Ақтауда бетпердесі жоқ жолаушыларды кондукторлар автобустарға кіргізбейді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды жергілікті lada.kz басылымы.
Облыстың бас санитар дәрігерінің 6 наурыздағы қаулысына орай, өңірде санитарлық-дезинфекциялық шаралар мен маска тағу режимін қатаң сақтау күшейтілген.
«Құжатқа сәйкес, автобустардағы жолаушылардың орналасуы орындар санынан аспауы керек. Сондай-ақ, бұдан былай маска режимі сақталмаса, кондукторлар жолаушыны автобусқа кіргізбеуге құқылы», – делінген ақпаратта.
Ал қалалық әкімдік тарапынан 8 сәуірден бастап арнайы рейдтер жүргізіліп, «бетпердесіз» жолаушыларды анықтау жоспарланған.
«Коронавирустық індет қайта қарқын алуда: көрші үш облыс «қызыл» аймаққа кірді. Осыған байланысты азаматтардан санитарлық талаптарды сақтап, қоғамдық көліктерде маска тағып жүруді сұраймыз», – делінген әкімдік хабарламасында.