Елбасы кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясы арасында меморандумға қол қойылды

Елбасы кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясы арасында меморандумға қол қойылды

Елбасы кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясы арасында меморандумға қол қойылды
ашық дереккөзі
Елбасы кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруды, тәжірибе алмасуды көздейтін меморандумға қол қойды. –  Түркі академиясы жыл сайын ғылым, мәдениет, білім және халықаралық ынтымақтастық саласындағы жобаларын жүзеге асырып келеді. Солардың қатарында түркі әлемінің ақсақалы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі халықтарының қарым-қатынасын дамытуға және бірлігін нығайтуға қосқан үлесіне арналған шаралар легі де аз емес. Өз кезегінде Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тарихи мұрасын сақтау, зерделеу және көпшілікке тарату үшін бар күшін салады. Жақында ғана тарихи оқиға орын алды. Үстіміздегі жылдың 31 наурызында өткен Түркі тілдес елдер ынтымақтастығы кеңесі саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды. Бұл бірінші кезекте Н.Назарбаевтың бақ-беделімен тікелей байланысты деп айтуға толық негіз бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Түркі өркениетін аса маңызды экономикалық және мәдени кеңістіктің біріне айналдыру үшін оны одан әрі жаңғыртуға шақырды. Осының бәрі Елбасы кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясының бірлескен жұмысына жаңа мүмкіндіктер ашады, – деп атап өтті Бақытжан Темірболат. – Біздің ұйымның негізін қалаушы, қамқоршысы Елбасы Н.Назарбаев екені баршаға белгілі. Қазіргі таңда Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Елбасының идеяларын жүзеге асыру, мирасын зерттеу біз үшін басты міндет боп саналады. Осы жолда, әлбетте, біздің басты серіктесіміз Елбасы кітапханасы екені сөзсіз,  – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі. Құжатқа қол қою рәсімінен кейін Д.Қыдырәлі Елбасы кітапханасына Халықаралық Түркі академиясының атынан 70 кітапты сыйға тартты. Олардың ішінде «Түркі интеграциясының архитекторы», «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы даланың өрлеуі» (К.Зорлу), «Ұлы дала тарихы» (Д. Қыдырәлі), «Ұлы дала әдебиеті» (М. Жолдасбеков), «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі», «Язык «жами'ат-таўарих» жалаири» (Р.Сыздықова), «Жібек жолындағы өркениет диалогы» (Қ.Хафизова),  «Абайды оқы, таңырқа...» (М.Мырзахметұлы), «Йүсүп Ұлық Хас-хажиб Баласағұн. Құт әкелетін білім Құтадғу Білік», Алтай Республикасындағы көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы (Қ.Қоңқабаев, Н.Үсеев, Қ. Шабданалиев), «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» (А.Тоқтабай), «Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі» (С. Аққұлұлы) және тағы басқалары бар. Өз кезегінде, Б.Темірболат академия президентіне Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Летопись лидерства» еңбегін және орыс және түрік тілінде жарияланған «Н.Назарбаев және Ұлы Дала мұрасы» кітабын тарту етті.