Самарқанд облысында жайылымсыз қалған шопандар қалаға қойларын айдап кірді

Самарқанд облысында жайылымсыз қалған шопандар қалаға қойларын айдап кірді

Самарқанд облысында жайылымсыз қалған шопандар қалаға қойларын айдап кірді
ашық дереккөзі
Қайсы елде болса да, соңғы жылдарда тіршілігін малмен байланыстырған халыққа кедергі көбеюде. Себебі елді мекендердің маңайындағы жерлердің бәрін иелеп алғандар қарапайым халыққа мал жаятын жер қалдырмай, олар ашынғаннан түрлі әрекетке барып жатыр. Міне осындай жағдайдан шаршаған Өзбекстанның Самарқанд облысы Нұрабат ауданында тұратын малшы қауым амалының жоғынан жайлаусыз қалған қойларын аудан орталығына айдап кірді. Бұл жайында Азаттықтық радиосының өзбек қызметі − ozodlik.org сайты хабарлады. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада әкімдік ғимараты маңында жүздеген қойларды айдап бара жатқан бірнеше адам көрінеді. Оқиға осы жылдың 6 сәуірінде, жергілікті уақытпен кешкі сағат 16-да болған. Қойларды айдап келгендердің бірі, Нұрабат ауданының Қылышты (Қиличли) ауылының тұрғыны жерлердің бәрі кластерге беріліп кетуінің себебінен шаруаларға мал жаятын жер қалмай, аудан басшылығына наразылықтарын осылай көрсетуге мәжбүр болғанын айтқан. «Осы кезге дейін малды жайлауда бағып келдік. Тіршілігіміз мал өсіруге байланысты. Мына кластер деген шыққалы қойларды жайылымға кіргізбей қойды. Қайда барсақ та кластер иелері менің жерім дейді. Амалымыз қалмағандықтан  әкімдіктен малға жайылымдық жерді осылай сұрауға мәжбүр болдық», − дейді ол. Өзбекстанда ауылшаруашылығын кластерлік әдіспен дамытуға көшкелі осындай дау-дамайлар әр жерде шаң беріп жатқан көрінеді. Өйткені кластерлікпен шұғылданатындардың ашкөздігі жұртқа қиындық тудырған. Мәселен, «SP LUXE» кластерлік мекемесі «Соҳибкор Ҳожиакбар» фермер қожалығымен өзара келісім шарт жасап, оған 834 гектар жайлауды 49 жылға жалға берген. Ал онда фермер қожалығы 1,5 мың қой бағуы тиіс жерде 4 мыңнан аса мал бағып жатқаны Қылышты ауылының адамдарын наразы қылған. Халықтың айтуынша, тек малмен күнелтіп отырған ауыл тұрғындарының әрбірінде 20-30 қой, 3-4 сиыр бар. Олар да малдарын жайылымға шығарғысы келеді, бірақ мал бағатын жердің бәрін иелеп алған кластерлік мекеме басшылары ол жерлерге малын баққысы келгендерге ақша төле не қойыңның жүнін бересің деп шарт қоятын көрінеді. Бұл жағдай өзбек блогерлерін де бей жай қалдырмады. Олардың бірі Twitter желісіндегі парақшасына «Мына жағдайдан кейін қойлар көпшіліктің алдына шықпай қайтсін» десе, тағы бірі «Халқы митингке шыққаны үшін жазаланатын елде қойлар шығады» деп жазыпты.