Жаңалықтар

Ертісбаев революцияға жол бермеу үшін биліктің не істеуі керек екенін айтты

ашық дереккөзі

Ертісбаев революцияға жол бермеу үшін биліктің не істеуі керек екенін айтты

Бұл жолғы шығарылым талай халықты сорға қалдырған, экономикаларды жұтатқан түрлі-түсті төңкерістерге арналды.

Бұл туралы саясат ғылымдарының докторы Ермұхамет Ертісбаев Yertysbayev Live YouTube-арнасындағы сұхбатында мәлім етті. Бұл жолғы шығарылым талай халықты сорға қалдырған, экономикаларды жұтатқан түрлі-түсті төңкерістерге арналды. Саясаткердің байламынша, әлемдегі алуан-түрлі революциялардың басты теоретигі әрі идеологы Джин Шарп (Gene Sharp) саналады. «Сонау 1964 жылы Оксфордта ол авторитарлық режимдерді тағынан тайдырудың күш қолданылмайтын әдістеріне арналған диссертация қорғады. Оның 1993 жылы жарыққа шыққан басты кітабы да «Диктатурадан демократияға қарай» деп аталады. Бұл туынды әрекет етуші және болашақ барлық революционердің нұсқаулығына, әдістемесіне айналды. Себебі, Джин Шарп билікті зорлық-зомбылықсыз құлатудың 198 әдісін көрсетті», – деді Е.Ертісбаев. Мәселен, Нью-Йорк Таймс Д.Шарпты «араб көктемі» революциясының ұстазы әрі идеологы» деп атады. Осының алдында аталған туынды араб тіліне аударылған және араб әлемінде танымалдылыққа ие болды. Түрлі-түсті революциялар Украинада, Қырғызстанда, Грузияда және басқа да мемлекеттерде жүрді. Бірақ бұған сонымен бірге осы елдердегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, жаппай жемқорлықтың жайлауы және кедейшілік те түрткі болды. Яғни, ішкі проблемалар шешілмесе, олар билік төңкерісіне серпін береді. Айтқандай, саясаткер неге одақтасымыз Беларусь президентінің басы бәлеге қалғанын ескертті. «Беларусь басшысы Александр Лукашенко «беларустық оппозиция Шарптың кітабын басшылыққа алып, әрекет етті» дейді. Беларустарға айтқанмын: егер олар 2019 жылы билік транзитінің қазақстандық моделін таңдағанда, яғни Лукашенко Бүкілбеларустық халық өкілдері жиналысын құрып, президент орнын өзгеге тапсырғанда, қазіргідей үлкен наразылық шерулері болмайтын еді», – деді Е.Ертісбаев. Саясаткер осы тұста бір нәрсеге назар аударды: Шарптың тәсілі «жұмсақ күш» құралдарын пайдаланып, билікті күш қолданусыз, зорлықсыз тартып алуды қарастырғанымен, шынында оның арты бәрібір қантөгіске соқтыратыны аңғарылады. «Мен бұл кітапты аса мұқият, шұқшия оқып шықтым. Онда көтерілісшілерді қаруға қол жеткізуге шақыратын тұстары бар. Мысалы, 148-ші әдісінде армияда бүлік шығаруды ұсынады. «Авторитарлық режим» күйреуі үшін әскердегі бүлікті қалай ұйымдастыруға болатынын үйретеді. Сондықтан протестік электорат арасында өте танымал Джин Шарптың кітабы биліктегілердің үрейі мен қатал қарсылығын туғызады», – деді Ермұхамет Қабиденұлы. Ол революцияға жол бермеу үшін биліктің не істеуі керегін айтып берді. «Егер билік халықтың жаппай наразылығына соқтырар ірі проблемаларды мүлдем елемесе, заман мен қоғамның өзгеруіне тез бейімделетіндей икемді болмаса, тіпті оқиғаның теріс өрбуі сценарийлерін, ірі түйткілдерді алдын ала болжап білердей көрегендік таныта алмаса революция кез келген мемлекетте болады. Бірақ Қазақстанда билік осы бағытта, ықтимал революцияларды болдырмау мақсатында жеткілікті түрде белсенді қимылдауда», – деді Е.Ертісбаев. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстанның да түрлі-түсті төңкеріске мейлінше тақап келген кезі болғанын жеткізді. «Мен ашығын айтайын. Құдай бетін аулақ қылсын, егер Қазақстанда революция болса, ол жаман аяқталады: елді жаппай былық жайлайды, мемлекеттің территориясы жік-жікке бөлініп кетуі мүмкін. Сондықтан мен төңкеріс атаулыға үзілді-кесілді қарсымын! Әйтсе де, Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та билік тізгінін нық ұстап отыр. Оппозиция лидері Қосанов оның президенттік сайлаудағы сөзсіз жеңісін мойындады, сол себепті жақтаушыларын көшеге алып шыққан жоқ. Екіншіден, АҚШ президенті, батыс лидерлері де лезде Тоқаевты легитимді Мемлекет басшысы ретінде ресми таныды. Яғни, ішкі және сыртқы факторлар игі ықпал етіп, ықтимал саяси дағдарыс ұшқыны тұтана алмай қалды», – деп түйді Ермұхамет Ертісбаев. https://youtu.be/QWr5zS-ebaw