Жаңалықтар

Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында энциклопедия тұсаукесері өтті

ашық дереккөзі

Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында энциклопедия тұсаукесері өтті

8 сәуір күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Өнер мен мәдениеттегі Қазақстан этностарының өкілдері: есімнамалар энциклопедиясы» басылымының тұсаукесері болып өтті. Руханият қоржынымыз тағы бір асыл қазынамен толықты.

Аталмыш танымдық жаңа кітап оқырман қауым үшін таптырмас дерек көзі болып, ертеңгі асыл мұраға айналмақ.

Энциклопедияны Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің «Көпэтносты қазақстандық қоғамды топтастыру жалпыұлттық идеяның негізі ретінде» атты ғылыми бағытының бастамашыл жобасы және «Мәдениет пен өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, Қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен танымал ету» бағдарламасы негізінде дайындады.

Жиын Т.Қ.Жүргенов ат.ҚазҰӨА ректоры Ақан Абдуалиевтің алғы сөзімен басталды. «Тұлғалар энциклопедиясы оқырмандарды түрлі этностардың өкілдерімен, олардың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесімен таныстырады. Бұл – ел мен елдің арасындағы бірлікті бекемдей түсер қадам екені кәміл» дей келе, еңбектің жарық көруіне күш салған, атсалысқан баршасына алғыс білдірді. «Материалдарды жинап, баспаға дайындаған ҚХА ҒСК мүшесі, Т.Қ.Жүргенов ат.ҚазҰӨА проректоры, с.ғ.д. Ш.Әмірбеков және ҚХА ҒСК мүшесі, т.ғ.д., профессор М.Шаймерденова. Аталмыш энциклопедия ҚХА және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қолдауымен жарық көріп, академияның Ғылыми кеңесімен ұсынылған. Осынау игілікті бастамаға үлесін қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», - деді А.Абдуалиев.

Сондай-ақ, бастамаға қолдау білдірген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев та лебізін жеткізді. Бұл басылым әлі де жалғасын табуы керек. Өйткені қазақ мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосқан өзге ұлт өкілдерінің өнегелі еңбектерінің шежіресі бір томдық кітапқа толық сыймайды. Демек, жақсы үрдіс жалғасын табады деп сенемін», - деді Ж.Түймебаев.

Келер күннің жәдігерін жасақтауға өз үлесін қосқан Т.Қ. Жүргенов ат.ҚазҰӨА Оқу, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., ҚХА ҒСК мүшесі Шәріпбек Әмірбеков тұсаукесер рәсімін жүргізді.

Жиынның ең маңызды тұсы – кітаптыңтаныстырылымын Т.Қ. Жүргенов ат.ҚазҰӨА профессоры, т.ғ.к., ХАА академигі, ҚХА мүшесі, ҚХА ҒСК мүшесі Меңдіғаным Шаймерденова жасады. Қорытынды кезекте, қатысушы қонақтарға сөз беріліп, пікір алмасу болды. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әл-Фараби ат.ҚазҰУ мен Т.Қ. Жүргенов ат.ҚазҰӨА профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, магистранттар, докторанттар, ҚХА мүшелері, ҚХА Алматыдағы ҒСК мүшелері, ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері, «ҚХА «Шаңырақ» кафедралар қауымдастығы» РҚБ төрағасы мен өкілдері, республикалық ЭМБ жетекшілері, белсенділері, жастар, Республикалық Достық Үйінің өкілдері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция атсалысты. Сондай-ақ, Алыс және Жақын шетелдерден: Австрия, Ресей, Ресей Федерациясы Республикаларының құрметті қонақтары – Еуразия халықтары Ассамблеясының мүшелері, Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, ғалымдары қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды.

Қатысушылар энциклопедия бойынша әлі де келелі жұмыстардың жасалатындығын алға тартып, болашақта басылым қосымшаларының шығатындығына сенім білдіріп, авторларға үлкен үміт артты.