынша шәй­нек-шәйнек шай ішілді. Содан ойладым «бұ­лар жатарда тамақ ішпей, жай шай ішіп қана ұйықтайды екен ғой» деп. Олай емес екен, сағат жергілікті уақыт­пен 10-нан асқанда үлкен ыдысқа са­лын­­ған тағамды ортаға қойды. Үстінде қой­дың басы, көзі сығырайып маған қа­рап тұр. Бұрын-соңды көрмеген нәр­сем. Көзім шарасынан шығардай болды. «Уау» дедім Сараға қарап. Содан не керек, ақсақал қол жайып, бата жасады да әлгі қойдың құлағын кесіп маған ұстатты. Не іс­терімді білмей қалдым. Қарасам бәрі­нің көзі менде екен. Адамдардың жүзіне қарасам, құрметтеп беріп отырғаны кө­рініп тұр. «Енді не істеймін?» деп ой­ла­дым. Тастай салайын десем ұят. Тістеп көрейін десем, бұрын жеп көрмеген нәр­се болған соң жей алмай ақыры қал­тама салып алдым (күлді).

[caption id="attachment_143449" align="alignnone" width="960"] Қазақтар арасында Күрекбай атанған "құсбегі"...[/caption]

– Иә. Тибеттен келген себебіміз де сол ғой. Өмір сүру арзан әрі салыстыр­ма­лы түрде еркіндік бар. Бірақ жұмыс ор­ны аз, сондықтан жұмыссыз адам қа­ра­сы көп екен. Бір қызық оқиға болды, бірде ту­рис­терді ертіп Алтай-Бесбоғда тауына сая­хат­тауға жолға шықтық. Жолда маши­намыз бұзылып, далада қалдық. Иен түзде қайбір машина жөндейтін жер бол­сын. Содан түн ортасында 3-4 үйлі бір ауылға кез болдық. «Есік қағып көр­сек не болады, қабылдамай қоя ма?» деп ойладық. Керісінше «құдайы қонақ кел­ді» деп асты-үстімізге түсіп күтіп жатыр. Біз таңғалдық. Түн ішінде Америкада бейтаныс біреудің есігін қағып көр, по­лиция шақырып, ұстатып жіберер. Осын­дай қазақтардың қонақжайлығы ұнады.

Жергілікті қазақтар үлкен қызым Элиа­наны – Әлия, кіші қызым – Элизаны – Ези деп еркелетеді. Осы жақтан жақсы дос­тар тапты. Олар Канадада туғаны бол­маса, Баян-Өлгейде өсті. Әзірге кері қайту ойымызда жоқ. Өйт­кені мен Америкада оқу бітіргеннен кейін машина жөндеуші болып жұмыс іс­тедім. Ал Сара Канаданың Калгари қа­ла­сында Су қауіпсіздік инструкторы жә­не құтқарушы болып жұмыс істеді. Ен­ді ол жаққа барсақ, бізді ондай жұ­мыс­қа кім алады? Тіпті бізге жұмыс табылуы да қиын шығар. Оның үстінде АҚШ, Канада елдерінде өмір сүру қымбат. Ал қазіргі тіл орталығынан тапқан табы­сы­мыз өмір сүруімізге жетеді. – Қазір Ұланбатыр қаласында не­мен айналысасыз? – 2019 жылдан бастап қазірге дейін Ұлан­батыр қаласындағы Gegee білім ор­талығында мұғалім және халықаралық Ағылшын тілі институтының Моңғо­лия­дағы филиалының директоры болып қызмет етемін.

[caption id="attachment_143451" align="alignnone" width="960"] Қазақстанның Моңғо­лия­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Жалғас Әділбаев мырзамен бірге. Нау­рыз мейрамы[/caption]

– Өткенде Қазақстанның Моңғо­лия­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Жалғас Әділбаев мырзаның ша­қыруымен елішілікте өткен Нау­рыз мейрамына қатысып, Қазақ­стан­ға келгіңіз келетінін айтыпсыз... – Иә. 2002-2003 жылдары Астана, Пав­лодар, Семей қалаларында болдық. Біз­ге Қазақстан қатты ұнады. Келешекте Қа­зақстанға барып, Алматыда тұруды ой­лап жүрміз. Осыған дейін жинаған бі­лім тәжірибемізбен Қазақстандағы уни­верситеттерде сабақ берсек деген ойы­мыз бар.

Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР