8 сәуір: ел есінде қалған елеулі оқиғалар

8 сәуір: ел есінде қалған елеулі оқиғалар

8 сәуір: ел есінде қалған елеулі оқиғалар
ашық дереккөзі
8 cәуір егемен ел тарихында қандай оқиғалармен есте қалды? 1992 жылы Еуропалық Одақ комиссиясы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында Қаржыландыру туралы меморандумға қол қойылды. 1999 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының орталығы Астана қаласынан Көкшетауға көшірілді. 2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Тәуелсіз Қазақстанның шақалары» атты фото көрмесі өтті. Көрмеге қойылған жәдігерлердің қатарында «Қызыл кітап», «Номадтар алтыны», «Тарихи-сәулет ескерткіштері», «Қазақстанның қызыл кітабы», «Спорт», «Көне Түркістан» сериялары бойынша шыққан шақалардың суреттері бар. 2008 жылы Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде «Ресейдегі қазақтар» кітабының таныстырылымы өтті. Хронологиялық қағида бойынша құрастырылған екі томдық жинаққа 600-ден астам өмірбаяндық анықтамалар енгізіліп отыр. Мұрағат материалдарына, анықтамалық-энциклопедиялық әдебиетке, жеке сауалдарға негізделген бұл кітапта әр жылдары Ресейде тұрған, сондай-ақ қазір де сонда тіршілік кешіп жатқан ұлты қазақ айрықша тұлғалар таныстырылады. Кітап нақты бір адамның тағдыры арқылы жаңа дәуірде Қазақстан мен Ресей аумақтарында орын алған тарихи және көші-қон үдерістерін қадағалауға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған үдерістердің барысында Ресейде қомақты қазақ диаспорасы қалыптасып, бүгінде онда 1 миллионнан астам қазақ тұрып жатыр. 2010 жылы Тель-Авивте отандық мәдениет тарихында алғаш рет бағдарламасы толықтай қазақ композиторларының туындыларынан құралған Израиль симфониялық оркестрінің концерті өтті. 2010 жылы Алматыда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатар жарық көрген «Абайдың қара сөздері» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Абай еңбегін орыс тіліне аударған Клара Серікбаева. Ал ағылшын тіліне түркітанушы Ричард Маккейн аударды. Кітапты шығарудағы басты мақсат - қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармаларын әлемге таныстыру. Аталмыш кітапты «Халықаралық Абай клубы» қоғамдық бірлестігі 4000 данамен шығарды. 2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанаты өтті. Онда Елбасы Қазақстан халқына ант беріп, оған ҚР Президентінің куәлігі табысталды. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян және Аягөз қалалары аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. 2016 жылы Қазақстанның Ұлттық музейінде «Мәскеу теңге сарайының күміс маркаларындағы Мекке» атты бірегей көрме ашылды. Түпнұсқа әлемнің 24 ислам елі шығарған пошта маркалары болды: Ауғанстан, Алжир, Иран, Ирак, Иордания, Кувейт, Ливия, Малайзия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Сирия және басқалары. Қасиетті Меккеге арналған 40 маркадан тұратын коллекцияның үлгілері эксклюзивті технология бойынша 999 сынамалы күмістен жасалған. 2017 жылы қазақстандық дзюдошылар Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) пен Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) Анталияда өткен халықаралық Grand Prix турнирінде екі алтын медальға қол жеткізді. Жарысқа 34 мемлекеттен 252 спортшы қатысқан болатын. 2019 жылы Целиноград ауданының Ақмол ауылындағы «Рухани жаңғыру» мәдениет және демалыс саябағында «Ұлы даланың ұлы есімдері» Даңқ аллеясының салтанатты ашылуы болып өтті. Аллеяда Күлтегін, Қожа Ахмет Ясауи, танымал мемлекеттік қайраткрлер Тәукен хан, Абылай хан, сұлтан Бейбарыс, Кенесары Қасымов, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, атақты ғалымдар Әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, жазушы, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жамбыл Жабаевтың портреттері орнатылған.