Оппозиция сайты арандатушы пікірді неге жалаулатып тұр?

Оппозиция сайты арандатушы пікірді неге жалаулатып тұр?

Оппозиция сайты арандатушы пікірді неге жалаулатып тұр?
ашық дереккөзі
Қазіргі кезде электрон ақпарат құралдарын тіркетіп алып, «демократия» деген желеумен ел арасына іріткі салушылар көбейіп кеткен сияқты. Әсіресе шетелде тіркелген сайттарда екіұшты пікірлерді қалай болса солай қолданып не біреудің сөзін алға ұстап, оны өз мақсаттарына шебер қолданатындар көп. Кезінде Өзбекстанның бірінші президентінің қысымымен шетке кеткен оппозицияның бірнеше сайттары бар. Солардың бірі «Ўзбекистон халқ ҳаракати» тіркелмеген саяси партиясының uzxalqharakati.com сайты. Негізінен өзбек елінің саяси басшылығын сынап отыратын бұл сайтта осы жылдың 20 наурызында жарияланған бір мақаланың әлі күнге сайттың басты бетінде қозғалмастан тұруы түрлі ой тудырады. «Каримовнинг мудҳиш хатоси» («Каримовтың қорқынышты қателігі») атты бұл мақалада (авторы Samandar Muratov деп көрсетілген) Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан республикасына қатысты екіұшты пікір айтылған. Онда мақала авторы былай дейді: «Конституцияның 70-бабындағы: «Тәуелсіз Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасының тәуелсіздігін Өзбекстан Республикасы қорғайды» деген сөздер дереу түзетіліп, «тәуелсіз» деген термин дереу алынып тасталуы керек. Бұл мемлекеттілік пен заңдық негіздерден бейхабар ұлттың басшысы И.Каримовтың алысты болжай білмегенінен кеткен қасіретті қателік. Диктатордың теледидарға шығып, «Біз Қарақалпақстанға тәуелсіздік береміз» дегені күні кешегідей есімде. Еркін Халилов пен Акмал Саидов сияқты өз кәсібіне опасыздық жасаған заңгерлер парламентте дыбысын шығармады. «Неге олай дейсіз? Тәуелсіз мемлекеттің қүрамында тәуелсіз мемелекет болмайды. Тәуелсіз мемлекет дегеніміз ол ішкі және сыртқы саясатта толық тәуелсіз шешімдер қабылдауды білдіреді» деген ешкім болмады. Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстанның құрамында болғанша, оның екі ғана жолы бар: Не оны бұрынғы автономиялық республика мәртебесіне ие болуы керек, не облыс  дәрежесінде болуы керек. Әйтпесе, біз Конституцияда «тәуелсіз» мәртебесі бар елді басып алған басқыншы мемлекет боламыз. Каримовтың қыңырлығына және құқықтық сауатсыздығына байланысты жіберілген қателік түзетілуі керек». Бұл нені білдіреді? Бір елдің ішкі тұтастығына қарсы пікір ме, әлде Қарақалпақ елінің статусын төмендетуді ойлаған адамның сөзі ме? Қалай болғанда да осындай екіұшты, астарлы жазбаны аталған сайттың көрнекті материал етіп іліп қойғаны күдік тудырады.